8 Қазан 17:12
...

«Бишімбаев пен Шерзат ісі сияқты Хасан ісі де онлайн көрсетілсе, қоғам шошитын еді» – Адвокат

Хасан Қасымбаев
Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша 20 тамызда басталған сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан. 

Бір жарым айға созылған сот отырысында куәлардан жауап алу аяқталды. Судья Айнагүл Тукубаева жәбірленушілер мен куәгерлердің жауабын баспасөз бетінде жариялауға тыйым салған болатын. Сонымен қатар куәгерлер де аты-жөнін жариялауға қарсылық танытты. Сол себепті оқиғаның мән-жайы айтылмайды.

Өткен сот отырысында сот-медициналық сараптама жасаған сарапшылардан жауап алынған. Атышулы істе сотталушылардың адвокаттары осымен сегізінші рет судьяны ауыстыруды сұрады. Алайда олардың өтініштері қанағаттандырылмады, сот процесін ары қарай да судья Айнагүл Тукубаева өзі жүргізеді.

Меңдешев
Адвокат Е.Меңдешов

«Басты сот отырысының басында судья Тукубаева процесті офлайн форматта өткізу тәртібін белгіледі. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 369-бабында жәбірленушіні, ал 370-бабында куәні сұрау тәртібі көрсетілген. Иә, судья оларға онлайн түрде сұрақ қоюға құқылы. Бірақ 370-бапта көрсетілген тәртіп пен бейнеконференция арқылы тергеуді ұйымдастыру жөніндегі Сот әкімшілігі департаментінің бұйрығына сәйкес, жәбірленушілер мен куәгерлер тек өздері тұратын немесе орналасқан жеріндегі сотта ғана бейнеконференция арқылы жауап бере алады. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 369 және 370-баптарына сәйкес, жәбірленушілер мен куәгерлердің бейне-жауап алу тек олардың тұрғылықты немесе жүрген жеріндегі сотта жүргізілуі тиіс. Егер адам Алматыда тұрса, мысалы, ол Алатау аудандық сотына шақырылуы керек. Судья да осы аудандық сотпен байланыс орнатып, тергеу дәл сол жерде өтуі тиіс. Алайда жәбірленушілер мен куәгерлердің бәрі үйінде отырып немесе көлікте кетіп бара жатып бейнебайланысқа қосылған. Бұдан да сорақысы, олар сотқа келе алмауын растайтын құжаттарды да ұсынбаған. Мәселен, жәбірленуші Тәжиев тек 2023 және 2025 жылдың қыркүйегіндегі медициналық анықтамаларды ғана берді. Сондықтан мен ҚПК-нің 112-бабына сүйене отырып, осы видеобайланыс арқылы жүргізілген жауаптардың бәрін, заң талаптарын бұза отырып алынғандықтан, «жарамсыз дәлел» деп тануды сұрадым», – деді адвокат Е.Меңдешов.

Адвокат Е.Меңдешов сол себепті судья Тукубаеваға қарсылық білдірген. Айтуынша, ол бірқатар өрескел заң бұзушылықтарға жол берген.

«Біріншіден, ол соттың жариялылығы туралы нормативтік қаулыны бұзып, БАҚ өкілдерін залдан шығарып жіберді. Екіншіден, ҚПК талаптарына сай ол қанағаттандырылған және қанағаттандырылмаған өтініштер бойынша үш тәуліктің ішінде қаулы шығарып, оны тараптарға тапсыруға міндетті. Бірақ судья бірде-бір қаулыны бізге берген жоқ. Бұл жерде Қылмыстық-процессуалдық кодекс нормалары бұзылып тұр. Кеше мен сотқа қосымша сараптамаға қайшы келетін балама сараптама қорытындысын ұсындым. Біз сол күні қосымша сараптаманы жүргізген сарапшыны сұраққа алдық. Ол Талғар қаласында 2021 жылдың қараша–желтоқсан айларында жасалған бастапқы сараптаманың өзіне ұсынылмағанын растады. ҚПК-нің 287-бабы мен Әділет министрлігінің сараптама жүргізу тәртібіне сәйкес, қосымша сараптама жүргізу үшін тергеу органы барлық бұрынғы сараптамаларды, соның ішінде Талғардағы сараптаманы да ұсынуы тиіс еді. Бұл талап орындалмаған», – деді адвокат

Министрлік Е.Меңдешевтің адвокаттық сұранысына жауап беріп, барлық сараптамалардың ұсынылуы қажет екенін растаған.

«Медициналық құжаттарда Әлімовтің көру қабілетінің төмендегені дәлелденбеген. Сарапшы Абдулкәрімовтің (1978 жылдан бері тәжірибелі эксперт) де Әлімовтің көз ауруы бар екенін айтты, ал әдістеме бойынша аурудың салдарынан болған нашарлау денсаулыққа келтірілген зиян ретінде есептелмейді. Сарапшыға сыныққа қатысты да сұрақ қойдық. Ережеге сай, ол 2021 жылғы КТ мен рентген суреттерін зерттеуге тиіс еді. Бірақ қылмыстық істе рентген жасалмағаны жазылған. Соған қарамастан, сарапшы оны «зерттедім» деп көрсеткен. КТ туралы да ол өзінің қорытындысында: «тергеуші КТ-ны ұсына алмады, себебі ол 10 күн сақталып, жойылған» деп жазған. Яғни сарапшы ешқандай нақты материалсыз, «ауадан» тұжырым жасаған. 

Тағы бір дәлел, Талғардағы медициналық құжаттарда 9-10-қабырға сынған делінген. Бір жылдан кейін Әлімов «Флексис Мэтт»-те КТ жасатқан, ал онда тек 10-қабырғаның сынғаны анықталған. Бәрімізге белгілі, сүйек сынғаннан кейін сол жерде сүйек мүйізгегі (костная мозоль) пайда болады, ол ешқашан өздігінен жоғалып кетпейді, ерімейді. Сарапшы Халимназаров (ол Бишімбаев ісіне де, Шерзатты өлтіру ісіне де қатысқан тәжірибелі маман) өз қорытындысында Әлімовтің тек оныншы қабырғасы сынғанын растаған. Ал қосымша сараптама жасаған сарапшы тоғызыншы қабырғаның сынғанын қайдан алды? Мұны кеше сотта түсіндіре алмады. Яғни, бүкіл іс нақты дәлелдерге емес, болжамдар мен жорамалдарға, тіпті қауесетке сүйеніп құрылған. Ал осының негізінде қазір Қасымбаевты жауапқа тартпақ. Егер бұл сот процесі Бишімбаев немесе Шерзат істері сияқты тікелей эфирде көрсетілсе, біздің қоғам да, заңгерлер қауымы да тергеу мен сот тыңдауларының қалай өтіп жатқанын көріп, шошыр еді», – деді адвокат Е.Меңдешов.

Сонымен қатар сот отырысы кезінде Тәжиев ісін тергеген тергеушіден жауап алынды. Ол осы істі 2016 жылы жүргізген.

Зүлфия Қасымбае
Зүлфия Қасымбаева, фото: NEGE

«Тергеу кезінде ол 2024 жылы бұл іспен қайта танысуға шақырылғанын айтты. Сол кезде іс материалдарындағы құжаттар тізімі жазылған бетті өзі жазбағанын және ондағы қолтаңба өзіне тиесілі емес екенін растаған. Сонымен қатар, тергеуші істі аяқтаған соң, оны толық рәсімдеп, прокуратураға өткізгенін айтты. Оның сөзінше, іс толығымен қазақ тілінде болған. Алайда іс 2024 жылы архивтен қайта алынған кезде, құжаттар тізімі жазылған бет орыс тілінде толтырылған болып шықты, әрі онда тұрған қолтаңба да оның қолы емес. Бұған қоса, іс материалдарының соңында шамамен 20 бет жетіспейтіні анықталған. Бұл дерек те судьяға жеткізілді, бірақ ол бұл өтінішті де қабылдамады. Осы себепті бүгін судьяға тағы да қарсылық білдірілді», – деді Хасан Қасымбаевтың қоғамдық қорғаушысы Зүлфия Қасымбаева.

Жәбірленуші Арман Әлімовтың анасы Күнайым Әлімованың айтуынша, іс бойынша куәлік етіп жатқан тұлғаларға қысым көрсетіліп жатыр.

Әлімова
К.Әлімова, фото: NEGE

«Басында мен әділдік орнайды деп сеніп едім. Ал қазір мүлде түсінбей отырмын. Куәларға қысым көрсетіліп жатыр. Олар сотқа келуден қорқады, процеске келуден бас тартуда. Көбі онлайн қосылып жатыр, өйткені әділ үкімге сенбейді. Олар Хасанды түрмеге отырғызбайды деп ойлайды. Ал айыпталушылар өздерін тым еркін ұстайды, дөрекі сөйлейді, күледі, сотқа құрмет көрсетпейді. Қаласа келеді, қаламаса келмейді. Бірде екеуі келмейді, бірде үшеуі «ауырып қалдым» дейді, бірақ соны растайтын ешқандай құжат әкелмейді. Бүгін де біреуі келмей қалды, «ауырдым» деп сылтау айтты. Олар сотты менсінбей отыр. Өйткені не болса да, өздеріне бұрынғыдан артық жаза берілмейтінін біледі (біріне 22 жыл, екіншісіне 10 жыл берілді). Сондықтан сотқа құрметсіздік танытып, оны елемей отыр. Шынымды айтсам, менің мүлде көңілім қалды», – деді К.Әлімова.

Күнайым Әлімова іс біржақты қаралып жатыр деген уәжбен келіспейтінін жеткізді.

«Сот олардың да талаптарын қанағаттандырып отыр. Қылмыстың болғанын бәрі біледі, ол толық дәлелденген. Тек олар істегі ұсақ заңбұзушылықтарды табуға тырысуда. Мысалы, қамау мерзімі уақытында ұзартылмаған, не қандай да бір құжат дер кезінде рәсімделмеген деген сияқты. Сол себепті, осы сылтауларды пайдаланып, істі жарамсыз етуге тырысып жатыр. Енді олар тек Хасанның өзін емес, бүкіл топты босатуды талап етуде. Айтуларынша, істе заң тұрғысына кемшіліктер бар көрінеді. Сараптама бойынша да дау тудырды. Мемлекеттік сараптама ауыр дене жарақаты деп қорытынды шығарған (үшінші сотта), олар бұл сарапшы қызметін асыра пайдаланды, өкілеттігін бұзды деп айыптап, сол қорытындыны жарамсыз еткісі келеді. Оның орнына олар алғашқы сараптаманы, яғни «жеңіл жарақат» деген қорытындыны негізге алғылары келеді», – деді жәбірленушінің анасы. 

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.