Батыс Қазақстан облысын КӨЛГІНОВ билеп-төстейтіні рас па? Облыс әкімі сұрағымызға жауап берді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев журналистердің сауалына жауап берді.
Бұған дейін БҚО-да Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайды ресейлік олигархтың сенімгерлік басқаруға алғаны үлкен дау болған еді. Енді Мұз айдыны, Ат спорты мекемесі, «Ақжайық» футбол клубының стадионы, «Юность» стадионы сияқты нысандар осындай жолмен жеке қолға өтіпті. Осының салдарынан қазір спортшылар өздеріне ыңғайлы уақытта жаттыға алмай жүргені айтылған.
Мемлекет қаржыландыратын бұл нысандарды сенімгерлік басқаруға алған кімдер? Ресейліктер ме? Не себепті бұл мәселені облыс әкімдігі реттей алмай отыр? NEGE-нің тілшісі жолдаған осы сауалдарға облыс әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ жауап берді.
Фото: ОКҚ
«Бұл – Батыс Қазақстан облысының халқын мазалап отырған сұрақ. Жалпы әуежайдың мәселесіне келетін болсақ, оның бізде өте ескі болғанын жақсы білесіздер. Ол бүгін ғана жеке компаниялардың қолында емес. 2009 жылдан бастап жеке компанияның қарамағында.
Мен Орал қаласының тұрғыны болғандықтан, бұл мәселені жақсы білемін. Әуежайда ешқандай қолайлы жағдай болмады. Әуежай өте ескі, жолаушыларды қабылдайтын орын да жоқ еді. Жүктерді қабылдайтын жерді көрсеңіз, ол жердегі барлық қондырғылар тозып біткен. Әуежай терминалының өзі бүгінгі күннің талаптарына сәйкес келмеді. Соған байланысты бізде ұшып-қонуға немесе кейбір әуе рейстерін ашуға мүмкіндік болмады.
Ең қиыны, ұшаққа отырар кезде халық баспалдақпен жертөлеге түсіп, сол жерден ұшаққа отыратын еді. Ойлап қараңыздар, мүгедек жандардың, балалы аналардың түсіп-шығуға мүмкіндігі болмады. Осындай қиындықтармен келген әуежайдың бүгінгі жағдайы бұрынғымен салыстырғанда жер мен көктей.
6,6 млрд теңгеге әуежайды Ақжайық СПК арқылы сол кездегі компанияның басшыларымен бірге келісімшартқа отырып, жеке компания арқылы осы қаражатқа жөндеу жүргізілді. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстарының арқасында барлық талаптарға сай әуежай терминалын қолданысқа енгіздік. Сағатына 400 жолаушыны өткізуді қамтамасыз етеміз. Әуежайдың алаңы 10 мың шаршы метрге ұлғайды. Электр желілері, өрт қауіпсіздігіне қатысты барлық тексеру тетіктері талаптарға сай сәйкестендірілді», – деп жауап берді облыс әкімі.
Фото: ғаламтордан
Сонымен қатар, Нариман Төреғалиев неге Ресей компаниясының үлескер болғанын түсіндірді.
«Бұл әуежайдың жыры біраз жылдан бері келе жатыр. Сондықтан бүгінгі күні ресейлік «РЕТРАНС» АҚ компаниясының әуежайда 49% үлесі бар. Қалған 49%-ы біздің Дәулетхан ҚИЛЫБАЕВ деген азаматта, 2%-ы да өзіміздің азаматқа тиесілі. Яғни 51%-ы бізде. Бұл жерде ол компаниялар тек басқарушы ғана. Әуежайдың барлық стратегиялық объектілері, ұшып-қону жолағы, терминал мемлекеттің меншігінде. Олардың меншігінде тек қана ұшып-қону жолағының қасындағы бұрылатын кішкентай аумақ, сонымен қатар ұшақтың тұратын жері ғана бар. Қалған объектілердің барлығы үкіметтің меншігінде.
«Ретранс» АҚ «Аэропорты регионов» деген холдингке қарайды. Ол холдингте бүгінгі күні осындай 14 әуежай бар. Яғни, Ресей аумағында, сосын бізде біреуі. Бұл компания кезінде әуежайдың 49%-ын алған кезде үкіметтің қаулысы да болды. Ол сол қаулыға сәйкес берілді.
Ол жерде құзыретті орган ретінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанындағы Азаматтық авиация комитеті жауапты. Ол компания 49% үлесті иеленер алдында, барлық құзыретті органдармен келісілген. Яғни, оны қандай компания, кімдермен байланыста екені заң аясында тексерілген. Сондықтан бұл жерде қорқатын ештеңе жоқ», – деді әкім.
Д.Қилыбаев. Фото: ғаламтордан
Мұз айдыны, Ат спорты мекемесі, «Ақжайық» футбол клубының стадионы, «Юность» стадионы сияқты нысандардың жеке қолға өтуіне байланысты әкім төмендегідей жауап берді:
«Спорт кешендері, білім, мәдениет саласына байланысты Мемлекеттің жалпы саясаты бар. Олар бәсекелестік ортада болуы керек. Бәсекелестік орта ол – бизнес орта. Біз бизнесті дамытуды айтамыз, мемлекеттің саясаты да сондай. Бірақ біз бизнеске жұмыс істейтін мүмкіндігі бар мекемелерді мемлекеттік меншігіне алып, айырылмай ұстап отырмыз. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан нарықта қолынан іс келетін азаматтар болса, солардың бақылауына берген дұрыс.
Бүгінгі күні мұз айдыны, қателеспесем, РУБЦОВ деген азаматта. Қазір жұмыс істеп жатыр. Біз сенімгерлікке алған компаниялардың алдына нақты талаптар қойып отырмыз. Олар жұмыс істейміз деп алды. Сенімгерлікке алған кезде келісім шартта белгілі бір талаптар көрсетілген. Соған сәйкес олар талаптарды орындауы керек. Орындамай жатса, халыққа сапалы қызмет көрсетпеген жағдайда, мемлекет оны тартып алуға құқылы. Мемлекеттің ондай пәрмені көзделген. Ол жекеге кетіп қалған жоқ, уақытша сенімгерлікке берілді. Осының аражігін ажыратып алуымыз керек».
Фото: ғаламтордан
Ол «спортшылардың жаттығуына жағдай жоқ» дегенмен келіспейтінін жеткізді.
«Спортшылардың жаттығуына жағдай жоқ дегенмен келіспеймін. Мен бұл облыста бұрыннан бері тұрамын. Жыл басында барлығын тағы қарап шықтым. Әрбір спорт нысандарына бардым. «Юность», «Ақжайық» кешендерінде де болдым. Әрине, жөндеу жұмыстары керек.
Кеше осы мәселеге қатысты орынбасарыма тапсырма бердім. Болашақта барлық спорт нысандарында балаларымыздың, ересектеріміздің спортпен айналысуына жағдай жасауымыз керек. Ең алдымен күрделі жөндеуден өткізу мәселесі бар.
Сенімгерлікке алған азаматтардың алдыда осы мәселелерді көтердік», – деп жауап берді Нариман Төреғалиев.
NEGE тілшісінің екінші сұрағы кадр мәселесіне және БҚО-ның бұрынғы әкімі – қазіргі вице-премьер Алтай КӨЛГІНОВКЕ қатысты болды: «Ең күрделі аудандарға тәжірибесі жоқ жастарды жібереді, қолынан іс келетін мамандарға қызмет бермейді. Өйткені БҚО-да әлі де Алтай Көлгіновтің билігі жүріп тұр», – деген әңгіме бар. Бұған не дейсіз?
Облыс әкімі бұл сұраққа жауап бергенде дауысынан діріл байқалды: «Маған мұндай сұрақтарды қойған. Біріншіден, Алтай Сейдірұлы бұған дейін облысты басқарды, қала әкімі де болды. Облысты, қаланы басқарғаннан кейін облыс халқымен тікелей байланыста жұмыс істеді. Екіншіден, бұған дейін өңірді басқарған басшылар да осы кадрлармен жұмыс істеді.
А.Көлгінов. Фото: ғаламтордан
Тәжірибесі жоқ кадрлады қойып жатыр деген сұраққа да жауап бере кетейін. Мамандарға қатысты мемлекеттік біліктілік талаптары бар. Мен ол талаптарды ескермей, кадрларды тағайындай алмаймын. Оның барлығы «Мемлекеттік қызмет» заңына сәйкес жүргізіледі. Мамандардың барлығы төменнен бастады, білімі бар азаматтар. Алтай Сейдірұлы және басқа да адамдар кадр мәселесіне араласты деген – қате пікір. Кадр тағайындауда ешбір адам араласа алмайды. Облыс әкімі ретінде мен де заңнан аса алмаймын».
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев вице-премьер Алтай Көлгіновке шаң жуытқысы келмеді. Алайда біздің тұрақты оқырманымыз жеткізген дерекке қарағанда, БҚО-да Алтай Сейдірұлының билігі жүріп тұр, облыста оның біраз «мүлік-мүкаммалы» бар және бұл шаруаны облыс әкімі орынбасарларының бірі дөңгелетіп отырған көрінеді...