30 Қыркүйек 19:18
...

Хасан Қасымбаевтың ісі: Адвокаттар екінші жәбірленушіге қатысты эпизодты қысқартуды сұрады

Хасан Қасымбаев
Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша 20 тамызда басталған сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды NEGE тілшісі сот залынан. 

Сотта куәгерлерден жауап алынып жатыр. Судья Айнагүл Тукубаева жәбірленушілер мен куәгерлердің жауабын баспасөз бетінде жариялауға тыйым салған болатын. Сол себепті оқиғаның мән-жайы белгісіз. Журналистер сот процесін арнайы бөлмеде онлайн қарады.

Кешегі сот отырысында адвокаттар екінші жәбірленуші Тәжиевка қатысты эпизодта Хасанның оқиға орнында болғаны тергеу материалдарында дәлелсіз жазылып кеткенін алға тартып, тергеушіден жауап алуды сұраған. Бүгін түске дейінгі сот отырысында тергеуші Ғ.Наримановтан жауап алынды. 

«24 қазан 2024 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімімен ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі және 106-баптың 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық іс тергеу жүргізу үшін Талғар аудандық полиция басқармасына жолданған. Бұрын осы іс Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында тергелген екен. Талғар аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімінде қылмыстық іс Алматы облысы полиция басқармасының тергеу бөліміне жолданған. Нақты жолданған күні есімде жоқ. 24 қазан мен 1 қарашаға дейінгі аралықта қылмыстық істі қабылдап алып, екеуін біріктіру туралы қаулы шығардым. 1 қарашада тергеу әрекеттерін бастадым. Қылмыстық істің ішінде қылмыстық істерді біріктіретін қаулы бар. Ол жерде компьютермен терген кезде механикалық қателік кетеді. Бас жағында өзге тергеушінің аты жазылып кеткен. Бірақ, бұл қаулыны мен шығардым. Себебі, қылмыстық іс менің өндірісімде және астына «Қаулы еттім» деген жерде менің аты-жөнім мен қолым тұр. Ол тергеушімен оның алдында бір қылмыстық істі жүргізгенбіз, сол істі үлгі етіп алғанда автоматты түрде қателік кеткен», – деді тергеуші.

Айыпталушы Хасан Қасымбаевтың адвокаты Е.Меңдешев екінші жәбірленуші Аюпжан Тәжиевке қатысты эпизодты істен қысқартуды сұрады. Адвокаттардың айтуынша, тергеуші істі өз өндірісіне қабылдамай, ол іс бойынша ешқандай тергеу әрекетін жүргізе алмайды. Жедел топ құрылған кезде бірнеше лауазымды тұлғаға істі жүргізу құқығы беріледі. Адвокаттар бұл талаптар орындалмаған деп есептейді. Сонымен қатар, қорғауларындағы Хасан Қасымбаевтың іске қатыстылығына нақты дәлел жоқ екенін алға тартты. Сол себепті, істі қысқарту керек деп есептейді.

«Істі ары қарай созып, Тәжиевке қатысты эпизодты тергеудің қажеттілігі жоқ. Істі қысқартуыңызды сұраймыз», – деді адвокат.

Судья Айнагүл Тукубаева өтінішхатты ашық қалдырды. Сонымен қатар адвокаттар сол күні оқиға болған жерде сотталушылардың болған-болмағанын білу үшін олардың телефон нөмірлеріне биллинг жүргізіп, тексеруді сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.