Елорда: Жылыту қазандықтары да газға ауыстырылды

Елорданы көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше жылдан бері қолға алынды. Бұл «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ қала экологиясын жақсарту мақсатында жүзеге асып келеді.
Қазір Алматы және Сарыарқа аудандары толыққанды газ желісіне қосылды. Ал Есіл және Байқоңыр ауданы бойынша газ тарату желілерінің құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазіргі күні бас қалада 14 мың абонент газға қол жеткізіп, 6 мыңнан астам абонент техникалық шарт алған. Сонымен қатар 4,2 мыңнан астам үй, яғни тұрғындардың 25 пайыздан астамы газға қосылыпты.
Елорданы газдандыру мәселесі жөнінде NEGE тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің бас маманы Әділбек Қасенов Қайырбекұлы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Әділбек Қайырбекұлы, елорда аудандарын газдандыру мәселесі қалай жүріп жатыр? Бұл түйткіл толығымен қашан шешімін табады?
– Қазіргі кезде елордада 10 тұрғын үй кешені газға қосылды. Яғни, 14 мың абонент көгілдір отынға қосылу мүмкіндігін алды. Бұл дегеніміз – газ желісі он тұрғын алабы мен үш шағын ауданда толығымен жүргізілді. 2020 жылы 6 мың үй газға қол жеткізсе, 2021 жылы 14 мыңнан астам үй, оның ішінде 1800 отбасы, ал биыл 3,6 мыңнан астам отбасы көгілдір отынға қосылды. Олардың 5166-сы техникалық шартқа ие болды.
Нақтырақ айтсам, Көктал-1, Көктал-2 агроқалашығы, Оңтүстік-Шығыстың оң жағы мен сол жағы және Силикатный тұрғын үй алабы, Теміржол тұрғын алабы, сондай-ақ Қазақ ауыл, Ақбидай, Потонин-Московская көшесі жанындағы үш шағын ауданға да газ желісі тартылды. Газ тарту құрылыс жұмысының 650 шақырымы орындалды. Оның 550 шақырымын әкімдік, 100 шақырымын «ҚазТрансГаз» атқарды.
Бүгінгі таңда газға қосылған абоненттің саны 4 мыңнан асты. Сондай-ақ, бүгінде Сарыарқа және Алматы аудандардағы тұрғын алабы түгелдей газбен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда Есіл және Байқоңыр ауданы бойынша жұмысты бастап кеттік.
Атап айтсақ, Ильинка немесе Үркер, Өндіріс, Пригородный, Телман елді мекендерінде, сол сияқты «Family Village», «Garden Village» шағын аудандарында газ тарту желілерінің құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Яғни, үлкен диаметрлі газ құбырының құрылыс жұмысы басталды.Осылайша, 2024 жылы көгілдір отынмен шамамен 300 мың тұрғын қамтамасыз етіледі.
Келесі жылы орамішілік желілер салынып, ішінара газ тарату жұмысына кірісеміз. Яғни, көше бойымен әр үйге газ желісін тартамыз. Газ тарату ішкі желісі бойынша көше бойымен жүргізілетін газ желісінің жобасы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін қажетті бюджеттік өтінім мен конкурстық процедураларды жүргізетін боламыз. Яғни, мердігерлік ұйым бойынша байқау құжаттарын жинап, өткіземіз. Жалпы, елорданы газдандыру мәселесі 2025 жылға дейін жоспарланған.
– Сондай-ақ қала маңындағы елді мекендерді газдандыру да кезек күттірмейтін. Алдағы жоспар туралы айта кетсеңіз?
– Негізі жоба бойынша әкімдік газ құбырын әр үйдің қақпасына дейін әкеліп, қосылым тетігін қалдырады. Әрі қарай үйдің қажетті нүктесіне тартуды әр отбасы өзі жасайды. Оны жеке нарықтағы компаниялар атқарады. Қазір елордада мұндай қызметті көрсететін лицензиясы бар компаниялар саны 60-тан асады. Олармен әр жеке тұрғын шарт жасасып, бағасын келісімді түрде кеңесіп, газ тарту желісін өткізеді. Оны өткізу құны нарық бағасымен реттеледі. Яғни, бұған мемлекеттік органның қатысы жоқ. Бірақ соған қарамастан әкімдік және «ҚазТрансГаз» тарапынан бірқатар тиімді жеңілдіктер қарастырылған.
Бірінші, бұрын тұрғындар көгілдір отынға қосылу үшін көп құжат жинау керек болатын. Яғни, 8 құжатөткізетін. Содан кейін ғана техникалық шарттарды алып, газ қосуға мүмкіндік алатын. Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз» және орталық атқарушы органдар министрлікпен бірге заңнамаға қажетті өзгеріс енгізіп, 4 құжатқа қысқарды. Бұл көгілдір отынға қосылатын абонент санының артуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, талай жылдан бері тиісті құжатын заңдастыра алмай жүрген тұрғындар мәселесін толығымен шешіп алады. Екінші, «ҚазТрансГаз» бен әкімдік жоба негізінде есептегіш құралын сатып алып, көгілдір отынға қосылатын абоненттерге тегін береді. Оның құны – 60-90 мың арасында. Бұл газ қосатын әр отбасы осындай сомаға жеңілдік алады деген сөз.
Үшінші, екінші деңгейлі банктермен, нақтырақ айтсақ, Halyk банкімен 750 мыңға дейін бір жарым жылға берілетін пайызсыз несие бағдарламасы бекітілді. Яғни, тұрғындар алғашқы жарна төлемей-ақ газды бөліп төлеу арқылы қостыра алады.
Төртінші, әкімдік тарапынан қабылданған әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға газ қосу үшін 413 мың теңге беретін арнайы әлеуметтік қорғау бағдарламасы бар. Егер сол топқа кіретін, яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткер, мүгедек бала асырайтын және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға әкімдік 413 мың теңге көлемінде ақша береді. Айта кететін жайт, бұл сома бұрын 263 мың теңге болса, биылдан бастап 413 мыңға өсті.
Тамыз айынан көгілдір отынға қосылатын абоненттердің саны артады деп болжап отырмыз. Тұрғындардың көбі газға қосылудың артықшылығын және тиімділігін біле бастады. Бір-бірінен көріп, қосылып жатыр. Мысалы, газды қосқанда көмір жағуды ұмытасыз. Оны сатып алу, түсіру, күндіз-түні жағу – бейнеті көп жұмыс. Егер көгілдір отынға қосылсаңыз, бір жаққа кеткенде от жағуды біреуге табыстау да қажет болмайды. Автоматты түрде газ беріле береді, үйдің температурасы бірқалыпты болады. Сондай-ақ, газ арқылы жылудан басқа ыстық суды да қосып аласыз.
Сондықтан газға қосылуға мүмкіндігі бар жер үйде тұратын тұрғындарды уақыт оздырмай газға өтуге шақырамыз. Себебі, бұл ауаның ластанбауы үшін қажет. Яғни, қаланың экологиясын сақтап, атмосферасын бұзбау керек.
Қазір бізде мобилді топтар жұмыс істейді. Олар тұрғындарға газ желісін қосу кезіндегі техникалық шарттарды түсіндіреді. Бүгінге дейін шамамен 6 мың техникалық шарт беріліп, 50 мың тұрғын кеңес алды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып келеді. Ол үшін аудандық әкімдік пен «ҚазТрансГаз» АҚ мекемесіне өтініш қалдырсаңыз, қажетті кеңес беріп, тиісті көмегін ұсынады.
– Одан бөлек жылыту қазандықтарының газға ауыстырылуы қалай?
– Шұбар шағын ауданында жобалау жұмысы жалғасуда. Бұдан басқа, 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-нің 13 су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Бүгінде 3-ЖЭО құрылысы қайта басталды, жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз ету үшін үш жергілікті газ қазандығының жобалау жұмысы жүріп жатыр. Демек, қазіргі кезде 2-ЖЭО толыққанды газ арқылы жұмыс істей алады. Екі жылдың ішінде 1 ЖЭО-дағы он қазандықтың үшеуі газға ауысты. Биыл қалған үш қазандықты ауыстырамыз. Сөйтіп, 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО газға толыққанды көшу мүмкіндігін алды.
Одан бөлек елордада 20 әлеуметтік нысан бар. Олар балабақшалар, мектептермен ауруханалар. Бұрын бұл мекемелер орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ аумақта орналасқан болатын. Яғни, өздігінен автономды котель орнатылып, көмір немесе дизель отымен жұмыс істейтін. Қазір осы нысандарды газға ауыстыру жұмысы аяқталды, енді тек іске қосу жұмысы ғана қалды. Тағы бір айта кетерлігі, көгілдір отынға «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен төрт көпқабатты тұрғын үй қосылды.