1 Наурыз 17:09

БЛИНКЕН ТОҚАЕВҚА не үшін алғыс айтты?

Фото:
Ақ үйдің Байденнен кейінгі маңызды өкілі Энтони Б

ЛИНКЕН Астанаға алғаш рет ат басын тіреді. Байденнің Киевке сапарынан соң мемлекеттік хатшының Қазақстанға бет бұруына қатысты түрлі болжамдар айтылуда.

Кейбір сарапшылар Блинкен турын Ресеймен тарихи және геосаяси тығыз байланыстағы посткеңестік елдерді Вашингтон жағына тарту әрекеті ретінде қарастырса, енді бірі «Украинаға басып кіргені үшін Ресейді одан әрі оқшаулауға, көрші елдермен байланыс орнату арқылы одақтарды нығайтуға деген талпынысы» деп бағалады.

Ал саясаттанушы Асқар НҰРША: «Блинкен – өте маңызды тұлға. АҚШ-тың атқарушы билігіндегі лауазымды саясаткердің қатысуымен өтетін бұл жиын қатардағы кездесулердің бірі болады деп ойламаймын», – деген пікір білдірді.

Мемлекеттік хатшысы сапар алдында Қазақстанға баратынын мәлімдеп, Орталық Азиямен әріптестікті нығайтуды асыға күтетінін жазған еді.

Энтони Блинкенді бірінші боп қабылдаған президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ АҚШ-пен арадағы энергетика, сауда және инвестиция саласындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынасты айта келіп, оны «әрі қарай да дамытуға ниетті» екенін жеткізді. Оның сөзінше, Блинкеннің бұл сапары «стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды».

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы: «Бұл Орталық Азия халықтары мен Америка Құрама Штаттарына пайдалы болады деп ойлаймын. Біз ең жоғары деңгейде өзара іс-әрекет жасауға дайынбыз», – деген лебізін жеткізді.

Кеше түстен кейін Энтони Блинкен   Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері қатысқан Орталық Азия елдерінің дипломатиялық саммиті – С5+1 жиынында болды. Ол жиындағы талқылауға БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Протоколдық түсірілімнен кейін журналистер залдан шығарылды.

Бәрінің көкейіндегі сұрақтарға жауап берілуге тиіс болған баспасөз брифингі 18.30-да ғана басталып, бар-жоғы жарты сағатқа созылды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі барлық қазақстандық БАҚ атынан екі сұрақ қана қойылатынын мәлімдеп, журналистердің «өзара келісімге келуін» сұрады. Сондай-ақ шетелдік тілшілерден де тек екі адам өз сауалын жолдауға мүмкіндік алды.

Брифинг басында Блинкен мобилизация кезінде соғыстан қашып келген 200 мың Ресей азаматын панасына алғаны үшін және украин халқына гуманитарлық көмек жіберіп, онда киіз үй тігіп бергені үшін Қазақстан халқына деген ризашылығын жеткізді.

Сұрақ-жауап кезеңі басталған тұста: «Ресейдің Украинаға басқыншылық әрекетінен кейін Қазақстанға, жалпы Орталық Азия елдеріне қаншалықты қауіп төніп тұр?», – деген сұрақ қойылды.

Э.Блинкен бүй деп жауап берді: «Ресей агрессиясына қарсы тұруының ең маңызды тұсы – Украинаны қорғауға көмектесу емес, осы принциптерді қорғауға жәрдемдесу. Себебі біз оларды бұзып, ол үшін жазасыз қалуға мүмкіндік берсек, бұл Ресейдің басқа елдерге де агрессияны жалғастыру туралы ойлануына жол ашады».

Оның пікірінше, Ресейдің БҰҰ шарттарын бұза отырып жасап жатқан озбырлығы кең етек алып кетпес үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұру керек.

Блинкеннің жауабына өз нұсқасын қосқан ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ «Қазақстан мен Ресей арасында 7,500 шақырымнан асатын әлемдегі ең ұзын шекара барын» айта келе, «көрші елден бізге төнген қауіп жоқ» деп сендірді.

– Қазіргі кезде біз ресейлік тараптан қауіп-қатер көріп тұрған жоқпыз. Қазақстан Ресеймен шектесетін немесе осы аймақтағы өзге елдермен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына және ТМД-ға мүше, – деді ол.

«АҚШ-тың Ресейге қатысты санкцияларының Орталық Азия елдерінің экономикасына әсері қандай болмақ?», – деген де сауал жолданды.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресеймен тығыз қарым-қатынастағы Қазақстанға бұл соғыстың ауыр әсері барын және «санкциялардың жағымсыз әсерін болдырмауға тырысып жатқанын» жеткізді. Сондай-ақ ол Ресейге байланысты ұйымдар мен арадағы тығыз байланысты тағы бір атап өтті.

Біздің экономикамыз бұрыннан өзара байланысқан. Сондықтан бұл оқиғаның барлығы бізге, біздің экономикамызға ауыр әсер етеді. Біз санкциялардың жағымсыз әсерін болдырмауға тырысып жатырмыз. Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, біздің Ресеймен және осы одақтың басқа елдерімен арамызда кеден жоқ, сондықтан шекаралар арасындағы қызмет пен тауардың еркін саудасын қамтамасыз етіп, әрі Ресейдің және өзге шетел компанияларының санкцияларды бұзуына жол бермеуді қадағалау қиын, – деді М.Тілеуберді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Орталық Азия елдерінің «Ресейден қол үзіп, іргесін аулақ салу мақсатында» Ресей компанияларының ықпалы бар мекемелерге арнайы лицензия беретінін және осы елдердің сауда жолдарын әртараптандыруына мүмкіндік жасайтынын айтты.

Блинкеннің айтуынша, Вашингтон аймақ елдеріне «Экономикалық тұрақтылық бастамасы» аясында 25 миллион доллар бөлмек. Бұл бастама Орталық Азия аймағының «бір ғана елге тәуелді болмай, сауда жолдарын дамытуына және жеке сектордан инвестиция тартуға» көмек бермек.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы Тоқаев жариялаған реформалар жүзеге асарына үміттенетінін айта келіп, шетелдік инвесторлардың Қазақстанға инвестиция құйып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға АҚШ 50 млрд доллардай инвестиция салғанын да атап өтті.

– Президент Тоқаевтың өткен наурызда жариялаған реформаларын қолдаймыз. Қазақстан халқының саяси процеске араласуы, үкіметтің жауаптылығы, жемқорлықты ауыздықтау, президент өкілетін қысқарту және адам құқықтарын қорғауды көздейтін сол жоспарды орындайды деп сенеміз, – деді ол өз сөзінде.

Кеше түнде Астанадан Өзбекстанға ұшып кеткен АҚШ хатшысы Twitter парақшасына Қазақстан туралы жазба қалдырып, президент Қ.Тоқаев пен Сыртқы істер министрлігіне алғысын білдірді.

«Қайырлы күн, Қазақ елі! Маған бұл сапарым мен осы елде өткізген нәтижелі кездесулер ұнады. Қазақстанда жылы қарсы алғаныңыз үшін және #C5plusUS өткізгеніңіз үшін Президент @TokayevKZ және @MFA_KZ алғыс айтамын», – деп жазды Э.Блинкен.

Тегтер: