22 Қараша 19:50
...

Ермұрат Бапи, депутат: Ресейдің қабағын бағып, «аюдың» ашуын тудырмаудың амалы

Ермұрат Бапи
Фото: Nege

Халықаралық ұйымға республикалық бюджеттен жылына шамамен 43 млн теңге бөлінеді. Ал  2025-2027 жылдарға арналған бюджеттен жалпы сомасы 131 064 000 теңге көзделген.

Бізде кей мәселе ың-шыңсыз қаралып, тез қабылданып жатады. Былтыр күзде Бішкекте өткен ТМД мемлекеттері басшыларының саммитінде Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойылған.

Мұндағы мақсат – орыс тілін ресми тіл ретінде қолданыс аясын кеңейте түсу және халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамыту.

Орыс тілінің мәселесіне «басы ауырған» билік шұғыл кірісіп, осы аптада мәжілістің жалпы отырысында 84 депутат (біреуі қалыс қалды, біреуі қарсы болды – ред) «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдап жіберді. Ал сенаттағылар құжатты қуана қарсы алып, ешбір сұрақсыз қайтарып берді.

Орыс тілі Қазақстанда қандай қысымға ұшырапты? Оған арнайы қор құрып, қаржы бөлудің астарында не бар? Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аталған халықаралық ұйым құрылса, республикалық бюджеттен жылына шамамен 43 млн теңге бөлінетінін жеткізді. Ал бұған 2025-2027 жылдарға арналған бюджеттен жалпы сомасы 131 064 000 теңге көзделген.

«Заңнамаға сәйкес, біз мүше болған халықаралық ұйымдардағы қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ресми процедура біткеннен кейін, заңға президент қол қойғаннан соң, 6 елдің бүкіл министрі жиналып, бұл ұйым қалай жұмыс істейтіні туралы шешім қабылдайды. 2025 жылдың басында негізгі шаралар басталады. Әр мемлекет ұйымның бюджетіне қаржы құяды. Қазақстан бөлетін қаржы – 43 млн теңге. Бұл көп емес», – деген министр.

Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «Орыс тіліне Ресейдің жеке дара меншігі деп қарамауымыз абзал. Әлемде қанша адам, қанша қоғам орыс тілін тұтынатын болса, сол арқылы ақпарат алып, тарататын болса, орыс тілі –солардың да ризығы, игілігі» десе, депутат Ермұрат Бапи өзіне қарсы қойылған сауалға: «Бұл халықаралық қордың құрылуы Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе» деп жауап беріп, біраз сынға қалған еді.

NEGE тілшісі мәжіліс депутаты Ермұрат Бапиға хабарласып, осы пікірін тарқатып беруін сұрады.

Орыс тілін қолдау қоры
ғаламтордан

– Бірінші кезекте қоғам түсінбей тұрған мәселе – орыс тілін қолдау жөніндегі халықаралық қорды құру жөніндегі шартты бекіткен заң Қазақстанның ықтиярынан туындап отырған мәселе емес. Бұл Еуразиялық одақ елдеріне кіретін – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Белоруське ортақ ұйым. Бұл заң бізден өзге мемлекеттерде ратификациядан өтіп қойған. Біз ең соңында қалып, енді ратификациялап жатырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, бұл заңда «Орыс тілі» деген мәселе жоқ. Қазақстан үшін бұл – сыртқы саясаттың мәселесі. Қазіргі теңселіп тұрған геосаяси заманда біз жауын-жауынның ішімен жүретін бейтарап саясат табуымыз керек.

Ешқандай агрессиялық соғысқа қатыспайтын, қандай да бір сыртқы қақтығыстардан аулақ болып, өз алдымызға тәуелсіз ел екенімізді дәлелдеудің бір жолы. Біз орыс тілін дамыту қорына тіл мәселесі ретінде емес, президент Қ.Тоқаев ұстанып жүрген сыртқы дипломатиялық саясаттың құралы ретінде қарауымыз керек. Біз қазіргі экономикалық әл-ауқатымыз және әскери қорғаныстық күш-қабілетімізбен ешкімге азу көрсете алмаймыз. Біз өре түрегеліп әлдекімге қарсы шыға алмаймыз.

Сондықтан қалыптасқан жағдайда орыс тілін қолдау мақсатында сыртқы дипломатиялық саясатымызды танытуымыз керек. Әйтпесе, 43 млн теңге деген 100 мың долларға толмайтын қаражат Қазақстан үшін түк емес. «Жылына 43 млн теңге кетеді» деп зар илеудің керегі жоқ. Сол жарғылық үлесті бөліп, қоғамға қатысу арқылы білегін сыбанып, ядролық қаруын сыңғырлатып, кезеніп отырған көршіміздің аптығын басуға арналған мақсатты шешім. Қоғам бұл заңның қажеттілігін осы тұрғыдан түсінуі керек.

 – Егер сіз қазір депутат болмағанда бірден қарсылық танытып шығатын едіңіз. Әлде, осыны қоғамға айту, түсіндіру жұмысы сізге жүктелген бе?

– Мен елдегі жағдайдың қандай екенін біліп отырсам, неге қарсы пікір айтуым керек? Сіздің «бұрынғыдай емессіз» деп айтып отырғаныңыз дұрыс. Қазір осында келгелі бері баррикаданың ар жақ-бер жағындағы мәселенің темірқазық ортасын тауып, соны конструктивті тұрғыдан шешуді мақсат еткен депутатпын. Сіздің ойыңызша, әр мәселеге өре түрегеліп, қарсы шыға беру керек пе? Дәл осы заңға қарсы шығып, аттандайтын дәнеңе жоқ. Бір депутат қарсы шықты, бір депутат қалыс қалды. Болды, бітті.

 – Бәрібір мұның астарында Ресейдің саяси ойыны жатқан жоқ па?

 – Бұл – Ресейдің ойыны емес. Біз Ресейдің қабағын бағып, оны ашуландырмаудың, яғни қазіргі жағдайда «аюдың» ашуын тудырмаудың амалы. Біздің басқа мүмкіндігіміз жоқ. Ресейге қарсы тұра алатындай қандай күшің бар? 50 мың әскерің бар ма?

Ресеймен астасып жатқан 7 жарым мың шақырым шекараң бар. Оған Қазақстанның жастарын апарсаң да шекараны бітеп болмайсың. Өзі бар-жоғы 80 самолетің, 2 мыңға жетпейтін танкің бар. Осы жағдайда бізде білек сыбанып, күш көрсететін қандай мүмкіндік бар? Сондықтан мұның ешқандай да қажеті жоқ. Екіншіден, Қазақстанның бюджетінің 50 пайызынан астамын – экспортқа шығатын мұнай құрайды. Осы жылдың 9 айында елімізде 57-58 млн тонна мұнай өндірілді. Соның 46 млн тоннасы Ресейдің КТК мұнай құбыры арқылы өтті.

Ал Транскаспий бағытымен бар-жоғы 10 пайызға жетер-жетпес мұнай экспортқа шығады. Яғни, экспортқа кететін мұнайдың 80 пайыздан астамы Ресейге тәуелді болған соң, біз ол жақтың қабағын бағуға мәжбүрміз. Егер Ресей Солтүстік ағымын жарып жібергені сияқты, КТК мұнай құбырын тоқтатып тастаса, онда біздің бюджеттің 50 пайызы әдірем қалады деген сөз. Экономикалық тұрғыда осы векторға тәуелдіміз. Біз КТК арқылы мұнайды Еуропа елдері – Белгия, Германия, Нидерландыға экспортқа жөнелтіп отырмыз.

Ал мінез көрсетіп шыға келсек, құбырды жауып тастай салады. Осыдан екі жыл бұрын апат болғанда бір айдың көлемінде бюджетке бірден салмақ түсе бастады. Сондықтан біз осылай істеуге мәжбүрміз. Осыны біле тұрып кейбіреулер «Бапи неге қарсы шықпайды?», – дейді. Елдегі экономикалық және сыртқы саяси жағдайды салиқалы түрде бағамдау керек.

Алаңға шығып айқайлап, «Құрысын, жойылсын, отставкаға кетсін!» деген мәселе бұл жерде жүрмейді. Сондықтан орыс тілін қолдау жөніндегі қор құру бастамасын сыртқы саясаттың қару құралы ретінде қабылдау керек. Ал қорға қатысушы басқа елдер қолдап, біз теріс айналсақ, кімге залалымызды тигіземіз? Әрине, 300 жылдан бері Ресейдің езгісін көрген халықтың мұң-зарын білемін, түсінемін. Бірақ оның бәрін ерегіс, кикілжіңмен шешетіндей бізде жағдай жоқ.

Дос Көшім, саясаттанушы:

Орыс тілін дамыту қорын құру – Ресейге жағымпаздану

Орыс тілін дамыту қоры
ғаламтордан

– Ресей баяғыдан орыс тілін дамытуға көп қаржы бөледі. Бұл көбінесе елшіліктері арқылы жүзеге асады. Ал енді арнайы қор құрып, оған миллиондаған ақша жұмсауды бұл саяси бағыттағы жұмыс деп ойлаймын. Мұның астыранда «Міне, орыс тілін қорғаймыз» деген бағыттың дұрыс екенін көрсету. «ТМД елдерінің өздері бірігіп, қор құрып, орыс тілін сақтап қалуға ынталы болып отыр» деген мәселені ақтап алу үшін жасалған саяси қадам. Ал ТМД елдері, оның ішінде Қазақстан да жай ойыншысы болып отыр.

Орыс тілінің ТМД елдерінде жоғалып, құрдымға кетіп бара жатқанын көрген жоқпын. Керісінше, сол елдердің мемлекеттік тілі әлі өз тұғырынан орын алмай жатыр. Оған Қазақстанның өзін мысалға алуға болады. Сондықтан оған бір жеке қор құрып, «орыс тілін аман сақтап қалайық» деген мәселені тек қана орыс тілі әлеміне көмектесу деп ойлаймын. Онсыз да орыс тілі әлем ақыр аяғында Украинадағы соғысқа алып келді. Бұл – Ресейдің бағыты. Олар орыстілділерді өзінің азаматтары деп ойлайтынын, қорғайтынын бәріміз білеміз. Бұл бағыт – Ресей мемлекетінің саясатын қолдау.

 Шындығында да, нағыз қолдау біздің мемлекеттік тілге керек. Парламентке келіп, депутаттардың сауалына жауап беретін министрлер әлі күнге қазақша сөйлемейді. Ал сол министр қол астындағы қызметкерлерімен қай тілде сөйлесетіні айтпаса да түсінікті. Міне, осы мәселені өзгерту керек. «Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуі тиіс» деген талап қою қажет. Ал ТМД елдеріндегі орыс тілін дамыту қорын құруды – Ресейге жағымпаздану деп қабылдаймын. Мұның астарында Ресейден қорқу ма, үрку ме жатқан сияқты. Ресей әлемдегі орыс тілін дамытуға күш салып жатқанда мына жақтан өздерінше көмек көрсеткен кейіптегі қимыл-қозғалысы.