«Бокс төбелес емес...» – Бас бапкер Мырзағали Айтжанов боксшылардың дайындығы туралы айтты
26 шілде күні Франция астанасы Парижде 33-жазғы Олимпиада ойындары басталады. Жекелеген спорт түрі бойынша қазақстандық боксшылар ең көп жолдаманы жеңіп алды. Ерлер құрамасы олимпиадаға толық құрамда (7 боксшы), ал әйелдер құрамасынан 3 боксшы, жалпы 10 боксшы сынға түседі.
NEGE тілшісі байрақты бәсеке алдында бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановты әңгімеге тартқан еді.
– Мырзағали Құланұлы, былтыр президенттің қабылдауында болғанда «Токио Олимпиадасында кеткен есемізді Парижде қайтарамыз» деп уәде берген едіңіз. Парижде өтетін олимпиадаға жолдама алған 7 боксшының дайындығы қалай?
– Лицензияны ұтып алғаннан бері жігіттер дайындық үстінде. Бұл дайындықтың өз сатысы бар. Әр оқу-жаттығудың физикалық тұрғыдан пайдасы жетерлік. Ең соңғы оқу-жаттығу Түркістан облысындағы Алматау базасында өтіп жатыр. Мұнда қарсыластарға қарсы арнайы дайындық жүруде. Айла-тәсіл мен шеберлікті тағы бір шыңдаудың артықтығы жоқ.
– Жолдама алған 7 боксшы, атап айтқанда Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және ең ауыр салмақ дәржесі бойынша Қамшыбек Қоңқабаевтың қайсысын фаворит ретінде қарастырып отырсыз?
– Ешқайсысын бөле-жармаймын. Бұл дұрыс емес. Олимпиада деген басқа жарыстан мүлде бөлек. Біз ғана емес, бүкіл әлемнің мамандары біледі. Себебі, олимпиада өте ауқымды, оның атмосферасы, деңгейі тіптен басқа. Бірақ жігіттерге сенемін!
Мұндай әлемдік сайыста аң-таң болатын жағдайлар кездеседі. Мықты деген боксшылар өзін тура сол жерде жоғалтып алады. Біздің командада 4 боксшы әлем чемпионы, оның ішінде екеуі бұған дейін олимпиадаға қатысып, қола жүлдегер атанды. Сондықтан жас болса да бәрінің тәжірибесі бар. Ал 63,5 келідегі Мұхамедсабыр Базарбайұлы әлем чемпионатына қатыспаса да, оның өзі биылғы жарыстарда шеберлігін шыңдап, жаңа деңгейге көтерілді. Яғни, 7 боксшы да осал емес. Алла сәтін салып, бағы мен бабы қатар шапса, әрқайсысынан медаль алады деп үміттіміз.
Әрине, алтынды көбірек алсақ дейміз. Басқа елдермен де санасуға тура келеді. Өзі жеті-ақ салмақ. Бүкіл әлем жеті салмаққа таласады. Қазақтың әдемі айтылған қағида сияқты сөзі бар ғой. «Арық айтып, семіз шығайық» деген ниетпен айтсақ, әрқайсысы медаль алуға лайықты. Енді қалай өтетінін ринг көрсетеді.
– Орталық Азия бойынша қазақ боксшыларына басты бәсекелес өзбек ағайындармен қолғап түйістіруі мүмкін бе?
– Әбден мүмкін. Қырғызстаннан бір-ақ боксшы бар. Бұл ел күрестен мықты. Біздің Орталық Азиядағы басты қарсылас – Өзбекстан. Олардан төрт бірдей олимпиада жүлдегері, оның ішінде екі олимпиада чемпионы бара жатыр. Хасанбой Дусматов, Абдумалик Халоков, Руслан Абдуллаев, Лазизбек Муллоджонов, Асадхуджа Муйдинхуджаев, Турабек Хабибуллаев сияқты мықты боксшылар бар. Бірақ Парижде өтетін байрақты бәсекеге Куба, АҚШ, Бразилия, Филиппин, Қытай, Оңтүстік Африка, Ирландия, Мексика, Колумбия сияқты басқа да елдерден бокшылар келеді. Қазір бокс бүкіл әлемде дамып кетті.
– Дәл қазір өзіңіз 7 боксшының жаттығуын, денсаулығын, салмағын, бәрін-бәрін мұқият қадағалап жүрсіз бе?
– Әрине. Менен бөлек аға бапкер, ұлттық құрама бапкерлері бар. Одан бөлек ғылыми топ жұмыс істейді. Боксшыларды моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындап жатырмыз. Жалпы, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Қазақстан бокс федерациясы қолдау көрсетуде. Одан қала берді бүкіл қазақ халқы тілеулес, ниеттес болып жатыр. Алла қаласа, жігіттер барын салады. Олар да жауапкершілікті біледі, сезеді.
– Италияда өткен әлемдік іріктеу турнирінде лицензия жеңіп алған боксшыларға Қазақстан бокс федерациясы қаржылай сыйақы берілді. Боксшылар 20 мың, сіз 10 мың АҚШ долларына ие болдыңыз. Мұны аванс ретінде қабылдадыңыздар ма?
– Бұл үлкен қолдау. Мемлекет тарапынан барлық жағдай, мүмкіндік жасалды. Енді спортшылар сол үмітті ақтау керек. Жеңіс сыйлап, елімізді қуанту керек.
Кезінде бас бапкерлік қызметтен өз еркіммен кетіп, үзіліс алсам да, бапкерлікті қойған жоқпын. Бас бапкер болмай-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегерін, олимпиаданың қола жүлдегерін дайындадым. 2023 жылы ұсыныс түсті. Қабылдадым да, елге қызмет ету үшін келдім. Ал бокс жағынан әлемде өзіндік орнымыз бар. Жігіттердің жетеуі де жеті салмақта мықты. Бүкіл әлемде Қазақстан мен Өзбекстан ғана толық құрамда. «Менмін» деген АҚШ, Кубаның өзі толық құрамда емес. Бұл бізде бокстың дамығанын көрсетеді. Енді тек сапалы медальмен дәлелдеу ғана қалды.
– Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының салмақ қуа алмай, ауруханаға түскенін әркім сан-саққа жүгіртіп жатыр. Кәсіби бапкер ретінде сіздің пікіріңізді білсек.
– Жәнібек те біздің қолымызда тәрбиеленген, ұлттық құрамада шыңдалған, бірталай биікті бағындырған жігіт. Сол себептен оларды қадағалап тұрамыз, жеңісіне қуанамыз. Қажет болса, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Ал енді мынандай жағдай болғанына көңіліміз түсіп қалды. Мен де салмақ қууды сәл кеш бастағанын сездім, білдім. Өзіне де сабақ болды. Бірақ мұнымен өмір бітпейді. Оған бола Жәнібекті кінәлауға да болмайды. Былай қарағанда өмірде кездесетін қателіктің бірі ғой.
Жалпы, спортта салмаққа байланысты осындай мәселе болып тұрады. Мұндай оқиғаны әлемде де талай естіп жүрміз. Бірақ бізде бірінші рет тіркеліп тұр және соңғысы да осы болсын. Оның да командасы, менеджері, промоутері, дәрігері, бапкері бар. Сондықтан қай жерде қандай қате кетті, өздері анықтап, қайталамауға тырысатын шығар. Бірақ Жәнібекке сенемін. Емделіп, өз қалпына келіп, тынығып жанкүйерлері алдына шығып, өзі туралы кереғар пікірлерге жауап беріп, мықты екенін дәлелдейді деп ойлаймын.
– «Қазақтар бокс, аралас жекпе-жек, тағы басқа бір-бірін соққыға жығып, сабайтын ойындарды қою керек. Одан да жастарды білім мен ғылымға бейімдейік...» деген пікірді көзіміз шалады. Сіз не дейсіз?
– Қай кезде де сен боксшы бол, басқа саланың маманы бол, білім керек әр адамға. Бірақ күрес, бокс, жекпе-жекте жүргендерді ақымақ деп айта алмаймын. Әркімнің өз таңдауы бар. Бәрінің ақыл-есі дұрыс. Ол елдің намысын қорғайды.
Бокстың әлемдік тарихында ел боксшыларының өзіндік орны бар. Бізді мойындайды бәрі. Бокс – спорт түрі, төбелес емес. Оның да ережесі, тәртібі бар. Бокс – өнер. Бокс – адамды тәрбиелейді.
Онда қаншама айла-тәсіл жетеді. Бұл спорт түрі олимпиада басталғаннан бері кірген және бола береді. Бокс бүкіл әлем көз тіккен бәсекеде Қазақстанның туын желбіретіп, әнұранын шырқатты. Сондықтан боксты жай төбелес деп санайтындар қатты қателеседі.