Ақтөбеде қоқыс маңынан пакетке салынған нәресте табылды
Ақтөбе тұрғындары 23 мамырда Тургенев көшесіндегі қоқыс жәшігінің маңынан жаңа туған баланы тауып алған.
Астана, NEGE. Сол маңнан өтіп бара жатқан куәгерлер баланың жылаған даусын естіген. Бала пакеттердің бірінде болған.
Ақтөбе облыстық полиция қызметі ақпаратты растап, нәресте дер кезінде медициналық мекемеге жеткізілгенін хабарлады.
«Бұл факт бойынша полиция қызметкерлері сәбидің анасын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолованың мәлімдеуінше, жаңа туған ұл бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған.
«Жаңа туған нәрестені ауруханаға жедел жәрдем қызметі табылған күйінде – пакетке салынған күйде жеткізді. Сондай-ақ сәбидің кіндігі мен бала жолдасы болды. Салмағы шамамен үш келі болатын ұл бала. Ауруханаға түскен кезде оның дене температурасы төмен, өмірлік көрсеткіштері де әлсіз болды, сондықтан ол жансақтау бөліміне жатқызылды», – дейді ол.
Дәрігерлер қазіргі уақытта баланың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Сондай-ақ қажетті диагностикалық және емдеу шаралары толық жүргізіліп жатқаны мәлім болды.