16 Маусым 18:55

ДИПЛОМАТТАР шеруі: Елші-әкім бе, әлде әкім-елші ме?

Фото:

Шығыс Қазақстан облысының тізгінін Ресейде елшілік қызмет атқарған Ермек Көшербаев ұстады. Осымен әкім болған елшілердің саны үшеуге жетті: Дархан Сатыбалды, Бейбіт Исабаев және Ермек Көшербаев.

Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломат болғанымен, ұзақ жылдар бойы елшілік қызмет атқарғанымен байланыстыруға бола ма? Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл – елімізде бұрыннан келе жатқан саяси тәжірибе.

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, дипломат:

Біздегі кадрлық саясат осындай

– Біздің президентіміз кім? Әрине, дипломат. Саяси тұрғысынан, көзқарасы, ұстанымы жағынан өзіне жақын адамдарды қызметке қойып жатыр. Шығыс Қазақстан – өнеркәсібі бар өңір. Зауыттар көп. Сондықтан өнеркәсіпті, экономиканы жақсы білетін тәжірибелі адамның әкім болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Бірақ біздегі кадрлық саясат осындай. Конституцияға сүйенсек, облыс әкімдерін президент тағайындайды. Кімді қойса да, президенттің құқығы бар. Тағайындайды, ауыстырады. Біз тек қана қабылдаймыз, келісеміз немесе келіспейміз.

Сондықтан жүйені өзгерту керек. Онсыз жергілікті халықтың өзін кім басқаратынын таңдау, пікір білдіру құқығы болмайды. Саяси өзгеріс жасалып, жергілікті халық кімнің басшы боларын өзі таңдауы тиіс.

Мәселен, мен Алматы қаласының тұрғынымын. Менің пікірімді ешкім сұрамайды. Алматы әкімі өткенде аудан әкімдерін ауыстырып жіберді. Тұрғындардан бір ауыз сөз сұраған жоқ. Өз басым, бізді басқаратын адамдарды жоғарыдан әкелгенімен келіспеймін. Халықтың пікірі ескерілсе ғана, әкімдер халықпен санасатын болады.

Болат Әбішев, саясаткер:

Қазіргі кезде әкімдердің жұмысы қиын емес

– Бізде елші болып келіп, облысты, министрлікті басқарған адамдар аз емес. Қазіргі кезде әкімдердің жұмысы соншалықты қиын деп айта алмаймын. Дипломат болсын, басқа болсын, тек президенттің айтқанын істеп, тапсырмасын орындаса жеткілікті. Әкімдер тәуелсіз әрекет ете алмайды. Елдегі көп нәрсе әкімдерге байланысты емес. Қолдарынан көп нәрсе келе бермейді де.

Бұрын да барлық мәселе Президент әкімшілігінде шешілетін еді. Сол әлі жалғасып жатыр.

Тәуелсіздік басында, 1990-жылдары өзім әкім болып жұмыс  істедім. Сол кездері әкімдердің қолынан көп нәрсе келетін. Елде ақша жоқ болса да, өзіміз шешім қабылдадық. Талап қоя алатынбыз. Заңды түрде тәртіпке шақыратын мүмкіндік болды. Қазір оның бірі жоқ. Құзыры шектеулі. Сондықтан, кімді қойса да, көп ештеңе өзгермейді.  

Тоғжан ҚОЖАЛЫ, саясаткер:

Елшілік қызмет командировкаға ұқсайды

– Бізде дипломат болған әкімдер бар. Дипломатиядан әкімдікке, әкімдіктен дипломатияға бару – Қазақстанда кәдімгі тәжірибе. Десе де, Ермек Көшербаевтың әкімдікте тәжірибесі бар адам. Бұрын облыс әкімінің бірінші орынбасары болған.

Мәселе басқада. Бізде дипломатиялық білімі, тәжірибесі жоқ адамдарды дипломатияға жібереді. Дипломаттарымыздың салалық білімі мен тәжірибесі жоқ. Дипломатия дегеніміз – салалық білімді талап ететін кәсіп.

Ермек Көшербаев та кәсіби дипломат емес. Ресейде бірнеше жыл елші болғанымен, оны дипломат деп айтуға келмейді.

Ресей мен АҚШ-қа президенттің қасында жүрген сенімді адамдар елші боп барады. Мәселен, кезінде Ресейде Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Марат ТӘЖИН және Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ елші қызметін атқарды. Мәскеуге көбіне салмағы бар шенеуніктерді жібереді. Сондықтан Ермек Көшербаевты да ішкі саясатта салмағы бар тұлға деп санауға болады.

Елшілік қызмет – біз үшін «абыройлы түрде жер аудару». Басқа жұмыс табылмаса, демалып келетін командировкаға –  іс-сапарға ұқсайды. Еуропа және Азия елдерінде жұмыс істеп жатқан елшілеріміздің дені – бұрынғы шенеуніктер. Рас, кәсіби елшілеріміз бар. Бірақ олар көп емес.

Тегтер: