29 Шілде 13:05
...

«Дімкәс Машкевич», «жұмбақ Сурлевич» және «жаңарған» ERG

ERG
Фото: Коллаж NEGE

ERG компаниясының директорлар кеңесі толықтай жаңарды. «Ескі гвардия» өкілдері Александр Машкевич пен Патох Шодиев кетіп, олардың орнына Эдуард Юрьевич Сурлевич пен Сабыр Патохұлы Шодиев келді. Директорлар кеңесінің төрағасы – Алиджан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимов.

Компанияның ресми сайтында директорлар кеңесі мүшелерінің фотосын жариялапты. Біз бұған дейін Шухрат Ибрагимовты танитынбыз, енді Сабыр Шодиев пен Эдуард Сурлевичтің де суретін көрдік.

Машкевич пен Шодиев директорлар кеңесінен НЕГЕ кетті? ERG-дің директорлар кеңесі жаңарды, енді компанияның саясаты өзгере ме? Бұғатталып жатқан дивидендтің жайы не болмақ? Бұғатталған есепшотта қанша қаржы бар? Статилер ісі не боп жатыр? Осы және өзге де сұрақтарды ERG-дің 40 пайыз үлесіне ие Қазақстан үкіметінің атынан директорлар кеңесіне кірген Қаржы министрі Мәди Тәкиевке қойғанбыз. Ресми саулдарымызға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді. Жауап мәтіні төмендегідей.

Жауап
Фото: NEGE

«1. А.Машкевич пен П.Шодиевтің ERG Директорлар кеңесінен кету туралы шешімі олардың жеке бастамашылығы бойынша олардың құқығына сәйкес қабылданды. Сіз қосымша ақпаратты компаниядан сұрай аласыз.

2. ERG Директорлар кеңесі мен акционерлеріне А.Машкевич пен П.Шодиевтің Компанияның Директорлар Кеңесінің құрамынан ресми отставкаға кетер алдында шығу ниеті туралы хабарланды.

3. Бізде А. Машкевичтің денсаулық жағдайы туралы Министрлік тарата алатындай қосымша ақпарат жоқ. ERG Директорлар кеңесінің немесе оның жоғары басшылығының құрамындағы кез келген өзгерістерге қарамастан, Компания белгіленген стратегиялар мен даму жоспарларына сәйкес әдеттегідей басқарылатын болады.

4. ERG-дің аудиттелген қаржылық есептілігіне сәйкес 2017-2023 жылдар аралығында 392 миллион АҚШ доллары (салықтарды есепке алғанда, бұл салықтарды шегергенде 388,4 миллион АҚШ долларын құрайды) Қазақстан Республикасы Үкіметіне төленуге тиісті дивидендтер ретінде жарияланды, оның атынан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті әрекет етеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 22,8 млн АҚШ доллары мөлшерінде (салықтарды шегергенде) дивидендтер тікелей Қазақстан Республикасының бюджетіне төленді. 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Үкіметіне төленуге жататын 365,6 млн АҚШ доллары мөлшерінде (салықтарды шегергенде) жарияланған дивидендтер ERG арнайы банктік шоттарында болады және төлеу үшін шектелген.

Олигархтар
Коллаж NEGE

5. Стати тараптары қатысатын сот талқылаулары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің юрисдикциясында болады. Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Ұлттық Банкі және Стати тараптары Tristan Oil кредиторларының қолдауымен дауды бейбіт жолмен реттеу туралы заңдық міндетті Негіздемелік келісім жасағанын ресми растады. Тараптар арасындағы одан әрі егжей-тегжейлі әрекеттер мен келісімдер барлық сот процестері мен ағымдағы талаптарды тоқтатуы тиіс. Негіздемелік келісімнің шарттары құпия болып қалады. Люксембург Сотының 2017 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен қойылған шектеулер осы хаттың күніне күшінде қалатынын атап өткен жөн. Министрлік жоғарыда аталған Негіздемелік келісімнің тараптары белгіленген тәртіппен Люксембург юрисдикциясы бойынша түпкілікті келісімге қол жеткізеді деп күтеді. Кейіннен, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен және басқа да уәкілетті органдармен ынтымақтастықта Министрлік өз құзыреті шеңберінде осы мәселені шешуді жеделдету және Қазақстан Республикасының активтеріне құқықтық шектеулерді алып тастау үшін барлық күш-жігерін салады.

6. Директорлар кеңесінің әрбір мүшесінің Директорлар кеңесінің құзыретіне жататын шешімдер қабылдау процесіне қатысуға және басқаруды бақылаудың белгіленген рәсімдеріне, негізгі корпоративтік құжаттарға және қолданылатын заңнамаға сәйкес тұтастай алғанда Компанияның қызметіне бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндігі бар.

7. Эдуард Сурлевич Компанияның ішкі құжаттарына және әр акционерге Директорлар кеңесіне өз өкілін тағайындауға мүмкіндік беретін тиісті корпоративтік келісімдерге сәйкес Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Сурлевич мырзаның кандидатурасын А.Машкевич, оның орнына Директорлар кеңесінің мүшесі ретінде ұсынды. Компанияның Директорлар кеңесі мен акционерлерінің 2024 жылғы шілдедегі шешіміне сәйкес Директорлар кеңесінің жаңа төрағасы Шухрат Ибрагимов болды.

8. Директорлар кеңесінің төрағасы мен кейбір мүшелерінің өзгеруіне байланысты барлық қажетті рәсімдер қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге және Компанияның корпоративтік келісімдеріне оның ішінде Директорлар кеңесі мен акционерлердің қажетті отырыстарына сәйкес жүргізілді. Директорлар кеңесінің құрамындағы өзгерістер тиісті түрде іске асырылды».

«Машкевич пен Шодиев кететінін бізге ескертті» дейді министрлік. Бірақ Машкевич те, Шодиев те орнына кімдерді әкелетінін айтпаған сияқты. Өйткені Эдуард Сурлевич деген «жұмбақ адамды» біздің тарап жыға тани алмай отыр. Жауаптан соны байқадық.

Жалпы, Машкевичтің жүрген жері жұмбаққа, қым-қуыт, шым-шытырық оқиғаларға толы ғой. Бүгін Лондоннан төбе төбе көрсетсе, ертең Африкадан шаңы көрінеді. Байқауымызша, ол орнына өзіне ұқсайтын адамды әкелген сыңайлы.

Алаяқ
Коллаж NEGE

Ресейлік «Коммерсантъ» басылымының жазуынша, 2012 жылы Мәскеуде Юрий Эдуардович Сурлевич деген бизнесменді Солтүстік қапқаздық бандиттер ұрлап әкетіп, 500 млн рубль өтемақы сұраған. Үш ай бойы қамақта отырған Сурлевичіңіз де тегін адам емес екен, ол бандиттердің бірінің автоматын тартып алып, қамаудан қашып шыққан. Ақырында бандиттер ұзақ жылға қамалды, Э.Сурлевич «ресейлік Рэмбо» деген атқа ие болып, абыройы артты. Бір қызығы, Машкевич орнына әкелген Эдуард Сурлевичтің де әкесінің аты – Юрий, тегі – Сурлевич. Туған жылы, шешесінің аты, бәрі сәйкес келіп тұр. Яғни, «ресейлік Рэмбо» «біздің Сурлевичтің» әкесі болуы әбден мүмкін.

Бұдан да қызық дерек мынау: Машкевичтің ұлы жоқ, тек екі қызы ғана бар – Алла және Анна. Эдуард Сурлевичтің бір ұлының аты Натан екен. Яғни Антон. «Жаурыншылардың» болжамына сенсек, Э.Сурлевич – А.Машкевичтің күйеубаласы (Аннаның күйеуі), бір ұлының атын қайын атасының құрметіне Натан – Антон деп қойған-мыс. Бұл – алда-жалда А.Машкевич олай-бұлай бола қалса, ізбасары бар деген сөз. Міне, «жұмбақ Сурлевич» жайында там-тұм ақпарат әзірге осы.

Ал енді дивиденд мәселесіне келсек, мұның жыры ұзаққа созылатын түрі бар. Біріншіден, Қазақстан үкіметі Статилердің тілін тапқанымен, дивиденд жатқан есепшот бұғаттан босаған жоқ, қай кезде босайтыны тағы белгісіз.

Екіншіден, ERG соңғы рет 2017 жылы Қазақстан бюджетіне дивиденд ретінде 22,8 млн доллар төлеген, ал 2018 жылдан бастап 365,6 млн доллар жатқан арнайы есепшот бұғатталған. Ал енді 365 млн доллар қайдан шықты? Бұл сома неге миллиард емес? «Елге қайтару» қорын жетекшілерінің бірі Оразалы Ержановтың айтуынша, 2007 жылдан бері ERG Қазақстан бюджетіне кемі 10 млрд доллар төлеуі тиіс болған. «Алайда бұл соманың түскеніне күмәнім бар», – дейді О.Ержанов.

«Қосылғыш ауысқанымен қосынды өзгермейді» деген тәмсіл бар. Директорлар кеңесінің төрағасы мен мүшелері ауысқанымен, компанияның саясаты өзгермейтінін біздің тарап та мойындап отыр. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Бұл – «Машкевич және Ко» бұдан әрі де «жылы-жұмсақты» өздері кертіп жеп, «сүйегін» бюджетке тастауды жалғастыра береді деген сөз.

ERG мен төленбеген дивиденд мәселесінде саяси ерік-жігер, дәлірек айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бір ауыз сөзі аса қажет болып тұр...