Досым СӘТПАЕВ: Назарбаев артына жақсы мұра қалдырған жоқ
Бүгін тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «президенттік өкілеттігімді тапсырамын» деп жария еткеніне де бақандай бес жыл өтті. Біреулер қимай көз жасына ерік берген, біреулер малақайын атып қуанған кез еді бұл.
Одан кейінгі оқиғаларды баяндап жату артық болар, бәрі көз алдымызда өтті. Билік транзитінің шырғалаңы Қаңтар оқиғасына әкеп соққаны жасырын емес. Қазақстандық саясаттанушы Досым СӘТПАЕВ осы тосын шешімнің себеп-салдары жөнінде NEGE-ге өз пікірін ашып айтты.
– 2019 жылы Назарбаевтың президенттік қызметінен кетуіне Өзбекстанда болған оқиғалар түрткі болды. Атап айтқанда, 2016 жылы Ислам Каримов қайтыс болды. Посткеңестік кеңістікте Назарбаев пен Каримов қана кеңестік номенклатурадан бері келе жатқан егде адамдар еді. Жастары да шамалас. Ислам Каримовтың өлімінен кейінгі Өзбекстанда болған үрдістер Қазақстанда да қайталануы ықтимал еді. 2016 жылдан кейін Назарбаев «биліктің ауысу процесі қалайда өз қолымда қалсын» деп ойлана бастады.
Ислам Каримов қайтыс болған соң, Шавхат Мирзиеев президент болды. Мұның арты белгілі бір саяси үдерістерге ұласты. Бұл бұрынғы президенттің отбасына да қатысты еді. Сондықтан 2019 жылы Назарбаев осындай шешім қабылдады.
Сонымен қатар, ол Ли Куан Юдің жолымен жүрмекші болды. Назарбаев бұл адам туралы жиі сөз қозғап, үлгі тұтты. Егер Сингапурдың тәжірибесіне қарасақ, Ли Куан Ю 1959-1990 жылдар аралығында премьер-министр болды. Оның құзыреті де Назарбаевтікіндей абсолютті билік еді. 1990-2000 жылдар аралығында үкіметтегі министрлердің «тәлімгері» атанды.
2004 жылдан 2011 жылға дейін өзінің ұлы басқарған үкіметтің «тәлімгері» болды. Назарбаев та осы схема бойынша жүргісі келді. Яғни, президент қызметінен кеткенмен, қолында түрлі үлкен құзыреттерді сақтап қалуды көздеді. Мәселен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, мәңгілік сенатор және тағысын тағылар. Осы арқылы Тоқаевты бақылауында ұстамақшы болды.
Назарбаев үшін Тоқаев уақытша тұлға еді. «Уақытша тұлға ретінде біраз отыра тұрсын, сосын басқа біреуді тағайындауға шешім қабылдаймын» деген ойы болды. Назарбаев сингапурлық схеманы осылай іске асырмақшы болды. Бірақ бәрі шашырап, жағдай күрт өзгеріп кетті.
Қазір мүлде басқаша саяси ахуалға тап келіп отырмыз. Десе де, өз басым «Назарбаевтың дәуірі бітті» деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Өйткені, Назарбаевтың жүйесі қалды. Саяси жүйе де назарбаевтікіндей – автократиялық. Экономикалық жүйе де – «баяғы жартас – бір жартас». Ұжымдық Назарбаев бюрократия түрінде әлі билікте отыр. Сондықтан президент ауысқанымен, жүйенің болмысы, ішкі идеологиясы өзгерген жоқ. Бұрын билік халықтан қаншалықты алшақ болса, қазір де солай. Олигархтар да орнында қалды. Рас, бір бөлігі қысымға ұшырап жатыр. Қалғаны билікпен келісе алғандықтан, емін-еркін жүр. Назарбаевсыз да Назарбаевтың құрған жүйесі күйреген жоқ.
Бұл – өкінішті жайт. Жақсы нәрсе емес. Өйткені, Назарбаев құрған жүйе 30 жылдан бері саясатта да, экономикада да үлкен проблема туындатты. Әрмен қарай осылай жалғасса, назарбаевтық жүйе инерциямен жылжи берсе, екі жылдан бері айтып келе жатқан «Әділетті Қазақстан», «Жаңа Қазақстан» деген ұрандарға қарамастан әлеуметтік толқу, саяси апат болып, жүйеге үлкен залал келтіруі ғажап емес.
Менің пікірімше, 1990 жылдардың басында үлкен мүмкіндіктер болса да, Назарбаев артына саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да жақсы мұра қалдырған жоқ. Ең сорақысы, қазіргі саяси элита қателіктерден сабақ алмады. Бұл – өте үлкен проблема. Қаңтар оқиғасының өзі сабақ болмаған сыңайлы. Олар қазір алаңсыз жүргендей. Билікті бақылауға алды. Өз адамдарын қойып жатыр. Кейбір оппозициялық белсенділерге соққы берді. Біреулерді түрмеге тоғытты. БАҚ-қа, және тағы да басқаларға қатаң бақылау орнатты.
Осылайша «жағдайды толық бақылауға алып отырмыз» десе, меніңше, мұнысы – жаңсақ пікір. Олар қауіптің үстіңгі бөлігін ғана бақылауға алды. Бірақ Қазақстандағы қарсылықты көңіл-күй ешқайда кеткен жоқ. Назарбаевтың тұсында әлеуметтік жарылыстарға алып келген қарсылықты көңіл-күй (айталық Жаңаөзен, жерге қатысты митингтер) жоғалып кетпеді. Енді арта түспесе, кемімейді. Себебі, кедейшілік деңгейі едәуір өсті.
Халықтың қарызға бату деңгейі тым жоғары. Қазақстандықтардың 80 пайызының жалақысы тамағынан артылмайды. Бұл да – кедейшіліктің нышаны. Мұның бәрі қордаланып келіп, әлеуметтік шиеленіске негіз болады.
Тоқаевтың қолында бұл проблемаларды шешу құралы жоқ. Назарбаевта да болған емес. Популистік әдіспен емес, жібі түзу экономикалық реформа жасап, тым құрыса, олигархтарды тезге салып, бәсекелестігі бар экономикалық жүйе құруға Тоқаев әлі дайын емес.