3 Ақпан 17:50
...

Елордада қызылша ушығып тұр: екпесіз балалар расында ауруханаға жатқызылмай ма?

коллаж
Фото: Nege.kz

Қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларды стационарға жатқызбау туралы қалалық бас санитардың шешімі ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызды.

Астана, NEGE. Елордада қызылша ауруы қайта күшейді. Соңғы үш аптада Астанада 403 адамнан қызылша анықталып, көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,8 есе артқан. Науқастардың басым бөлігі – балалар. Осы ахуал аясында бас санитарлық дәрігердің екпе алмаған балаларды стационарға жатқызбау туралы шешімі қоғамда үлкен дау тудырды.

Балалар арасындағы жағдай қандай?

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сырқаттанғандардың 96%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың 95% қызылшаға қарсы вакцина алмаған.

Статистикаға сүйенсек, 257 жағдайда ата-аналар вакцинациядан өз еркімен бас тартқан. 112 бала жасына жетпегендіктен екпе алмаған, ал 9 бала вакцина алу мерзімін өткізіп алған. Сондай-ақ, 7 баланың медициналық қарсы көрсетілімі болған.

Өткен жылы да жағдай күрделі болған. 2025 жылдың қазан айында 44 жағдай тіркелсе, қарашада – 235, ал желтоқсанда бұл көрсеткіш 619-ға жеткен. Жыл соңында қызылшамен ауыру жағдайлары әдеттегі статистикадан 3,5 есе артқан.

Даулы шешім: екпесіз балаға стационар жабық

Вакцинациядан бас тарту деректерінің көптігіне байланысты Астананың бас санитарлық дәрігері бірқатар қатаң талап енгізді. Соның ішінде ең көп талқыға түскен бастама – қызылшаға қарсы екпесі жоқ балаларды жоспарлы түрде стационарға жатқызбау туралы шешім.

Санитариялық қызмет бұл бастаманы эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа науқастарды қорғау қажеттілігімен түсіндірді. Алайда шешім жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желіде ата-аналардың наразылығы күшейді.

Ата-аналар алаңдаулы

Желі қолданушылары бұл талапты адам құқықтарын шектеу әрі заңға қайшы деп бағалады. Кейбірі вакцинация ерікті болуы тиіс екенін алға тартса, енді бірі медициналық қарсы көрсетілімі бар балалардың тағдырына алаңдайды.

«Бұл – ашық дискриминация және Конституцияға қайшы», – деп жазды mukhanbetkaliev.konstantin.

«Көп адам екпені қаламағандықтан емес, қарсы көрсетілімдерге байланысты салдырмайды!» – деп жазды tat_kurbanova.

«Оо, шамасы тағы да екпе өндірісі артқан болу керек. Бірақ, сұраныс болмаған ғой, сірә. Бизнес – тек бизнес. Ал кейін бұл бастаманың салдары үшін кейін кім жауап береді?» – деп жазды тағы бір желі қолданушы my3blka_.

пікір
instagram.com/zakon.kz

Сондай-ақ екпенің сапасы мен оны өндіруші елге қатысты да сын айтылды. Кей ата-аналар қазіргі қолданылып жатқан вакцинаның Үндістанда өндірілетініне күмән келтіріп, бұрын қолданылған еуропалық вакциналармен салыстырды.

«Қалыпты өзіміз үйренген сенімді вакциналарды сатып алыңыздар, үнді вакциналарын емес. Мен үнді вакциналарына қарсымын. Бұрын, шамамен 15 жыл бұрын, Бельгия, Франция вакциналары болды. Оларды еккенде жеңіл өтетін әрі жанама әсері жоқ еді. Ал қазір қызылшаға қарсы вакцина мені қанағаттандырмайды», – деп қарсылық білдірді zhanna_kozhabayeva.

Дәрігер пікірі: сақтық қажет

Nege.kz тілшісі бұл мәселе бойынша педиатр Нуриддин Зухриддинұлымен сөйлесті. Маманның айтуынша, вакцинация мәртебесі баланы стационарлық емнен шеттетуге негіз болмауы тиіс.

«Аурухана, ең алдымен, ауыр жағдайдағы науқастарға арналған. Қызылшамен ауырған баланың жағдайы кез келген сәтте күрт нашарлауы мүмкін. Ең үлкен қауіп – асқынуды дер кезінде байқамау», – дейді ол.

педиатор
Нуриддин Зухриддинұлының жеке мұрағатынан/Nege.kz

Дәрігер тынысы тарылған, оттегі деңгейі төмендеген, қосымша созылмалы ауруы немесе мүгедектігі бар балаларға стационарлық көмектен бас тарту медициналық және этикалық тұрғыдан дұрыс емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, мәселені қатаң шектеулермен шешу мүмкін емес.

«Атап айтқанда, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту, емханалардың жұмысын жақсарту және алдын алу шараларына басымдық беру қажет. Эпидемиологиялық қауіпсіздік пен баланың өмірін қорғау арасында тепе-теңдік сақталуы тиіс», – дейді дәрігер.

Дегенмен, ол бұл жауапкершілікті тек медицина саласына жүктеуге болмайтынын айтты. Вакцинация, ең алдымен, ата-ананың саналы таңдауы екенін ескертті.

Аурухана екпе алмаған баланы шынымен қабылдамай ма?

Көптің шағымына қатысты редакция тілшісі Денсаулық сақтау басқармасынан ресми түсініктеме алды. Мекеме өкілдерінің айтуынша, бас санитардың талабына қарамастан, қаладағы №3 балалар ауруханасы екпе алмаған балаларды қабылдауды жалғастыруда.

Аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Роза Өтегенованың мәліметінше, қазіргі уақытта стационарда қызылшамен ауырған 86 бала ем қабылдап жатыр.

Роза Өтегенова
Қалалық ДСБ баспасөз қызметі/Nege.kz

«Ауруханада барлығы 86 науқас емделіп жатыр. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында қызылшамен ауырған 5 науқас амбулаторлық ем алуда, олардың төртеуі – балалар. Жалпы барлық науқастар қабылданады»,– деді Роза Өтегенова.

Үйде ем алып жатқан балаларда асқыну белгілері жоқ. Сондықтан оларға амбулаторлық ем тағайындалған.

Басқарма өкілдері түсіндіргендей, қоғамда қызу талқыланған талап шұғыл жағдайларға қатысы жоқ. Медициналық қарсы көрсетілімі бар немесе жағдайы ауырлаған балалар вакцинация мәртебесіне қарамастан ауруханаға жатқызылады. Тек портал арқылы жүзеге асатын жоспарлы госпитализация кезінде вакцинация талап етіледі. Өйткені бұл жедел жағдай емес. Яғни, баланың өміріне қауіп төнген жағдайда ешқандай шектеу қойылмайды. 

Вакцина қай елден жеткізіледі?

Ата-аналардың пікірінше, вакцинаның қай елде өндірілгені де маңызды. Кейбірі қызылшаға қарсы қолданылып жүрген екпенің Үндістанда шығарылатынына алаңдаушылық білдірген. Осыған байланысты Nege.kz порталы қазіргі қолданылып жатқан вакцинаның қай елден жеткізілетінін нақтылады. Басқарма өкілдері қызылшаға қарсы вакцина Үндістанда өндірілетінін растады. Оны сатып алуды «СК-Фармация» ЖШС жүзеге асырады.

Үндістанда өндірілген бұл вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сапа бағалауынан өткен. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, препарат халықаралық қауіпсіздік пен тиімділік талаптарына толық сәйкес келеді.

Вакцина Қазақстанға әкелінер алдында мемлекеттік тіркеуден өтеді, сапасы мен қауіпсіздігі зертханалық тексеруден өткізіледі. Сондай-ақ оны сақтау мен тасымалдау талаптарының сақталуы қатаң бақыланады. Мамандар вакцинаның қай елде өндірілгенінен гөрі, оның тиісті сертификаттар алып, барлық бақылау кезеңдерінен өтуі маңызды екенін айтады. Сондықтан Қазақстанда қолданылып жүрген үндістандық вакцина қауіпсіз әрі тиімді деп бағаланады.

Айта кетейік, Үндістан әлемдегі вакцинаның ең ірі өндірушілерінің бірі саналады. Әлемде қолданылатын екпелердің шамамен 60%-ы осы елде шығарылады. Мұнда өндірілген вакциналар Еуропа, Азия және Африканың ондаған елінде пайдаланылады.