3 Маусым 15:25
...

«Путин Батыстың саяси жігерсіздігін тиімді пайдалана білді» – Халықаралық сарапшы Хосе Игнасио Мояно

Кремль
Фото: kremlin.ru

Әлем күн сайын жаңа геосаяси күйзелістермен бетпе-бет келіп отыр. Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі қалыптасқан тәртіп шайқала бастады. Либералдық Батыс жүйесі тарихи шекараларына тіреліп, оған қарсы өркениеттік, саяси және экономикалық баламалар пайда болуда. Бұл үлкен бетбұрыстың басты нүктесіне айналған – Украина мен Ресей арасындағы соғыс.

NEGE тілшісіне сұхбат берген аргентиналық сарапшы, халықаралық саяси шолушы Хосе Игнасио Мояно бұл қақтығысты жай ғана аймақтық соғыс емес, әлемдік жүйелер арасындағы терең қайшылықтың көрінісі деп бағалайды.

  • Хосе Игнасио Мояно – Аргентинаның Кордова қаласынан шыққан халықаралық қатынастар маманы. Ол Католиктік Кордова университетінің түлегі, халықаралық жаңалықтар бойынша телерадио саласында жұмыс істейтін сарапшы. «Украинадағы соғыс: саясат, геосаясат және метасаясат туралы жазбалар» кітабының авторы. Оның саяси және өркениеттік процестерге берген бағалары Латын Америкасынан бастап Еуразияға дейінгі кеңістікті қамтиды.
Аргентиналық сарапшы
Фото: жеке мұрағатынан

– Сіз өз еңбектеріңізде қазіргі соғыстардың себебі күрделі және көпқырлы екенін айтасыз. XXI ғасырда қарулы қақтығыстардың түпкі негізі неде деп ойлайсыз?

– Соғыстың ешқашан бір ғана себеп болмайды. Менің ойымша, бүгінгі соғыстардың өзегінде үш негізгі фактор жатыр: энергияға талас, азық-түлік ресурстары үшін күрес және қаржылық көпіршіктер, яғни қарыз арқылы жасанды экономикалық тұрақтылық иллюзиясы.

Мысалы, Иракқа басып кіру – энергетикалық себептермен, Украинадағы соғыс – астық өндірісіне бақылау орнату мақсатымен байланысты. Ал 2008 жылғы қаржылық дағдарыс әлем бойынша мыңдаған дағдарысты процестерді тездетті. Мен бұл үшеуін – энергия, азық-түлік және қарызды қазіргі заманғы қақтығыстардың басты формуласы деп есептеймін.

– Сіз Украинадағы соғысты дүниетанымдардың қақтығысы ретінде сипаттайсыз. Бұл қандай дүниетанымдар?

– Бұл екі жүйенің қақтығысы: бір жағында – Батыстың либералдық, модернистік, нарықтық дүниетанымы, ал екінші жағында – Еуразияның терең дәстүрлері. Бұл – үш ғасырлық рационалистік ойлаудың мыңжылдық сенімдермен бетпе-бет келуі. Ал Украина осы өркениеттер қақтағысының алаңына айналды.

Сарапшы
Фото: Жеке мұрағатынан

– Сонда Украинадағы соғыс тек аймақтық емес, өркениеттік сипатта ма?

– Дәл солай. Бұл 1991 жылдан кейінгі Батыстың кеңею шекарасының Ресейдің дәстүрлі ықпалына тірелген жері. Ресей өзін тек мемлекет емес, еуразиялық кеңістіктің лидері ретінде танытады. Ал Батыс жылдамдық, технология және жаһандық нарық арқылы алға ұмтылады. Бұл екі логика қазіргі таңда Украинада қақтығысуда.

– Биыл біз қандай фазаға келдік? Соғыстың сипаты өзгерді ме?

– Менің ойымша, 2025 жыл – шешуші кезеңнің бастауы. Украина Батыстың толық қолдауынан айырыла бастады. АҚШ ұстанымын өзгертті, ал Еуропа жалғыз қалғандай күйде. Сонымен бірге, Украина өзінің стратегиялық ресурстарын – құнарлы жерлер мен пайдалы қазбаларын сыртқы борыш арқылы жекеменшікке өткізіп жатыр. Украина агроэкспорттық аймаққа айналуы мүмкін.

– Ресейдің ойы өзгерді ме?

– Жоқ, Ресейдің әрекеті бірізді. Ресей ұзаққа созылған соғысты көтере алатын әскери-өнеркәсіптік, адами және логистикалық әлеуетке ие. Ресей қазір Батыстың саяси жігерсіздігін пайдаланып, стратегиялық маңызды аймақтарда өз орнын нығайтып алды. Енді Батыс ұсыныс айтуы мүмкін, бірақ Ресей ешкімнің шартын қабылдауға мәжбүр емес.

– Сіздің «Украинадағы соғыс: саясат, геосаясат және метасаясат туралы жазбалар» кітабыңыздыңнегізгі ойы және мақсаты қандай?

– Украинадағы дағдарыс пен соғыс туралы жазу Шығыс Еуропа, Ресей және Еуразияға деген жеке қызығушылығымнан және 2013 жылғы дағдарыстан бүгінгі күнге дейінгі барлық талдауларымды қағаз бетіне түсіруге деген ішкі қажеттілігімнен туындады. Біз Батыс әлемінің шетінде және Шығыс әлемінің бастауында тұрған аймақ туралы айтып отырмыз. Ал Батыстың көзімен қарағанда, біз Шығысты үнемі белгілі бір қалыпқа салып бағалаймыз, бірақ бұл халықтардың мәнін түсінбейміз. Мақсатым – Еуразиялық әлеммен қарым-қатынасымызды басқа көзқараспен қайта қарауға шақыру.

Ресей Украина
Фото: жеке мұрағатынан

– Батыс қандай қателіктер жіберді деп есептейсіз?

– Екі негізгі қателік жіберді. Біріншіден, Украинаны НАТО-ға қосуға ұмтылды. Ресей мұны тікелей қауіп деп таныды. Екіншіден, Украина ішіндегі радикалды күштерге, әсіресе, Порошенко мен Зеленскийдің Донбастағы орыстілділерге қарсы саясатына қолдау көрсетті. Бұл қате қадамдар соғысқа әкелді.

– Қытай мен глобалдық оңтүстік елдер бұл қақтығыста қандай рөл ойнайды?

– Рөлі өте маңызды. Қытай Батыстың либералдық тәртібіне басты балама. Оның көзқарасы коммунистік ғана емес, конфуцийшілдік және мыңжылдық философияға негізделген. Сондай-ақ Сахельдегі африкалық қозғалыстар, Иран, Түркия, Латын Америкасы да жаһандық жүйеге балама ұсынуға тырысуда. Украинадағы соғыс осы тенденцияларды күшейтті.

– Бұл соғыс Еуропаның өзіне қалай әсер етуі мүмкін?

– АҚШ Еуропадан алыстап барады. Бұл НАТО мен трансатлантикалық одақтың болашағын күмәнді етеді. Франция немесе Германия бұл вакуумды толтыра ала ма? Кесіп айту қиын. Еуропа қауіпсіздігін АҚШ-қа, энергияны Ресейге, ал демографияны миграцияға сеніп тапсырды. Тұрақтап ұстап қалар нақты тұтқасы қалмады.

– Қазіргі жағдайда Украина мен Ресей арасында келіссөздер сәтті өтуі мүмкін бе?

– Қазір келіссөздер бұрынғыдай өзара емес, шарттарды қабылдау түрінде өтеді. Украина еркімен шешім қабылдай алмайды. Ол АҚШ-тың немесе Ресейдің шарттарын қабылдауға мәжбүр болады.

Украина
REUTERS

– Қақтығыстан кейін Украинаның болашағы қандай болады деп ойлайсыз?

– Украина территориялық шығынға ұшырайды. Ауылдық аймақтар босап жатыр. Ал ең құнды ресурс құнарлы жерлері трансұлттық агрокорпорациялардың қолына өтуде. Украина азық-түлік нарығына бағытталған жекеменшік құрылымдар басқаратын аймаққа айналуы мүмкін. Донбасс пен Қырым толығымен Ресейдің құрамына өтеді.

– Украина тақырыбы әлемде көмескі тартып бара жатқандай ма, қалай?

– Рас айтасыз, Аргентинаның өзінде бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында сирек жазыла бастады. Өйткені шындық басқа жақта. Тақырыптың көмескілене бастауы жеңілісті мойындауға деген құлықсыздықтан болуы да мүмкін.