Бәйтерегінен айрылды. Бірақ Bereke Bank үшін НЕГЕ ештеңе өзгермеуі мүмкін?
Үстіміздегі аптада мемлекеттік «Бәйтерек» холдингінің өкілдері «Bereke Bank» АҚ директорлар кеңесінен түгел кетті. Осымен банкті катарлық Lesha Bank-ке сату процесі толығымен аяқталды. Енді Bereke Bank үшін не өзгереді?
Банктің директорлар кеңесінен «Бәйтерек» өкілдері Вячеслав Сон мен Ерсаин Хамитов шығарылғаннан кейін, кеңес құрамында Асқар Елемесов, Мағжан Мадиев, Андрей Тимченко және Максат Нуриденұлы қалып отыр. Катарлық инвестор атынан қанша адам және кімдер келетіні әлі белгісіз. Және басқарма құрамы ауыса ма, басқарма төрағасы Андрей Тимченко қызметінен кете ме, ол жағы да хабарланбады.
"Бәйтерек" холдингінің Береке банкке шетелдік инвестор тапқаны туралы ақпарат биылғы жылдың басында пайда болған еді. Бұл мәміле айтарлықтай ұзақ жүрді. Lesha Bank Береке үшін «Бәйтерек» холдингіне 65 миллиард теңге төледі. Енді холдингі дивиденд арқылы осы соманы үкіметке қайтара ма? Ол жағы да сұрақ туғызады.
Bereke Bank өзгере ме? Ең басты мәселе осы. Nege.kz дереккөзі банк қазіргі универсалды стратегиясын сақтап қалады деген пікірде. Себебі, ондағы департаменттер тең дәрежеде жеке тұлғалармен де, заңды тұлғалармен де жұмысын кұшейтуге тапсырма алып отыр. Нақты бір бағытты таңдаған жоқ.
Бірақ бұл стратегия да жаман емес. Себебі, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Bereke Bank 28,9 миллиард теңге таза кіріс көрсеткен болатын.
Бірақ пайда дивиденд ретінде төленбей, банктің қаржылық тұрақтылығын нығайту үшін қаржы институтының өзінде қалдырылды.
Нәтижесінде, Bereke Bank екінші деңгейлі банктер арасында активтер көлемі бойынша 9-шы орынды сақтап қалды. Ал несие портфелі бойынша 7-ші сатыға шықты. Қазіргі таңда банктің жалпы активтері 2,33 триллион теңгені, ал меншікті капиталы 186 миллиард теңгені құрайды.
Дереккөздің хабарлауынша, банк қызметкерлеріне катарлық инвестордың келуіне байланысты ешқандай басқа тапсырмалар келіп түспеген. Мысалы ислам банкингін ашу, осы бағытты игеру бойынша бір де бір месседж жоқ. «Банктің ішіндегі жағдай ештеңе өзгермеген, бұрынғы ресейлік акционер басқарып отырғандай сезім туғызады. Арабтар шынымен келді ме, әлде бәрі тек қағаз жүзінде ме деген ойға қаласың», - дейді, дереккөз.
Мүмкін арабтар енді ғана іске кірісетін шығар. Мүмкін, пайда әкеліп отырған банк жұмысына араласпай, жыл сайын дивиденд алып отыруды жөн көрген шығар. Бәрін уақыт көрсетеді.