3 Сәуір 19:59

«Болмаған балалық шақ» сахналанды

Фото:

Мүсірепов театры тағы бір жаңа туындының тұсауын кесті.  Әдеттегі сахналанатын театр туындыларында өмірден өткен тұлғалар мен ойдан шығарылған кейіпкерлер көрініс тапса, бұл жолғы премьераға белгілі ақын Ақберен Елгезектің  балалық шағы арқау болған.  

«Болмаған балалық шақ» қойылымы ақынның кітабы негізінде жарық көріп отыр. Қоюшы-режиссері – Фархад Молдағали.

Жан жарынан айырылған жесір ананың қос құлыны мен қызын жетектей төркініне тартпаудан өзге амалы бар ма? Себебі, мықтының өзін  жасытып жіберетін қала елдің бәріне бірдей пана болған ба? Оған отағасы о дүниелік болған зиялы отбасының жадау тірлігін қосыңыз. Анамның төркініне барып, бақытты балалық шақтың қызығына шомамын деген Ақоштың асқақ арманы алысқа бармайды.

Полигон зардабынан жарымжан болып туған ағасынан айырылу оны бір есейтсе, анасының қалыңына бір бие байлаған Қалаңға күйеуге шығуы тірідей жүрегін жұлып алумен пара-пар болады. Жабырқап, оңашада өз ойымен баз кешкен баланың жанын кім ұғынып, кім түйсінсін?!  Жүрегіне жұбату болар бір ғана сенім бар. Ол  әкем – Құдай деп тануы.  Ал, Құдай әкесі болса, анасы мен баласы неге бақытсыз болсын?!

Қойылым екі актерлік құрамнан тұрады. Біз барған күні Ақбереннің рөлін – Нариман Елубай сомдады. Ал қызы мен ұлын шешесі мен «жетпегірге» басып жекірген жеңгесіне қалдырып кете барған жесірді Нұргүл Мыңғатова кейіптейді. Автордың өз сөзімен айтсақ, «баланы ұру деңгейіне көтерген» Қалаңды ойнау Руслан Ахметовке бұйырған.

Қалаң ащы суға сылқия тойып келген күні жекіре таяқтың астына алатын Ақошты марқұм әкесінің ағасы қолына алмағанда, күндердің күні кезеген пышағы мен қара қамшысының құрбанына айналар ма еді. Ал бауырымның баласын бөтеннің бөзіне салмаймын деген Орынғали ақсақалды сомдаған Сәкен Рақышевтің шеберлігінде сөз жоқ.

Орынғали атасының қолына орнығып оң-солын танығанымен бала Ақбереннің жадау көңілі жабырқаудан тынбайды. Әйел дауысын естісе, анашымға басып, арқасына жабыса  жөнелетін баланың арманы – шешесін бір көру. Жер бетінде ананың ыстық құшағы мен аңқыған жұпар исінен артық ғаламат жоқ шығар, сәрі. Ал оның шексіз бағасын мейірімге зар болған Ақоштан артық білер жан баласы жоқ сияқты.

Спектакль соңында сағыныштан сарғайған жұдырықтай жүрек жас буған жанарымен теледидарға телміре отырып: «Сол күннен бастап мен анамды күтуді доғардым. Ал, жүрегім сағынуды тоқтатпады», – дейді.

Иә, Ақберен Елгезектің өмір жайлы жырлаған өлең жолдарында тұла бойыңды шымырлататын сырдың астары осында жатса керек. «Тұлғалар өмірі қилы тағдырдан тұрады» деген осы ма дерсің. Егер автордың өз тілімен түйіндер болсақ, баласын сағынбайтын ана болғанымен, анасын сағынбайтын бала болмайды...

Тегтер: