28 Шілде 14:42
...

Эльмира Мырза-Ғали: «Анаға тағзым» орталығы бүгіннің емес, ертеңнің қамы үшін ашылды

Фото:

Елімізде отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек көрсететін «Дағдарыс» орталығы жұмыс істейді. Одан өзге жастықтың буымен от басып,  жүкті болып қалған қыздарды паналататын «Ана үйі» бар. Ал осындай жағдайды болдырмау үшін кеңес беретін мекемелер бар  ма? 

NEGE тілшісі әңгіме тартқан «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Иниятқызының айтуынша, дәл осы орталық қоғамдағы әлеуметтік түйткілдің себебін анықтап, салдарымен күреспек.

 

  – Эльмира Иниятқызы, «Анаға тағзым» орталығын ашудағы басты мақсат қандай? Қандай шаралар атқарады?

  – «Анаға тағзым» орталығы ресми түрде 2021 жылдың 11 қазанында ашылды. Орталық ғимаратын жергілікті кәсіпкер-меценат, облыстық мәслихат депутаты Арман Еділбаев мырза өз қаражатына тұрғызып, «Таразға тарту» жобасы аясында пайдалануға берді. Бұл тараздық қыз-келіншектер, әйелдер қауымы үшін үлкен мүмкіндік болды. Бүгінгі күні орталықтағы 8 үйірме, 2 клуб пен 2 кеңес беру кабинеттері, оның ішінде психолог, заңгер мамандары аналар мен қыз балаларға рухани-адамгершілік тәрбие беру, отбасылық құндылықты сіңіріп, отбасылық міндеттерге үйрету, қазақ әйелінің озық образын қалыптастыруға атсалысып келеді.

Орталықтың басты мақсаты мен негізгі қызметіне тоқталсам, бойжеткен қыздарға рухани-адамгершілік тәрбие беру, Қазақстанды дамыған демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытатын ең жақсы қазақстандық және еуропалық мәдени-өнегелі дәстүрге сай қыздарды тәрбиелеуді жүзеге асыру. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелеріне, тұрмысы төмен отбасылардағы көпбалалы аналар мен кәмелетке толмаған балаларға (қыз балаларға) әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық білім беру көзделген. Яғни, ақпараттық, кеңестік және басқа мәселелер бойынша ресурстық қолдау көрсету арқылы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді. Біз қажеттілік пен сұранысқа орай мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырамыз.

Орталықтың «Береке» аспаздық студиясында түрлі ұлттың тағамдарын жасаудан «Достық дастарқаны» жобасы және әр апта сайын қаламыздың белгілі аспазшыларының шеберлік сағаттары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

  – Білуімше, орталықта арнайы клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді екен. Солардың жұмысына тоқталып өтесіз бе?

 – Мәселен, «Сырғалым» сырласу клубында мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының білімгерлерінің арасында қазақ қызының бойында ұлттық дәстүрге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілдік, сұлулық, жан-жақты ұлттық қасиеттер туралы түсіндіріп, тәрбиелейтін пікір алмасулар өткізіліп тұрады. Ал «Ерке сылқым» хореографиялық залында күн сайын таңертең сағат 8-ден 9-ға дейінгі уақытта егде жастағы (50-70) аналарымыз «Таңғы жаттығу бізбен бірге!» сағаты өткізілетін болып бекітілді. Олар күнделікті жаттығу жасап, арнайы би қойылымдарын қояды.

«Жан дауа» психологиялық көмек және кеңес беру кабинетінің психологы аналарымызға психологиялық кеңес беріп, қыздарымыздың мінез-құлқының қалыптасуына байланысты тренингтер мен сабақтар өткізеді. Сонымен қатар, «Ана тілі» шешендік үйірмесінде қазіргі таңдағы тілдік қолданыста жоқ, бірақ әдеби тілде бар сөздерге тоқталып, оқушылармен бірге ғылыми және әдеби тұрғыда талдау жасайды.

«Бақытқа барар жол» деген айдар бойынша түрлі тақырыпта әңгіме талқыланып, соңында эссе жазды. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар айтылып, қазақтың шешендері мен билері туралы пікір алмасу арқылы мағлұмат беріледі. Қатысушылар өздерінің жазған ертегілері бойынша «Ерте, ерте ертеде...» атты ертегілер жинағын шығарды. Сонымен қатар «Жарғанат, қарақұрт және бұлбұл» атты ертегісінің желісі бойынша театрландырылған қуыршақ қойылымы сахналанды.

«Бойтұмар» қолөнер және дизайн студиясында қыздар мен әйел-аналарға тігіс тігу бойынша сабақтар өтеді және өңірдегі  қолөнершілер және дизайнерлермен шеберлік сағаты өткізіледі.

«Сырлы әлем» үйірмесінде баланың бойына эстетикалық құндылықтар туралы түсінікті қалыптастыру мақсатында бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйретіп, машықтандырады.

«Қазына» ұлт аспаптар үйірмесінде кестеге сай қатысушыларға домбыра үйрену сабақтары жүргізіледі. Халық күйлері мен композиторларының күйлерін орындайды, түрлі мәдени іс-шараларға қатысады.

Қазақтың ақмаңдай аруларын, яғни болашақ аналарды тәрбиелеу барысында неге басымдық бересіздер? Бүгінгі күнге дейін қанша қызбала тәрбие алды?

– «Анаға тағзым» орталығында аналарға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама аясында қыз-келіншектердің өмір сүру сапасын жақсарту, отбасын нығайту, жан-жақты қолдау көрсету бойынша кешенді түрде іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бағдарлама алға қойған мақсатқа жету үшін мынандай қызмет түрлерін жүзеге асырады. Біріншіден, азаматтардың жекелеген санаттарын қабылдауды, жұмыс бағыттарын белгілеуді және отбасымен жеке жұмыс жоспарын жасауды жүзеге асырады. Екіншіден, азаматтардың жекелеген санаттарына мемлекеттік қызмет және әлеуметтік көмек алу мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсетеді, мемлекеттік қызмет көрсету үшін тиісті мемлекеттік органдарға жіберуді жүзеге асырады. Үшіншіден, өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына психологиялық қолдау, кеңес беру бойынша қызметтер көрсетеді. Төртіншіден, жеке ісін ашу, салық заңнамасы мәселелері бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына консультация беруді жүзеге асырады. Бесіншіден, әйел-аналарымыздың жекеленген санаттарының кәсіпкерлік бастамасын қалыптастыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын, шеберлік сағаттарын, басқа да іс-шараларды өткізеді.

Алтыншыдан, азаматтардың жекеленген санаттарына заң қызметтері аясында, атап айтқанда, некені бұзу, кәмілетке толмаған балаларға алимент өндіру, сот бұйрықтарын және тағы басқа қажетті кеңес беруді жүзеге асырады.

Жетіншіден, отбасы саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірлейді.

Сегізіншіден, бағдарлама аясында орталықтың материалдық-техникалық базасына сәйкес, көпбалалы аналардың кәсіптік тұрғыдан дамуына арналған курстар ашылады. Нарық сұранысына сай тігін, аспаздық, тырнақ сәндеуші, қас әрлеуші, SММ және мобилография мамандықтары бойынша дәрістер тегін оқытылатын болады.

2022 жылдың 6 айында үйірмелерге тұрақты 293 қатысушы тіркелді. Олардың  жас ерекшеліктері бойынша айтсам, 17-20 жас аралығындағы 194 адам, 20-35 жас аралығында 57, 35-50 жас аралығында – 27 адам, 50-70 жас аралығында – 15 адам.

Қатысушылардың әлеуметтік жағдайына келсек, көп балалы отбасынан –82, толық емес отбасынан –19, асырап алынған отбасынан – 2, жағдайы төмен  отбасынан – 2, толыққанды отбасынан – 131 қатысушы. Сонымен қатар қатысушы аналарымыздың әлеуметтік жағдайы бойынша: көп балалы ана – 2, мүгедек ана – 1, жалғызбасты ана – 29, зейнеткер ана – 6 және тұрмыс құрмаған – 4 әйел  бар.

Бүгінге дейін орталықтың «Жан дауа» психологиялық көмек беру кабинетінің маманынан 84 әйел-аналар мен қыздарға психологиялық кеңес берілді. Оның ішінде жас ерекшелігіне орай: 7-20 жас аралығында – 27, 20-35 жас аралығында – 25, 35-50 жас аралығында – 21, 50-70 жас аралығында – 13 адам келген. Ал әлеуметтік жағдайы бойынша: толық емес отбасынан – 20, көп балалы отбасынан – 8, толыққанды отбасынан 43 және тұрмыс құрмаған 6, толық жетім – 3, мүгедек – 1, қарт ана – 1, зейнеткер – 2 адам.

Сонымен қатар «Қыз балалардың жеке гигиенасы» тренингі, «Өтпелі кезең – өтетін кезең» сұхбаты, «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» тренингі, «Әкем – асқар тауым» семинар-тренингі, «Табиғатым – махаббатым» АРТ терапиясы аясында «Мен ағашпын» медитациясы және  «Суретті жалғастыр»  психологиялық жаттығуы  жүргізілді.

Заңгер кеңесі кабинетінде заңгер маман 38 адамға (2 мүмкіндігі шектеулі, 2 жас отбасына, 1 қызбалаға) кеңес берді. Соның ішінде офлайн заңгер кеңесіне жүгінген 10 әйел заң шеберінде қанағаттандырылды, 17 ананың телефон арқылы қойған сұрақтарына заңгерлік кеңес берілді. Сонымен қатар Шолдала ауылындағы №57 мектепте 13 тұрғынға «банктен алған несиені төлеу және жарты жылға үзіліс алуына мүмкіндік қарастырыла ма, сот шешімін өзгертуге бола ма, материалдық көмекті қайдан алуға болады, үйіне туысқандарын есепке тұрғызғаны үшін үй иесі жазалана ма?» деген сұрақтарға жауап берілді.

 Орталыққа келген әйелдер мен аналар егер күйеуі баласына зорлық көрсеткен жағдайда кімнен көмек алуға болатыны жайында ақпараттандырыды. Сондай-ақ,  жұмыс берушіден төленбеген еңбекақыларын өндіру жолдары туралы сұрақтарға толыққанды заңгерлік кеңес алды. Жұмыс нәтижесінде заңгер мекеменің Жарғысына өзгерістер енгізу үшін құжаттарын толық дайындап, ҚР Әділет департаментінде бекіту жұмыстарын істеді.

Ең алдымен мекеме қызметкерлеріне, атап айтқанда бас есепші, хатшы-референт, әдіскерлер мен үйірме жетекшілеріне тұрақты түрде заңгерлік көмек көрсетіп отырды. Есепті уақыт ішінде рухани-адамгершілік тәрбие беру мақсатында 110 іс-шара өткізіліп, осы іс-шараларға қатысқан адам саны 3 мың 545-ті құрады.  Оның ішінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, «Анаға сәлем» республикалық онлайн байқауы, облыстық «Киелі кимешек» жас тігіншілер байқауы мен қалалық «Пай-пай қазақтың келіндері-ай» атты келіндер байқауы, «Анаммен бірге кітап оқимын», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» мақал-мәтел жарысы, «Ерте, ерте, ертеде ...» театрландырылған қуыршақ театрының қойылымы, «Ұлы дала кереметі» тимбилдингі, «Табиғатым –махаббатым» арт-терапия  іс-шаралары өтті.

   – Негізінен аналар қызын өздері әкеле ме? Қазір жасөспірім шақта қыздардың мінез-құлқы өзгереді. Сондай кезде үйден кетіп қалып та жатады.  Не істеу керек? Қандай кеңес бересіз?

  – Орталыққа кәмелетке толмаған қыз балаларды аналары әкеліп, келісім-шарт жасасады. Бағдарламаға сәйкес, орталықтың құқық бойыша және психолог мамандарынан қыз-келіншектер, ақ жаулықты аналар кеңес ала алады. Мұнымен қоса қиын жағдайға тап болған отбасыларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмыстары атқарылады. Жоғарыда айтқан «Сырғалым» сырласу клубында жасөспірім қыз балаларға әртүрлі тақырыпта қажетті мамандарды, атап айтқанда психолог пен гинекологты шақырып, тренингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Жасөспірімнің өтпелі кезеңді сәтті аяқтап, келесі өмір баспалдағына ақыл-ойы толысқан, ұстамды, адамгершілік қасиеттерді бойына жинақтаған тұлға ретінде оң қадам басуы үшін отбасында сыйластық пен береке-бірлік, бойында имандылық пен инабаттылық болуы керек. Анасы қызының жүрегіне кішкентайынан жақсы сөздермен ұя салып, жақсы ана образын көрсетуі керек. Қыз анасынан көргенін қайталайды, қыз бала үшін ана – айна. Сондықтан әр ана әуелі өзін тәрбиелеп, қызына үлгі болғаны абзал. Ата-бабамыз «Ұлды тәрбелей отырып, жер иесін тәрбиелейсің, қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейсің» дейді. Себебі, қыз – болашақ ана. Қыз – бүгін ата-анасының қонағы болса, ертең бір шаңырақтың ошағын сөндірмейтін киесі.

Біраз жыл «Жамбыл-Тараз» газетін басқарыпсыз. Журналистикадан қоғамдық жұмысқа кетуіңізге не себеп?

Журналистиканың барлық саласында еңбек еттім. Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұлдай ұстаздың алдын көріп, тәлімін алдым. Тараз қаласының бас үнпарағы «Жамбыл-Таразды» басқарған жылдары электронды нұсқасын заманға сай жүргіздік. Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін. Былтыр «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болдым. Журналистік қызметіммен қатар әлеуметтік маңызы зор бастамаларды жүзеге асырдық. Содан газеттен кететін болып шешім қабылдаған соң, әртүрлі ұсыныс жасағандар болды. Бірақ жаныма жақын жұмыс ретінде «Анаға тағзым» жобасына тоқталдым.

        Неге дейсіз бе? Осыдан жеті жыл бұрын Жамбыл облысында дәретханаға шаранасын тастап кеткен оқиғасы, бір ана кәмелетке толмаған қызы туған нәрестені көліктен лақтырып жіберген дерегі тіркелді. Әрине, бұл біздің өңірді жаман атқа қалдырды. Содан мені Жамбыл облыстық білім басқармасы ата-аналар қауымы қоғамдық кеңесіне төраға етіп сайлады. Бірден қалалық, аудандық ата-аналар ұйымдары, аналар кеңестерімен бірге қоян-қолтық жұмыс істедік.  

2018 жылы Ақтөбедегі аналар слетіне барғанымда, «Анаға тағзым» орталығының ашылуына куә болдым. Орталықтың ашылғанына аналар қатты қуанды. Сөйтіп, облыс басшылығына «Анаға тағзым» орталығы бізде де бой көтерсе» деген ұсынысымызды айтып едік, қабыл алды. Айта кету керек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Таразда алғаш рет «Анаға тағзым» республикалық әйелдер форумы ұйымдастырылып, ұрпақ тәрбиесіндегі түрлі мәселе талқыға салынды.

«Анаға тағзым» орталығы бүгіннің емес, ертеңнің қамы үшін ашылды. Жалпы, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге көмек көрсететін «Дағдарыс» орталығы бар. Жүкті болып, отбасынан қуылған қыздарды «Ана үйі»  қамқорлығына алады. Ал «Анаға тағзым» орталығы қоғамдағы түйткілдің себебін анықтап, салдарымен күреседі. Және жағымсыз оқиғаларды болдырмаудың жолын қарастырады. Мұндай орталық еліміздің барлық өңірінде ашылса, құба-құп.    

   – Әңгімеңізге рахмет! 

Тегтер: