14 Шілде 10:46

Қуаңшылық зардабы: Құлынның құны – 30 мың теңге

Фото:

Ғалымдар тағы бір пандемияның есік қағып тұрғанын айтып, дабыл қаға бастады. Ол – қуаңшылық. Және оның зардабы коронавируспен пара-пар болмақ.

Осы жүзжылдық ішінде жер бетіндегі 130-ға жуық ел қуаңшылық зардабын шегуі мүмкін. Бұл жайлы БҰҰ-ның мамандары жеткізді. Тіпті, осы қуаңшылықтың басы Қазақстаннан басталғандай. Маңғыстау, Қызылорда облысындағы жағдай сөзімізге дәлел. Топырақтың құнарлылығы 100/2 пайызға төмендегені көп жайды аңғартады. 

Естір құлаққа «қуаңшылық» сөзі аса қорқынышты, қауіпті емес іспетті. Алайда, тоқтаусыз жылжып жатқан сағаттай тіршіліктің бір тармағы сүрінсе, көпке зиян келеді. Төрт түлікке талғажау болар шөп табылмағаны адамзатты жұтқа апармасына кім кепіл?! 

Тарих жүз жылда бір қайталанып отырады десек, осыдан 90 жыл бұрын Қазақ даласында жерді тәркілеп, қайта бөлу, тіпті, азық-түлік салығы салына бастады. Еркін халықты күштеп отырықшыландыру науқаны белең алған-ды. Ұлан-ғайыр далада есепсіз жайылған 40 миллионнан астам малдан бірнеше жыл ішінде 4,5 миллионға жуық бас қалды. «Малым – жанымның садағасы» деген қағидамен өмір сүрген бабаларымыз жан үшін малын қиғанда өз жанын қоса қиғанын білді ма екен?!  Өйткені, 1931-1933 жылғы аштықтан 6,2 миллион қазақ халқы 2,1 миллионға азайып қалған-ды. 

Тарих дәл сол сценариймен қайтып келмесе де кей сипаттарын ұқсатуға болады. Бірдің затын екінші күштеп алатын замана артта қалды, десе де, қуаңшылыққа ешкім қарсы шыға алмай отыр. Неге? Ел ішінде «өңірлер ешқандай төтенше жағдайға дайын емес» деген қауесет жүр. Ол қаншалықты рас? Осыны білмекке қуаңшылық қысып тұрған өңірлерге арнайы сапарлап қайттық.

Алматыдан Қызылордаға дейін...

Алатаудың бөктерінде орналасқан Алматыда мал азығы жеткілікті. Маусымның соңы мен шілденің басындағы аптап ыстық пен жаңбырдың кешеуілдегенін айтпағанда, қуаңшылық байқалмайды. Қызылордаға дейін Алатауды бойлап, Қаратауды асып өтесіз. Таулар етегіндегі Жамбыл, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында да жағдай едәуір тұрақты. Тіпті, Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарында мал басы түгел. Мәселенің ошағына Арал ауданы мен Қазалының шет ауылдары кіріп отыр. 

Кез келген мәселенің себебі анықталып, салдарын бағамдап барып шешімі айтылады. Облыс тұрғындары мен мамандар қуаңшылықтың негізгі себебі Сырдария өзенінің тартылғаны деп бір ауыздан айтып отыр. Қызылорда қаласын екіге бөліп ағып жатқан Сыр өзенінің расымен де табаны көріне бастапты. Екінші себеп, жауын-шашын аз түскендіктен жайылымдық жерлерге шөп шықпаған. 

Қызылорда облысына сапарымыз барысында көзбен көрген жайттарды камераның жадына түсіріп алуға тырыстық. Оны жоғарыдағы фоторепортаждан көре аласыздар. 

Қаралы Арал ауданы

«Арал – бір кездердегі бақ қонып, құт дарыған мекен» деп бізден кейінгі буынға айтсақ, иланар ма екен? Өйткені, жергілікті тұрғындармен кездескенде мұнда өмір сүрудің машақатын айтып, көңілімізді түсіріп тастады. Іргелес жатқан Байқоңырдың зардабы, әлемдік проблемаға айналған Аралдың тағдыры, экологияның қолайсыздығына келіп қосылған мына бір қуаңшылық тұрғылықты халықты әбден қажытып жіберген. 

Қазалыдан Арал ауданына барар жолда «Ақбай» ауылына аялдадық. Біресе оңтүстіктен, біресе батыстан соққан ыстық жел шағыл құмды жоғары көтеріп, жаяу жүрген адамның аңқасын кептіреді. Осыдан болса керек, түс ауып кетсе де ауыл көшелерінде тіршілік сезілмейді. Тек бір үйдің бұрышында 2-3 немересінің алдына доп беріп, соған көз салып отырған кісіні байқадық. Жақын барып, хал сұрасып білсек, зейнет жасына бір-екі жыл қалыпты. Балаларының бәрі жұмыс бабымен әр қалада, өзі бір келіні мен немересіне қарауыл болып үйде отыр екен. 

«Қолымдағы келін балалары өскенге дейін қаладағы мектепте жұмыс істеп келді. Қазір үйде. Ауылдағы жалғыз жұмыс орны – мектеп. Ол жерде бос орын жоқ. Әйтеуір, балалардың тапқанын ішіп-жеп отырмыз. Өзім ең құрығанда егін егейін десем су проблемасы алдымыздан шығады да тұрады», – деп күрсінді қария. 

Жұмыссыздық жаһандық мәселе екені белгілі. Су тапшылығы Ақбай халқының қолын байлап отырғанға ұқсайды. 

Құлынның құны – 30 мың теңге

Ақбайдан асып өтіп, Қамыстыбас ауылына арнайы бардық. Өйткені Қамыстыбас – Арал ауданындағы ірі әрі маңызды ауылдардың бірі. Жергілікті халық «Қамбаш» деп атап кеткен көл аталған ауылды тәп-тәуір өркендеткен-ді. Сөйтсек, қуаңшылық дәл осы ауылды зар илетіп отыр екен. Мұнда да сол қолайсыз ауа-райына кезіктік. Мектеп ғимаратының алдында тұрған азаматтың дәл жанына тоқтадық. Өзін Шораев Бурабай деп таныстырған азамат мектеп қарауылы екен. 

«Күн сайын мал қырылып жатыр. Әлеуметтік желіде ауылдың ортақ чаты бар. Бәрін сол жерден біліп отырмыз. Менің де бірнеше сиырым, жылқым аштан өлді. Егер уақыттарың болса, малы қырылған әр үйді жеке-жеке аралап көрсетейін, өздеріңіз сұраңыздар. Айтқан ауызға оңай болғанмен, шөптің жоқтығы бәрімізге қиын соғып тұр. Сенсеңіз, мал басы арзандап кетті. Өткен жолы құлындар 30 мыңнан, тайлар 90-100 мың теңгеден сатылды. Асырай алмайтын болсақ, ең болмағанда аман қалсын деп арзанға саттық», – дейді Қамыстыбас ауылының тұрғыны Бурабай Шораев.

Осы мәселе талқыланып жатқанда мектеп маңына ауыл тұрғындары жинала кетті. Олардан «Сіздер осы өлкеде тұрасыздар. Мәселенің қандай шешімі бар?» деп сұрадық. Топ ішінен Қайрат Әлжанов есімді азамат белсенділік танытты. 

«Ауыл маңында ірі жер иеленушілердің жүздеген, тіпті, мыңдаған гектар жері бар. Кейбірінің жерінен кіші каналдар өтеді. Соның маңында малға азық жабайы шөп, қамыс өсіп тұр. Кейде соны алайын десең, иелері алтынынан айырылып жатқандай жетіп келіп, арам шөпті сататынын айтады. Мәселен, осы өлкеде инвестор Сәкен деген азамат бар. Бір Сәкеннің жеріндегі шөп Қамыстыбас, Ақбай, Әйтеке би ауылдарының малын аштықтан уақытша аман алып қалады», – деді Қ. Әлжанов.

Ауыл тұрғындарына Сәкеннің жеріне барып, қалағанынша шөп орып алуға болатынын айттық. Бірақ, бәрі бір сылтау айтып бастарын ала қашты. Ертесі таң ата «Қара қуыс» деген жерге барып, инвестордың жерін көрдік. Айтса айтқандай, шөп пен қамыс қалың екен. Бірақ, арам шөптің өзін саудаға салған Сәкен есімді азамат сол күні келмеді. Пресс-турды ұйымдастырушы жігіттер күні бойы қамыс орып, оны соған мұқтаж Қамыстыбас ауылының тұрғындарына апарып берді.  

P.S. Құлын құны тоқтыдан арзан болып, қуаңшылықтың зардабын қатар отырған көршісі тартып жатқанда бай-манаптар ақша үшін ағайынын ұмыт қалдырғаны қалай? Қуаңшылық пен жұт – соғыспен пара-пар. Мұндай кезде қолында барды халыққа бермегенді кім дейміз? Оның жазасы қандай?

Облыс әкімдігіндегі жауапты адамдарға осы мәселені жеткіздік. Әкімдік ресми жауап та берді. Оны келесі материалдан оқисыздар. 

Тегтер: