Енді шетелдік дәрі-дәрмектер халыққа жылдам жеткізілмек
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек нарығына қатысты заңға түзетулер енгізілгенін хабарлады.
Астана, NEGE. Егер дәрі АҚШ-та (FDA) немесе Еуропада (EMA) қатаң тексерістен өтіп, тиімділігін дәлелдесе, оны Қазақстанда қайтадан жылдап тексерудің қажеті болмайды. Депутаттың мәлімдеуінше, заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, мұндай препараттарды өте шұғыл тәртіппен 15 күнде тіркеп, халыққа тез арада жеткізуге жол ашылып отыр.
«Көп жағдайда қажетті препаратты шетелден алдыруға мәжбүр боламыз. Бюрократия көп, тіркелген дәрі аз болған сайын олардың бағасы да қымбаттай береді. Бұл мәселені заң жүзінде шештік. Арнайы зерттеп, заңға маңызды түзетулер енгіздік», – деп жазды Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында.
Бұған дейін қолданыстағы, өмірлік маңызы бар препараттарды Қазақстан нарығына жеткізу біршама уақыт алатын. Өйткені, депутаттың айтуынша, мұндай дәрілерді тіркеу мен тексеру процестері ұзаққа созылатын. Ал тіркелмеген дәрі дәріханаларда сатылмайды. Осы мәселе енді шешімін тапты.
Бұған қоса депутат басқа да дәрілерді тіркеу мерзімі біршама қысқарғанын атап өтті.
«Қазір құжаттарды рәсімдеу – ресми түрде 210 күн, ал іс жүзінде жылдап созылады. Біз барлық бюрократиялық кезеңді заңмен бір қызметке біріктірдік. Нәтижесінде бұл мерзім айтарлықтай қысқарады», – дейді мәжілісмен.
Жаңа түзетулерге сәйкес, отандық дәрі-дәрмектің құрамына кіретін шикізаттар да енді шекарада қатаң тексерістен өткізілмек.