«Қазаққа сайт та керек, телеканал да керек, ән де керек» – Қыдырәлі Болманов
NEGE-нің бес жылдығына орай түрлі салада жүрген тұлғалардан құттықтаулар толассыз түсіп жатыр. Солардың қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов та бар.
Өнер қайраткері қоғамда резонанс тудырған мәселерерде қалыс қалмай, порталымызда әрдайым өз пікірін ортаға салып отырады. Қазақ өнері мен руханиятына қызмет қылып жүрген Болмановтың да кезінде балағынан тартқандар аз болмады. Дегенмен, көзі қырағы жұрт ол негізін қалаған «АБК», әлем сахнасында күмбірлете күй төгілтіп жүрген «Ұлытау», «Бангор» және жеке дара танылған Қарақат, Рахат Тұрлыханов сынды тыңдарман жүрегінен орын алған жобаларын жақсы біледі. Жаһандану заманында бүлдіршіндердің тілін қазақ тілінде сындыруға бағытталған «Балбала» ойыншықтар топтамасы да ұрпақ тәрбиесі жолында бастау алған игі бастамалардың бірі екені анық.
«Қазаққа сайт та керек, телеканал да керек, ән де керек, бәрі керек. Бұлар ешқашан артық болмайды. Мәдениет деген дүние бәрімізге ортақ әрі ауадай қажет. Сайттарыңыз өсіп-өніп, 50 жылға келген үлкен тойларыңызда үлкен жетістікке жеткендеріңізді көруді нәсіп етсін дегім келеді. Дендеріңіз сау, ғұмырларыңыз ұзақ болсын! Алла тағала екі өмірдің абыройы мен бақытын нәсіп етсін. NEGE сайтына арнайы Қыдырәлі Болмановтан», – деп сәлем жолдаған.