Тәжікстанда – Қазақстан медицинасы күндері
– Тәжікстан мен Қазақстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, инновациялар мен технологиялармен алмасу.
Алматы, NEGE. Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бастаған 30-дан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева, орталықтың білікті дәрігері Рүстем Бишманов, санаторлық-курорттық ұйымдардың қызметкерлері, фармкомпаниялар, медициналық университет ректорлары бар. Екі мемлекеттің денсаулық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараның бірінші күні форум мен қазақстандық медицина жетістіктерінің көрмесі өтеді.
Форум барысында Қазақстандағы медицина саласындағы реформалар, практикалық медицинада қолданылатын инновациялар мен озық технологиялар таныстырылып, отандық медицинаның мүмкіндіктері мен жетістіктері баяндалатын презентациялар жасалынатын болады. Тараптар өз тәжірибелерімен, инновациялық және технологиялық жетістіктерімен алмасады. Диалогтық алаңда медициналық туризмді дамыту, ана мен баланың денсаулығын қорғау, репродуктивті хирургияның жетістіктері, кардиология саласында заманауи технологияларды қолдану, кардиохирургиялық қызметті дамыту және денсаулық сақтау саласын цифрландыру және т.б. медицинадағы өзекті мәселелер талқыланады.