4 Қаңтар 08:37

Ермұрат БАПИ, депутат: НАЗАРБАЕВ Ирандағы АЯТОЛЛА секілді билік жүргізбек болды

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында 2019-2022 жылдар аралығында елімізде орнаған қосарланған билік және оның салдары туралы ашық пікір білдірді. Мұның Қаңтар оқиғасына түрткі болғанын да жасырмай айтты.

Мәжіліс депутаты Ермұрат БАПИ осы мәселе төңірегінде NEGE-нің сұрақтарына жауап берді.   

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында елімізде орнаған қос билік туралы ашық сөз етті. Бұл кезеңге қандай баға берер едіңіз?

– Рас, Қаңтар оқиғасына дейін солай болды. Оны өзіміз де көрдік. Назарбаевтың мемлекеттік билікке Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде араласқаны анық. Әрине, Тоқаев байыпты, салауатты саясаткер, мәдениетті азамат болғандықтан жұмсартып қана жеткізді.

Фото: Ақорда

Меніңше, бұл – айғайлап, жар салып айтатын тақырып. Біз «Ескі Қазақстаннан» түбегейлі құтылмайынша, ешқашан «Жаңа Қазақстан» болмайды. Біз осыны түсінгеніміз абзал. Қазір «Жаңа Қазақстанның» билігімен алысып жатқандар бар. Иә, сын, ой-пікір айтылуы керек. Бірақ Тоқаевтың билігіне даңғойлықпен атылып жатқан әрбір тас «Ескі Қазақстанның» мүддесіне қызмет етіп жатыр. Біз осыны жадымызда мықтап  ұстауымыз керек. Тоқаевтың ұстамды сөздеріне өз басым осылай радикалды түрде комментарий бергім келеді.

– Қос биліктің орнауына қандай жағдай түрткі болды? Негізгі себептері неде?

– 2019 жылдың 19 наурызында Назарбаев биліктен өз еркімен кеткен жоқ. Оған сыртқы мәселелер қатты әсер етті. Ол саналы түрде, азаматтық парызымен, пайымымен кетпеді. «Отыз жыл ел басқардым. Орнымды берейін, жаңа азаматтар келсін», – деген ойы болмады. Оның нақты себебін айта алмаймын. Бірақ бұл мәселе жуық арада су бетіне қалқып шығады деп ойлаймын. Бірер жылдың ішінде немесе осы 2024 жылы-ақ жария болуы бек мүмкін.

Еріксіз кеткеннен соң, өзінің билігін аңсап, қайта иемденуге әрекет жасап жатты. Тоқаевқа президент билігін бергенмен, күштік құрылымдарды уысында ұстап қалды. «Биліктен кеттім» деп жариялағанымен, ішкі дүниесі, сана-сезімі бұған жол бергісі келмеді. Назарбаев Ирандағы Аятолла секілді билік жүргізіп отырмақшы болды.

Ол біртіндеп өзінің үстемдігін жүргізе беретін болса, президент билігі екінші деңгейге түсіп қалатын еді. Мұндай да қауіп-қатер болды. Билікке құштарлығының салдарынан Қаңтар оқиғасы туындады. Сұхбатында Тоқаев бұған қос биліктің әсері болғанын ашық айтты.

Аятолла Хомейни. Фото: ғаламтордан

Мұны тереңдетіп айтатын болсақ, өз еркімен биліктен кетпеген соң, елде дүрбелең тудырып, қайта билікті алып, өзін кетіргісі келген сыртқы күштерге: «Міне, көрдіңдер ме? Мені халық қалап отыр», – дәлел келтірмек болды. Немесе өзінің адамын президент етіп қоймақшы болды. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекетке, халыққа деген арам пиғылдың айқын көрінісі. Елдің мүддесін ойлаған басшының әрекеті емес, қайтсе де, жеке-дара билігін ұстап қалуға, билеп-төстеуге, ұрлап-тонауға, жемқорлыққа жол ашуға жасалған әрекет. Өз басым Тоқаевтың сұхбатын жақсы қабылдадым. Азамат ретінде оған алып-қосарым осы.

– Қаңтар оқиғасына түрткі болған қос билік екенін Президенттің өзі де тайға таңба басқандай айтып өтті. Қаңтар оқиғасы бізге қандай сабақ болды?

Президент осы Қаңтар оқиғасына қатысты бес сауалға жауап берді. Қоғамға, билік өкілдеріне өзінің пайымын жеткізді. Бұған азаматтық парызы мәжбүрлеп отыр. Қалай десек те, Қаңтар оқиғасындағы қырғынға, адамдардың өліміне биліктің де қатысы бар. Елден қашқан министрлер, қамауға алынған ҰҚК басшысы Кәрім МӘСІМОВ, бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, Бауыржан БАЙБЕК секілді лауазымды шенеуніктердің бәрі де Назарбаевтың шекпенінен шыққан. Тоқаевтың өзі де қызмет істеді. Сондықтан биліктің жауапкершілігін мойнына алып отыр. Қаңтар оқиғасын «Ескі Қазақстанның» қосарланған билік өкілдері дайындағанымен, бәрібір мемлекет басшысы ретінде жауап беруді азаматтық парызы деп санады.

Ал Қаңтарды жасаған – Назарбаев пен оның маңайындағы тобыры.

Қаңтар оқиғасына мемлекеттік тұрғыда комиссия шешімімен баға беріліп, оның қорытындысы жарияланбайынша, бұл сұрақ қайталана береді. Десе де, жуық жылдары жүзеге асады деп білемін.

Коллаж: NEGE

Шындық толық ашылады деп сенесіз бе?

– Қазірдің өзінде шындықтың 70-80 пайызы айтылып жатыр. Газ бағасын әдейі қымбаттатқан үкімет екені айтылды. Маңғыстау халқының мінез-құлқын, ереуілге шығып, қасқайып тұратынын жақсы біліп, әдейі газ бағасын көтеріп, ылаң тудырған. Әйтпесе, неге Қарағандының көмірінен, Өскеменнің мырышынан бастамайды? Сұхбатта әлеуметтік наразылықты пайдаланып, дүрбелең жасағысы келген биліктегі «ескі қазақстандықтар» екені айтылды. Бұған дейін де айтылып келді. 

Тоқаев бір сөзінде «артқа жалтақтап қарауға мұршамыздың жоқ, болашаққа қарауға тиіспіз» деді.  Қаңтарда қаза болған 240-қа тарта адамның қаны босқа төгілмеді. Елімізге өзгеріс әкелді. Әрине, өзгеріс тым қымбатқа түсті.

– Қаңтар оқиғасының ұйымдастырған бұрынғы президент екенін айттыңыз. Ендеше, осы уақытқа дейін неге жауапқа тартылмай отыр?

– Қоғамдық комиссия құрылып, егжей-тегжейі анықталған соң, жауапкершілікке тартылуы тиіс. Тергеу-тексеру жұмыстары кезінде Кәрім Мәсімовке және басқа да орындаушыларға Назарбаевтың бұйрық бергені анықталса, бірінші президент тұрмақ, басы алтын, кеудесі күміс адам болса да, халықты қырғынға ұшыратқаны үшін жазасын алуы керек. Назарбаевтың жауапқа тартылуы – уақыттың еншісіндегі шаруа. Бүгін болмаса, ертең, ертең болмаса, келер жылы бәрібір жауапқа тартылады. Халықтың зердесі қиын. Ешқашан ұмытпайды.

Тегтер: