13 Шілде 09:58

Қызылордада Үркер жерге түсті... Фоторепортаж

Фото:

Биыл ауа температурасының қалыптан жоғары болуы әрі жауын-шашынның аз түсуі Орталық Азиядағы қуаңшылық мәселесін өршітіп жіберді. Бұл ретте Қазақстан да зардап шегіп отыр. Nege.kz тілшісі Қызылорда облысына арнайы барып, құрғақшылықтан зардап шеккен аудандардағы жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Еліміздегі қуаңшылықтың бір парасы Сырдария өзенінің тартылуымен тікелей байланысты. Сыр жағасында отырған ауыл тұрғындары «тіршілік көзі» деп атаған дария суы биыл жағадан едәуір алыстаған.

Жоғарыдағы сурет Қызылорда қаласында түсірілген. Сырдария өзенінің артқы фонында тұрған ғимарат –  облыс әкімдігі. Өзен суы тізеге дейін тартылып, тіпті, ортасынан кішігірім аралдар пайда бола бастапты. 

Облыс тұрғындарының айтуына қарағанда, жол-көлік оқиғасы жиілеген. Оған басты себеп – қараусыз мал. Даладан азық таппаған мал көше жағасындағы шөптерді талғажау етуге көшкен. Облысқа сапар барысында мұны көзімізбен көрдік. Жол бойында мал көп кездесті.

Жол жағалаған жылқылардың қабырғасын санауға болады, кейбірінің жүріп тұруға қуаты қалмаған.

Қуаңшылық Қызылорда облысының Қазалы ауданынан әрі орналасқан ауыл тұрғындары үшін тіпті қиын соғуда. 

Негізгі кәсібі Сырдариядан балық аулау, егін және мал шаруашылығы болғасын, Қазалы тұрғындары дарияның тартылғанына наразы. Су табанындағы құм ұйытқыған желмен жоғары көтеріліп, жерлігілті халықтың  мазасын қашырған. 

Жалпы, Сырдария өзенінің бүгінгі көрінісі көңіл көншітпейді. Су жағадан ондаған емес, жүздеген метрге алыстап кеткен. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, дария суы жыл сайын осы мезгілде азаяды. Бірақ, мұншалықты аз болмаған. 

Сырдария маңынан аздаған көк шөпті байқауға болады. Қазалы халқы қой-ешкісін жиып, оларды дария маңына жайып жүрді.

Қазалының халі аралдықтарға қарағанда тәуір екен. Арал ауданының тұрғындарымен тілдескенде «көшіп кеткенге қолымыз қысқа болып тұр» деп қалды. 

500-ден астам мал арам өлген Арал ауданында төтенше жағдай жарияланған-ды. Өңірдегі топырақтың құнарсыздығы, малдың аштықтан қырылғаны сынама нәтижесімен расталды. Тұрғындар жем-шөп бағасының күннен күнге шарықтап бара жатқанын айтты.

Арал ауданындағы құрғақшылықтан кеуіп кеткен жердің құнарлылығы 2 пайыздан аспайды. Яғни, топырақта шөп шығатын нәр жоқ екені ғылыми негізде анықталды. 

Біз арнайы барған Ақбай, Қамыстыбас, Әйтеке би ауылдарында жағдай тіптен нашар. Шөптің болмауы мен малдың арам өлуі төрт түлік бағасын арзандатып жіберген. 

Қуаңшылық бір ғана ауыл шаруашылығы саласына емес экономика мен экологияға да оразан зиян әкеліп отыр. Мәселен, Қамыстыбас ауылында орналасқан Қамбаш көлі жайлы бір кездері «Туризмнің төрі» деп, көп үміт артылған-ды. 

Қамбаштың қазіргі жағдайы мүшкіл. Көл жағалаудан едәуір алыстаған. Әрі құм суырып, көл жағасындағы үйлердің тіршілігін тұралатып отыр. Туристік мақсатта салынған жүздеген баспана қаңырап бос тұр. 

Тәулік бойы жел соғып, көл табанындағы шағыл құмды ұшырып жатқандықтан, қазір мұнда демалуға ешкім келмейтін болған. 

Қамбаш көлі бір кездері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолы бойындағы көрнекті туристік мекенге айналады деген болжам жасалған. Қазір содан қалғаны – тартылған көл мен бос қалған үйлер. 

Қазақта «Үркер суға түссе – құт, жерге түссе – жұт» деген мақал бар. Біздің аяғымыз тиген өңірде Үркер биыл жерге түскен сияқты... 

Тегтер: