3 Қыркүйек 20:27
...

Беташар салтының бедері кеткен жоқ па?

ақын
Фото: А.Қылышбектің жеке мұрағатынан

Беташар салты бүгінгі таңда болмысын өзертті. Мысалы, бір өңірде беташар келін ақ босағаны аттаған күні айтылса, енді бір аймақтарда той үстінде өткереді. Қайсысы дұрыс? Бұл сауалға жөн білер деген оймен белгілі беташаршы, Асхат Қылышбекке сұрау салған едік. Ақынның айтқаны төмендегідей болды.

–Асхат мырза, беташар салтының жөн-жоралғысын айтып бере аласыз ба?

–Тарихымызда келін ақ босағаны аттаған күні бірден беташар айтылатын. Бір қуанатыным, кей өңірлерде бұл салт қалпын жоя қоймады. Бірақ көбіне келінді бірнеше ай бұрын кіргізіп ала тұра той үстінде тағы сәлем салдырып, бетін аштырып жататындарға таң қаламын. Мұны да дәстүрді бағалап, құрметтемеуге балаймын. Бір жылы Рамазан Стамғазиев аға бастаған бір топ өнер өкілдері Қарағанды жаққа бардық. Сонда келін түсірген үй алдында беташар айтқызып, сол әулеттің үлкен-кішісін ғана таныстырып, қалыңдыққа ақ босаға аттатқызды. Сонда жас келіннің бетін ашқан Рамазан аға бұл дәстүрдің дұрысы осы екенін айтты. Белгілі дәстүрлі әнші Жасұлан Наурызбай деген азамат та үйенгенде келіннің беті бірден келген бетте ашылды. Жөн білетін жұрт осылай жасайды. Егер пәленбай танысының атын айтқызып, сәлем салдырам десе, оларда да тума-туыс, сыйлас жандар жетеді ғой. Ал табаққа ақша салғызу мақсатында бірнеше күн бұрын кіргізген келіннің мейрамхана төрінде қайта бетін ашып, ұзын-сонар тізім айтып, жұрттың уақытын алу – қайыр тілегенмен тең көрінеді.

– Сонымен, сіз айтып жүрген беташар несімен ерекшеленеді?

– Бір жолы Жамбыл облысының Меркі ауданына қарасты ауылға беташар айтуға шақырды. Келін түсіріп жатқан жер Шақшам руына қарасты үлен әулет екен. Содан жете салысымен үлкен ақсақалдардан әулеттің шыққан тегі мен жергілікті жұрттың тарихы, шежіресі жайлы сұрадым. Қараша биден Бәйдібек пен Байдулы тараса, Бәйдібектен Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсіндер, ал Байдулыдан Шақшам елі тараған екен. Бірақ Бәйдібектің ұрпағына қарағанда, Шақшам неге аз деген сұрақ туындайды. Сөйтсем, үлкендердің айтуынша кезінде Жетісу мен Тарбағатай өңірін жайлаған шақмамдықтардың саны елу бес мыңнан асып жығылған екен. Бірақ көбі Жоңғар шапқыншылығы мен тар жол тайғақ кешу жылдары қыршын кетсе керек. Себебі, шақшамнан тарағандар өте жауынгер болған деседі. Осыны беташар айту барысында тілге тиек еттім. Мақсатым – келген келінге ұлт ұжданы үшін кеудесін отқа тосқан текті жерге келіп түскенін таныстыру болды. Бұдан өзге тыңдап тұрған жастар да ата-тегінен хабардар болса деген ой болды. Сол кезде қуанышқа жиылған жұрт пен қатар ауыл әкіміне дейін ризашылық танытып, «тарихымызды тірілттің» деп арқамнан қақты. Бұл мені қанаттандырды. Содан бастап барған жерімде алдымен келін түсіріп отырған әулеттің тегі мен тарихын, қоғамға еңбек сіңірген би-шешен, батыр, қайраткерлері бар ма, сол жағын анықтап аламын. Сөйтіп, ол ақпарды қысқа да нұсқа етіп, беташар жырыма қосамын. Осылайша, алдымен әулеттің ата-бабасының әруағы алдында сәлем салдырамын. Бұрынғылар «Өлі қуанбай, тірі жарымайды» деп текке айтпаған болар.