«Украина Ресейдің дегеніне көнуге мәжбүр» – Халықаралық сарапшы Ахмет Өзтүрік

Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін Ыстанбұлда өткен келіссөздер халықаралық қауымдастықтың назарында болды. Бұл келіссөздердің шынайы дипломатиялық салмағы қандай? Ресейдің қойған бес талабы бейбіт шешімнің жалғыз жолы ма, әлде соғысты заңдастырудың амалы ма?
NEGE тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін түрік саясаттанушы, халықаралық сарапшы, Лондон Метрополитен университетінің оқытушысы Ахмет Ерди Өзтүрікке жүгінді.

– Ахмет мырза, Ыстанбұлдағы келіссөздердің дипломатиялық салмағын қалай бағалайсыз?
– Ыстанбұлда өткен келіссөздер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың кең ауқымды геосаяси контексіндегі маңызды сәт болды. Маңыздылығы тек бейбітшілікті орнатуға талпыныспен ғана емес, сонымен қатар өткен орынның символдық мәнімен де ерекшеленді. Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде тұрған, әрі НАТО-мен де, Ресеймен де қарым-қатынасты сақтайтын Түркия өзін бейтарап делдал ретінде көрсете білді. Бұл – Анкараның өңірлік держава ретіндегі амбициясын көрсететін қадам.
Алайда келіссөздің өзі символдық тұрғыдан маңызды болғанымен, бұл нақты прогреске жеткізді деген сөз емес. Украина аумақтық тұтастығы мен демократиялық жүйесін қорғап отырса, Ресей келіссөзге шектен тыс талаптармен келді. Мұндай жағдай шынайы ілгерілеуге жол бермейді. Дипломатияда символика маңызды, бірақ ол нақты мазмұнның орнын баса алмайды.
– Сіздің ойыңызша, Ресей мен Украина арасында нақты және тұрақты бітім болуы мүмкін бе?
– Теориялық тұрғыдан алғанда, нақты әрі тұрақты бітім жасалуы мүмкін. Бірақ карта бойынша емес, енді оған жету өте қиын. Тек оқ атуды тоқтату жеткіліксіз, бұл саяси құрылымды, сенімді, халықаралық кепілдіктер мен ұзақ мерзімді стратегияны қажет етеді. Ресей мен Украина арасындағы сенім қазір жоққа тән.
Тұрақты бітім жасалу үшін бірнеше маңызды шарт қажет: сенімді халықаралық делдал, орындалуы міндетті бақылау механизмдері, қауіпсіздік кепілдіктері (үшінші тараптың қатысуымен), және саяси диалогқа апарар айқын жол картасы. Мұндай элементтерсіз бітім тек қақтығысты уақытша тоқтатумен шектеліп, нақты шешім жасалмайды. Бұл посткеңестік кеңістіктегі ұзаққа созылған дағдарыстарға ұқсас сценарий болып шығады.
– Ресей өз бақылауындағы аймақтарды мойындауды Украинадан талап етуі халықаралық құқық нормаларына қаншалықты сәйкес келеді? Бұл соғысты заңдастыруға талпыну емес пе?
– Ресейдің Украинадан Қырым мен Донбастан бас тартуын талап етуі халықаралық құқыққа қайшы. 2014 жылы Қырымды аннексиялау және одан кейінгі Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдарға әскери әрі саяси қолдау көрсету – БҰҰ Жарғысының егемендік, аумақтық тұтастық және шекараларды күшпен өзгертуге тыйым салу қағидаларын бұзу. Халықаралық құқық, оның ішінде Хельсинки қорытынды актісі мен БҰҰ-ның көптеген қарарларында күш қолдану немесе күш қолдану қаупінің нәтижесінде алынған аумақтық иеліктерді заңды деп тануға болмайтынын нақты көрсетілген. Украина бұл талаптарды мойындаудан бас тартуы саяси ұстаным ғана емес, бұл – өз құқығын қорғау.
Егер Украина бұл аумақтарды Ресейдің бір бөлігі ретінде мойындаса, бұл мәжбүрлеу немесе қысым арқылы жасалса, бұл өте қауіпті прецедентке айналуы мүмкін. Бұл шекараларды күшпен өзгертуге тырысатын ревизионистік елдер үшін «жаңа норма» қалыптастырып, мұндай әрекеттерді ақтап алуға мүмкіндік береді. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған халықаралық қауіпсіздік жүйесін шайқалтып, басқа аймақтарда басқыншылық әрекеттерге жол ашуы мүмкін.

– Украина қоғамы бұл талаптарды қалай қабылдауы мүмкін? Қоғамдық қолдау болмаса, билік келісімге бара ала ма?
– Украина қоғамы 2014 жылдан бері үлкен өзгерістерге ұшырады. Ұлттық сана, егемендікке деген сенім, сыртқы басқыншылыққа қарсы тұру – барлығы күшейді. Сондықтан кез келген аумақтан бас тарту қоғам тарапынан қолдау табуы мүмкін емес.
Украина үшін бұл соғыс – өмірлік күрес, ал Ресей үшін – геосаяси ойын. Халықтың қолдауынсыз жасалған кез келген келісім саяси тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да күйрейді. Демократиялық мемлекеттерде билік халықтың еркін ескермей шешім қабылдай алмайды.
– Егер Украина Ресейдің талаптарын қабылдамаса, соғыс одан әрі ушығуы мүмкін бе? Келіссөздің сәтсіздікке ұшырау қаупі қаншалықты жоғары?
– Егер Украина талаптардан бас тартса, соғыс одан әрі ушығуы әбден мүмкін. Ресей мұндай дипломатиялық қарсылықты әскери әрекеттерді күшейту үшін сылтау ретінде қолдануы ықтимал. Келіссөздердің сәтсіздікке ұшырауы – зор қауіп.
Бірақ Украина Ресейдің қойған талаптарын қабылдап, дегеніне көнуге мәжбүр. Өйткені бұл Украина үшін тек аймақтық қана емес, егемендіктің тағыдыры мен ел болашағына қатысты шешім болмақ.
Дәл қазір келіссөздер нәтиже бере қоюы екіталай. Тараптардың ұстанымдары бір-біріне қарама-қайшы. Ресейдің шектен тыс талаптары мен Украинаның қағидатты ұстанымы келісімге келуді қиындатады. Бірақ дипломатиядан бас тартуға болмайды. Диалог арналарын ашық ұстау – болашақта бейбіт шешімге бастар жалғыз жол.
– Пікіріңізге рақмет.