Қарақұмның базынасы: Бір шағымнан кейін ауыл халқы жол азабын тартып отыр
Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Қарақұм ауылының тұрғындары теміржол қатынасынан шет қалғанын айтып, редакциямызға шағымданды. Олардың сөзінше, 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Алматы–Өскемен және Алматы–Новосібір бағытындағы пойыздар бұрынғыдай Қарақұм станциясына тоқтамайтын болған.
Астана, NEGE. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жазғы кестеге енгізілген өзгерістерден кейін Лепсі мен Ақтоғай арасындағы бірнеше шағын бекет теміржол қатынасынан шет қалған. Бұл аймақта теміржол саласында еңбек ететін отбасылар да тұрады.
Ғалия Нұрқайдарованың айтуынша, Қарақұмда мектеп те, медициналық пункт те, балабақша да, кітапхана да, тіпті азық-түлік дүкені де жоқ. Сондықтан тұрғындар күнделікті қажеттіліктеріне байланысты аудан орталығына немесе көрші ауылдарға қатынауға мәжбүр. Ең жақын ірі станциялар – Лепсі мен Ақтоғай. Осы екі аралықта 8–9 шағын станция орналасқан.
«Бұл өзгеріске бір жолаушының “пойыз әр станцияға тоқтай береді” деген шағымы себеп болған. Соның салдарынан бірнеше аялдама алынып тасталып, жүздеген адамның тұрмысы қиындады. Бір адамның шағымынан қаншама халық зардап шегіп отыр», – дейді Ғалия Нұрқайдарова.
Оның айтуынша, мәселе теміржол басшылығына жеткен. Алайда келген жауапта жазғы кесте өзгермейтіні, бұл мәселе тек қысқы кестені қарау кезінде қайта талқылануы мүмкін екені айтылған.
-
Тақырыпқа орай: ҚТЖ қарызға белшеден батты: енді шығынды халық өтей ме?
Осы мәселеге байланысты NEGE тілшісі де ҚТЖ-ға сауал жолдады. Компания мәліметінше, аралық станциялардағы аялдамалардың қажеттігі нақты жолаушылар санына қарай талданады. Биыл 1 сәуірден бастап маршруттық желіні оңтайландыру аясында жолаушылар пойыздарының 217 аялдамасы қысқартылған.
«Жүргізілген талдау нәтижесінде №351/352 пойызы бойынша Қарақұм станциясындағы жолаушылар ағыны өте төмен екені анықталды. Ол тәулігіне орта есеппен 0,42 жолаушыдан келеді.
Сондай-ақ Алматы–Новосібір бағытындағы №301/302 пойызы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы халықаралық тасымалды жүзеге асырады. Талдау көрсеткендей, бұл бағыт бойынша Қарақұм станциясындағы жолаушылар ағыны тәулігіне орташа есеппен 0,11 жолаушыны құрайды. Осыған байланысты аялдаманы алып тастау уәкілетті органмен келісілді», – делінген жауапта.
ҚТЖ мәліметінше, Қарақұм станциясындағы теміржол қатынасы толық тоқтамайды. Станция арқылы аптасына төрт рет Сарыөзек–Ақтоғай бағытындағы №6833/6834 қала маңы пойызы қатынай береді. Компанияның мәлімдеуінше, бұл бағыт Қарақұм станциясындағы жалпы жолаушылар ағынының 45 пайызын қамтиды.
Алайда тұрғындар бұл мәселе тек статистикамен өлшенбеуі керек екенін айтады. Олардың сөзінше, шалғайдағы станциялар үшін пойыз – жай ғана көлік емес, сыртқы әлеммен байланыстыратын негізгі қатынас құралы. Бірі жұмысқа қатынайды, енді бірі азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін жолға шығады. Кейбірі балаларын оқуға апарады.
Қазір Қарақұм халқы мен өзге де шағын станция тұрғындары пойыз аялдамаларын қайта қалпына келтіруді сұрап, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға тағы да хат жолдамақ.
Жазған Әйгерім Кабиденова