«БЮДЖЕТ қаражатын тиімді пайдалану өзекті болып тұр» – Нұртай САБИЛЬЯНОВ
Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай САБИЛЬЯНОВ айтқан еді.
– Нұртай Салихұлы, Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитеті биылғы жылы қандай жұмыстар атқарды? Жыл нәтижелі болды ма?
– Біздің комитет Парламент Мәжілісіндегі 22 заң жобасына бас комитет болып, заң шығару қызметін белсенді жүзеге асырып жатыр. Комитетте экономика саласы мен өңірлерді дамытуға, кәсіпкерлікті жақсартуға, көлік, жол, байланыс пен инфрақұрылым, мемлекеттік қызмет көрсетуге және тағы басқа мәселелерге қатысты заң жобалары ашық түрде талқыланып, шешімдер қабылданды.
Және де заң жобалары талқыланған кезде әр салаға байланысты қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдарының өкілдерін, қоғамның белсенді азаматтарын, мамандарды жұмыс тобына кіргізіп, бірлесіп жұмыс істедік.
Ал енді қандай жұмыстар атқарылды дегенге тоқталайын. Қазір біздің қоғамда бюджет қаражатын тиімді пайдалану өте өзекті болып тұр. Оны өңірлерге барып, халықпен кездесулер өткізгенде істеліп жатқан жобалармен танысқанда көріп жүрміз. Ақша бюджеттен бөлінсе де, бірқатар нысандар сапасыз салынған, кей жағдайда қаражат тиімсіз жұмсалып, аяқталмай қалғандары да баршылық. Яғни бақылау мен тексеру дұрыс жүргізілмеген. Сондықтан біздің комитет Жоғарғы аудиторлық палатаға жергілікті бюджетті тексеру құзіретін беру туралы ұсыныс енгізіп, ол қабылданды.
Сонымен, халыққа сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді, үйлерді жекешелендіру мәселесі шешімін тапты. Қазіргі таңда 50 мың азаматқа осындай үй берілген. Енді оларға пәтерлері мен үйлерін жекешелендіру құқығы беріледі. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, азаматтардың дербес деректерін қорғауға, оған мемлекеттік бақылау орнатуға қатысты заңдар қабылданды. Экспортқа өнімдерді шығаруды қолдау, сақтандыру туралы мәселе шешілді. Өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту мен елді мекендерді ауызсу және жылумен қамтамасыз етуге, жолдарды жөндеуге, спорт пен мәдениет, денсаулық сақтау нысандарын салуға тиісті қаражат бөлгіздік.
Сондай-ақ, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті шекара манындағы аумақтарды дамыту, ауылдарды ауыз сумен және жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, экономика саласын дамыту туралы тақырыптық кеңейтілген отырыстар өткізіп, ұсынымдар енгізді.
Шекара маңындағы аумақтарды дамыту және «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын бекіту туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды.
Жалпы депутаттар экономикадағы және өңірлердегі мәселелерді шешуге белсенді жұмыс істеп жатыр.
– Парламент сайтындағы мәліметтер бойынша сіздердің комитеттеріңіз соңғы рет 5 желтоқсанда «Мүгедектігі бар адамдар үшін көлік инфрақұрылымының барлық түрлерінің қолжетімділігі» тақырыбында отырыс өткізіпті. Мүгедектердің жүріп-тұруы біздің елде өте үлкен проблема екені белгілі. Елімізде инватакси жетіспейтіндігі мен қоғамдық көлікке мүгедектердің кіріп-шығуы өз алдына үлкен проблема, ғимараттардың көбінде пандустар салынбағаны сияқты мәселелер де жетерлік. Бұл мәселелердің барлығы заңның олқылығынан ба? Отырыста қандай мәселелер талқыланды, қандай қорытындыға келдіңіздер?
– Мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау, олардың инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі біздің Комитеттің басты назарында. Бұл мәселелер Комитет отырыстарында бірнеше рет талқыланып, ұсыныстар жасалды. Қаралып жатқан заң жобаларына да ұсыныстар берілді.
Бұл жерде атап айтуым керек, біздің комитеттің мүшесі, «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының жетекшісі, депутат Ерлан Абдиев белсенді жұмыс атқарып жатыр. Барлық мәселелермен өзі тікелей танысып, комитеттің талқылауына енгізуде. Осы топтың мүшелері – депутаттар да мәселелерді шешуге атсалысып жатыр. Шешілген мәселелер де бар.
Мүгедектігі бар адамдарға ұшақпен ұшуға, пойызбен жүруге қолайлы жағдайлар, жеңілдіктер қарастырылып, қаражат бөлінуде.
Сонымен қатар, осындай азаматтардың ғимараттарға, инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етуге байланысты, көлік қызметтерін кедергісіз пайдалануға қатысты жаңа Стандарттар, қойылатын талаптар әзірленді. Яғни тұратын жерінен баратын жерлерге дейін, оларға көрсетілетін қызметтер алуына қолайлы жағдай жасауға жұмыстар істелуде.
– Өңірлерді дамыту десек, еске ауыл-аймақтардағы жол, ауызсумен қамту, жұмыссыздық сияқты әлі шешілмей келе жатқан мәселелер еске түсетіні рас. Биылғы жылы өңірлердің инфроқұрылымдық мәселелерін шешу үшін қандай маңызды заң жобалары қарастырылып, қандай заңдар бекітілді?
– Иә, өңірлерді өзекті мәселелер баршылық. Ауыз су және жылумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді және басқа да нысандар салуға, елдімекендердің инфрақұрылымдарын жақсарту жобаларын қаржыландыруға Республикалық бюджет туралы заң жобасында тиісті қаражат қарастырылды. Өңірлерді дамытуға субвенция ретінде қомақты қаражат бөлініп отыр.
Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әкімдіктерге жаңадан салынған немесе дайын тұрғын үйлерді сатып алуға заң жобасына өзгерістер енгізу арқылы мүмкіндік беріліп отыр. Осыған дейін әкімдіктер тұрғын үйлерді салғызса, енді дайын үйлерді сатып алуға қол жеткізеді. Ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуді, байланысты жақсартуға бағытталған заң жобасы қарастырылғанын да айта кету керек. Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы жан-жақты талқыланды. Бұл аймақтарда мемлекеттің қаражатына салынатын объектілердің сапалы болуын, қаражат қарастырылуын және уақытында аяқталуын реттейтін заң болады.
– Ел экономикасының дамуына шағын және орта бизнестің ықпалы зор екені мәлім. Елімізде бизнес саласының дамуына қандай жағдайлар жасалып жатыр?
– Расында да ел экономикасын дамытуда кәсіпкерлік субьектілерінің ықпалы өте зор. Сондықтан да кәсіпкерлер мен өнеркәсіп кәсіпорындарына қолайлы жағдай жасау маңызды. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінде кәсіпкерлікті дамытып, кедергілерді алып тастауға, қойылатын талаптарды азайтуға бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Кәсіпкерлердің қызметін тексеруді реттеу, бәсекелестікті дамыту, қолдау көрсету де қарастырылған. Бұл заң жобасына бір мыңнан аса ұсыныстар енгізіліп отыр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та экономикалық реформа жасау туралы жиі айтады. Биылғы 2023 жылды елеулі экономикалық реформалар жасалды деп айта аласыз ба?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасының дамытуға бағытталған реформасы аясында жаңа атап айтқан бизнесті жүргізу мен жақсарту туралы заң жобасы әзірленіп, қабылданып жатыр. Бұл заң жобасының экономиканы алға жылжытуда алатын ролі үлкен. Өйткені кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасап, қолдау арқылы бюджетке түсетін салықтың, түсімдердің көлемі ұлғаяды, өндірісіміз дамиды, жаңадан жұмыс орындары ашылады.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісінде заң жобасы түзетулер енгізу арқылы шығарылатын шикізатты елімізде өңдеудің көлемін ұлғайту мәселесі шешілді. Бұл өте маңызды қадам.
Өйткені осыған дейін шикізатты тікелей, төмен бағамен экспортқа шығарған болсақ, енді өзімізде шығарылатын шикізатты алдымен отандық кәсіпорындарында өңдеп, дайын өнім ретінде сату, экспортқа шығару қамтамасыз етілетін болады. Бұл өндірісімізді дамытуға, жаңа технология мен құрал жабдықтар алуға, инвестиция тартуға оң әсерін тигізеді.
Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау туралы Президентіміздің арнайы Жарлығы шықты. Трансферттік бағаны реттеу қолға алынды. Бұл енді экспортқа шығарылатын өнімдер мен товарларға нарықтық бағаны қолдана отырып, салық салуды жүзеге асырады. Яғни бюджетке түсетін салықтың көлемі ұлғайып, ол әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды жақсартуға жұмсалады. Ұлттық қордың қаражатын ұлғайтуға бағытталған шаралар қабылданды. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленуде. Көлік-логистика саласында Мойынты-Достық, Дарбаза-Мақтаарал, Бахты-Аягөз теміржол желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін жетілдіру қолға алынып, агроөнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалуда.
Енді кәсіпкерлік субъектілерін қолжетімді несиемен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапса, ұлттық экономикамыз орнықты дамитын еді.
– Алдағы жылға комитеттің алдына қойған қандай жоспарлары бар? Қандай жұмыстар атқарылады деп күтесіздер?
– Алдымызда Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Тұтынушылардың құқығын қорғау, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту, Мемлекеттік сатып алу, Тұрғын үй саясаты туралы заң жобаларын қарастырып, шешім шығарып, қорытынды әзірлейтін болады.
Сонымен қатар, өңірлерді дамытуға, экономикамызға талдау жүргізіп, мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарды заң жобаларына енгізетін болады. Жол жөндеу, интернет және ауызсумен қамтамасыз ету, тұрғын үй салу мәселелерін шешуге атсалысады. Комитет мүшелері – Депутаттар ауыл-аймақтарға барып, халықпен ашық кездесулер өткізеді және мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді. Азаматтарды қабылдап, мәселелерін қарастырады.