Хасан Қасымбаевтың соты: Атышулы іске қатысты не белгілі?

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлады NEGE тілшісі сот залынан.
20 тамызда басталған сот отырысында жәбірленуші Арман Әлімовтен жауап алынып, 6 куәгер сотта куәлік етті. Іс 36 томнан тұрады.
Өткен процесте Аюпжан Тәжиев Хасан Қасымбаевтың және басқа да айыпталушылардың қатысуынсыз жауап беретінін айтып, судьяға өтініш білдірген. Судья Айнагүл Тукубаева өтінішті қанағаттандырды. Жәбірленуші А.Тәжиев сотталушылардың қатысуынсыз жауап берді. 23 қыркүйектегі сот отырысында А.Тәжиевтен жауап алу жалғасуы тиіс болған. Алайда ол келмеді, онлайн қосылуға өтініш білдірді. Судья Айнагүл Тукубаева жәбірленуші А.Тәжиевтің процеске онлайн қатысуына рұқсат берді.
Сотталушылардың адвокаты жәбірленуші А.Тәжиевтің онлайн қатысуына тағы да қарсылық білдірді. Ол бүгінгі процеске денсаулығына байланысты келе алмағанын хабарлаған. Сотқа денсаулығына байланысты анықтамаларды қоса ұсынған. Алайда сотталушылардың адвокаттары олардың 2023 жылғы және 2025 жылғы мамыр айындағы анықтамалар екенін атап өтті. Сол себепті ол анықтамаларды жарамсыз деп есептейді.
Сотталушы Хасан Қасымбаевтың адвокаттары осы жағдайларға байланысты аудандық сот құрамын ауыстыруды талап етті. Қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмады. Процесс ары қарай жалғасты. Аюпжан Тәжиев сотта онлайн жауап берді, сонымен қатар іс бойынша куәлардан жауап алынды.
Алайда, оның сотта берген жауабын жариялауға рұқсат жоқ. Естеріңізде болса, журналистерге жәбірленушілердің және куәгерлердің жауаптарын жариялауға тыйым салынған.
– Бүгін үш куә сұралды. Біз жақтан куәлардың тізімін бердік, бірақ оларға әлі жеткен жоқпыз. Бүгін тек қана 2020-2023 жылы болған оқиға бойынша мәлімет берілді. Ол жақта Қалымжанов Мадияр қатысқан. Бірақ бізге маңызды мәлімет берілмеді. Себебі, Қасымбаев Хасанды басынан танымаймын деп айтты. Ол Әлімовке қатысты қандай оқиға болғанын тек қана KrisP-ден, интернет желісінен ғана көрдім деді. Қалған екі куә ол оқиға болған күні біреуі дүкенде жұмыс істеген, екіншісі донер сатушысы болған. Донер сатушысы қалай алып кеткенін көрген.
Енді сол сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген жауаптарымен бүгінгі жауаптарында қарама-қайшылықтар бар. Ол кезде нақты 4 адам көлікке салып кетті деп айтқн болатын. Бүгін 2-3 адам салып алып кетті дейді. Тек соларды байқап қалған, олар тез-тез мініп кеткен. Тағы бір куә: «Дүкеннің арғы жағында айқай-шу болды мен қыз алып қашып жатыр ма деп ойладым. Далада у-шу болып жатты, өзім нақты көрген жоқпын тек қана көліктің кетіп бара жатқанын байқап қалдым», – деді. Бүгін сол жердегі адамдар қандай оқиға болғанын айтып берді, – дейді адвокат Г.Бабажанова.
Х.Қасымбаевтың адвокаты Г.Бабажанова сот-медициналық сараптамаға қатысты да пікірін айтты.
– Біз үш сарапшыны сотқа шақырып жатырмыз. Әріптесіміз, қорғаушы Меңдешов алдыңғы процесте талап қойған болатын. Сараптама тағайындатып, одан кейін қорытындысын беремін деген. Сол қорытындыға сәйкес, жеңіл дәрежеде екені көрсетілген. Ол кезде оның көз ауруы болған дейді сарапшы. Бұл – қарама-қайшылық. Негізі бұл қылмыстық іс материалдарында екі сараптама тағайындалған. Екі сараптаманың қорытындысы әртүрлі. Бірінші сараптамада жеңіл, екінші сараптамада ауыр деп көрсетілген. Одан кейін бұл жерде комиссияның сараптамасы болады. Ол тағайындалмаған. Сол үшін біздің әріптесіміз тағайындап, бұл сарапшы да жарақаттың ауыр дәрежеде емес екенін айтты. Сарапшының қорытындысына сәйкес, ол қылмыстық істің бабына үлкен рөл ойнайды. Қазір ауыр дәрежедегі дене жарақатын келтірді деп 106-бапты беріп жатыр ғой. Көзіне зақым келтірілген дейді. Қазіргі қорытыны алатын болсақ, оған байланысты қылмыстың бабы өзгеруі керек.
Біз бүгін де судьяға қарсылық білдірдік. Өйткені, кешегі процесс аяқталғаннан кейін Тәжиевке бүгін де келіп қатысуы тиіс екені айтылды. Оны мәжбүрлі түрде алып келу керек еді. Біз бүгін келдік, ол тағы жоқ. Судья ол ауырып қалды, сол себепті процеске келе алмайды деді. Қылмыстық-процессуылдық кодекстің талаптарына сәйкес, онлайн қатыстыруға да болатынын айтты. Бірақ біз келіспедік, өйткені ол іс бойынша негізі жәбірленуші. Әлімовтен үш күн сұрадық, ол келді. Неге Тәжиев келмейді? Медициналық анықтамасын берген, ол 2023 жылғы, 2024 жылғы, 2025 жылы 9 қыркүйектегі анықтамалар, – деді адвокат Бабажанова.
Іс бойынша жәбірленуші Арман Әлімовтың анасы Күнайым Әлімова сот тым созылып, іс алға жылжымай тұр дейді.
«Сот созылып барады. Менің ойымша, соттың созылуына айыпталушының қорғаушылары себеп болып отыр. Кеше үш айыпталушы сотқа келмеді. Сөздерінше, ауырып қалған екен. Қаласа келеді, қаламаса келмейді. Түрлі түсініксіз өтініштер айтып жатыр. Сот дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін. Бүгін соттың жүріп жатқанына екінші айға жақындағанын айттым. Іс алға жылжымай тұр. Үш күн бойы ұлымнан жауап алды. Содан бері бәріміз бір орында тұрып қалғандаймыз. Бүгінгі күн сәл нәтижелі болды. Екінші жәбірленушіні және біздің іс бойынша барлық куәгер сұралды», – дейді жәбірленушінің анасы.
Күнайым Әлімова сотқа БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы емес екенін атап өтті. Журналистердің сот залына не себепті кіргізілмей жатқан түсініксіз дейді.
Сонымен қатар Күнайым Тәжиев екінші жәбірленуші Аюпжан Тәжиевтің соттағы жауабына қатысты пікір білдірді.
«Екінші жәбірленуші қысымға байланысты қорқып жүр. Кеше оны конвоймен алып келді. Бүгін ол ауруханаға түсті. Қысым сезінгендіктен қорқады. Сондықтан сот залынан Қасымбаевты шығарып жіберуді талап етуге тура келді. Әрине, бес адвокат бар, олар түрлі сұрақ қойды, сол себепті ол сотқа келмей, онлайн түрде жауап берді», – дейді К.Әлімова.
Келесі сот отырысына жәбірленуші Арман Әлімов шақырылды. Анасының айтуынша, ол бұл жолы сотқа онлайн қатысады. Оған жұмыс бабымен іссапарда жүруі себеп.