Soyle App: Төрт тілге сапалы аударма жасайтын қолданба іске қосылды
Кеше Назарбаев Университетінің жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) Soyle App қолданбасын іске қосқанын мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Бұл қандай жоба десеңіз, көпфункциялы қолданба сөзді танып, дауыс синтезін жасап, ауызша сөз бен мәтінді 4 тілге оңай аударады. Атап айтқанда, қазақшаға, орысшаға, ағылшыншаға және түрікшеге. Қолданбаның басқа да қандай артықшылықтары бар?
Қазақстанның іргелі сөз моделіне сүйене отырып жасалған Soyle App қолданбасы ең алдымен қоғамдағы көптілді қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған жоба.
Отандастарымыз шет елдерге шыққанда өзгелермен оңай түсінісе алады. Екінші қырынан алғанда, бұл да қазір әлемде трендте тұрған жасанды интеллектінің озық өнімі саналады.
Байқап қарасақ, қолданба атауы қазақтың «сөйлеу» сөзінен шыққанын аңғару қиын емес. Барынша тілдік кедергілерді жоюға бағытталған әрі пайдаланушыларға ыңғайлы, толығымен түсінікті.
Енді қолданбаның негізгі функцияларына келсек, Soyle App-тың басты мүмкіндігі – сөздің дәл транскрипциясын жасауында. Сөйлемдердің табиғи дыбысталуын ескереді, соның арқасында ауызша сөйлем болсын, мәтін болсын – оңай аударма жасайды. Екіншіден, қолданба көбіне қазақстандықтардың қажеттіліктеріне ыңғайластырылып құрылған. Оның үстіне кез келген адамға қолжетімді. Интерактив қолданбаішілік мүмкіндіктер мен қолданбаны бағдарламалау интерфейсін (API) ұсынады. Яғни, күнделікті өмірде де, қалаған адам бизнес саласында да қолдана алады.
Көбіне қоғам тарапынан аударманың сапасына күмән болып жататыны жасырын емес. Soyle App қолданбасының аударма сапасы FLoRes деректер жиынындағы BLEU көрсеткіштері арқылы өлшеніп, Google Translate, Yandex Translate және GPT-дің аударма нәтижелерінен асып түскен. Бұл қолданбаның қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі аудармасының жоғары дәлдігін көрсетеді. Қолданбаны пайдалануға белгілі бір төлемақы белгіленбейді, кім қанша көп қолданса, сонысына сәйкес төлем жасайды. Демек, артық шығындалудың қажеті жоқ.
«Бұл 100 пайыз қазақстандық IT өнім: жасанды интеллект модулінің өзегінен бастап дизайнына дейін барлығын ISSAI мамандары жасаған. Ол ел үшін маңызды стратегиялық миссияны шешеді – деректерін онлайн аудармашыларға сенетін пайдаланушылардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ол қазақ тілін үйренуге ықпал етеді, өйткені ол сөйлеу үлгісімен біріктірілген», – деді Ұлжан Бисаринова, Soyle App продакт-менеджері және ISSAI деректер талдаушысы.
Қалай алғанда да, ISSAI-дың бұл жолғы жобасы сәтті шыққан алғашқы институт жетістігі әрі өнімі саналады. Қазақстанның жасанды интеллект саласын дамытуда жақсы нәтижелерге жетіп жатқанын көрсетеді, қоғамның бірегей қажеттілігі үшін жасалған. Қазақстандық зерттеушілер командасы әзірлеген бұл қолданба еліміздің жасанды интеллект саласындағы таланттарының кәсіби шеберлігін әлемге паш етіп, еліміздің осы салада алдыңғы қатарға шығуына үлесін қосып жатыр. Мамандар Soyle App қосымшасы арқылы Орталық Азияда дауысқа негізделген жасанды интеллект мүмкіндіктерін жақсартуға, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге елеулі қадам жасап отыр.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағыты ілгері басып, технологиялық тұрғыдан тәуелсіз атануға мүмкіндіктер ашылуда. Демек, алдағы кезеңде жасанды интеллект инновациялары арқылы жаһан жұртшылығының алдыңғы қатарына шығарымызға сенім мол.