2 Ақпан 14:11
...

Астанада қызылша өршіді: вакцина алмаған балалар ауруханаға жатқызылмайды

freepik.com
Фото: freepik.com

Астананың бас санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаеваның қызылшаға қатысты қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, стационарларға тек қызылшаға қарсы вакцина алған балалар ғана жатқызылады.

Астана, NEGE. Астана қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес,  қалада соңғы 3 аптада қызылшаның 403 расталған жағдайы тіркелген. Қаңтардың басындағы жағдаймен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,8 есе артқан.

«Ауру жұқтырғандардың 95%-ы (385 жағдай) – вакцина алмаған балалар. Оның ішінде: вакцинациядан бас тарту себебінен – 257 жағдай (63,8%); жасына жетпеуіне байланысты вакцинация жасалмағандар – 112 бала (28%); вакцинация мерзімін өткізіп алу – 9 жағдай (2%); медициналық қарсы көрсетілімдер – 7 жағдай (1,8%). Қызылшаға қарсы вакцинация туралы деректері жоқ адамдар арасында – 18 жағдай (4,4%)», – делінген құжатта.

Осыған байланысты қаланың бас санитариялық дәрігері 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің қызылшаға қарсы вакцина алу деңгейіне талдау жүргізіп, екпе алмаған балалар мен жасөспірімдерге қосымша иммундау жүргізуді тапсырды.

«Балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызуды тек қызылшаға қарсы вакцинацияның болған жағдайда іске асыруды қаулы етемін», – делінген құжат мәтінінде.

Бұған қоса Астана қаласының білім басқармасына балабақшалардағы ұжымдарға жоспарлы профилактикалық екпе алмаған балаларды тек ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 90 % болған жағдайда ғана қабылдау қажет екені туралы нұсқау берілген. Бұл ретте вакцина алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспауға тиіс.

Ал Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы оқушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы қызылшаға қарсы екпе алмаған немесе мәртебесі белгісіз балаларды вакцинациялауды ұйымдастыру тапсырылған.