20 Желтоқсан 17:07
...

Батыр СЕЙКЕНОВ: Рахымбаевтар маған 600 мың доллар ұсынды

Фото:

25 жылдан бері аңшылық өнерді зерттеп, жабайы жануарларды қорғауға атсалысып жүрген Батыр Сейкенов тамыз айында оққа ұша жаздаған. Оған белгілі кәсіпкер Айдын РАХЫМБАЕВТЫҢ туған бауыры Серік РАХЫМБАЕВ қосауыз мылтықтан оқ атып, абырой болғанда көлікті ғана зақымдаған. NEGE тілшісі осы істің жай-жапсарын Батыр СЕЙКЕНОВТІҢ өзінен сұрап білді.

Батыр Ералханұлы, әуелі өзіңіз туралы айтып берсеңіз.  

– Аңшылар мен балықшылардың «Аяла» ұлттық палатасы президентімін. Қазақстандағы аңшылар мен балықшыларға арналған қор. Бұл жерде табиғатты қорғау, заңды түрде аңшылық жасау, балық аулау мәселесін көтеріп, идеяларымызды, атқарған істерімізді көрсетеміз. Мұнда 2 мыңнан астам адам бар.

Өзім аңшылық пен балық аулауды жақсы көремін. Осы салада жүргеніме 25 жылдан асты. Бүкіл әлемді аралап, жабайы жануарларды қорғау тәжірибесін үйреніп, Қазақстанға енгізіп жүрмін. Жабайы жануарларды қалай сақтауға болады? Қандай жаңа методика бар, соны меңгеріп келемін.

Екіншіден, блогермін. Тик-токта екі парақшам бар. Біреуін қазақша, екіншісін орысша жүргіземін. Одан бөлек басқа да әлеуметтік желідегі парақшаларымда ақбөкен, арқар, қасқыр туралы жиі жазамын, көп мағлұмат беремін. Қазір оқырмандарым да көп. Мені көбінесе балық, аңшылық кәсіппен айналысатындар және сол салаға қызығатындар қарайды. Тіпті, жанымнан табылып, үйреніп, тәжірибе алмасып, жануарларды қорғауға, сақтауға атсалысып жүргендер бар. Аңшылық пен балық аулау да – кәсіп. Бұл саламен ешкім айналыспаса, аң-құстың қызығын браконьерлер ғана көреді. Халық та жұмысты болып, пайдасы мен игілігін неге көрмейді? Бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние.

– Сіз әлеуметтік желідегі парақшаңызда Серік РАХЫМБАЕВ бастаған топтың заңсыз аңшылық жасап және сізге мылтық кезегенін жаздыңыз. Сол туралы бейнежазба да жарияладыңыз. Осы оқиға туралы тәптіштеп айтып бересіз бе?

– 23 тамызда кешкісін маған бір жігіттер қоңырау соғып, ақпарат берді. «Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына қарасты Екпін ауылында мемлекеттік органның, Зоология институтының, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның өкілдері бар және қолына мылтық ұстаған бір топ жігіт ақбөкенге аңшылық жасауға келді», – деді.

Ақбөкенді атуға рұқсат берілген арнайы мекемелер бар. Бұлардыкі заңсыз. Содан 24 тамызда сол жерде істейтін орманшы тағы хабарласып, «Киікті атуға бара жатыр» деді. Жаныма жолдасымды ертіп Астанадан Екпін ауылына жол тарттық. Сол аумаққа жақындап қалғанда дүрбімен зерттеп қарадық. Ақбөкенді көлікпен қуып атып жүр екен. Негізі мемлекеттік мекеме өкілдері аңшылықтың заңды түрде жүзеге асуын қадағалау керек. «Сендер заңды неге бұзып жүрсіңдер? Көлікпен қуалап атуға неге рұқсат бердіңдер?» деп сұрасам, бастарын салбыратып «амалсыздан» деп тұр. Сонда заң не үшін? Заңда: «Аңды көлікпен қуып атуға болмайды» деп нақты жазылған деп пікірімді айттым. Келгенде бәрімен амандастым. Бірақ бір жігіт шікірейіп, менсінбей қолын әрең созды. «Сіз кім боласыз?» деп едім, «Мен – Серік Рахымбаевпын. Осы жердің қожайынымын. Бұл – менің жерім. Мына жерден кетіңіз», – деп бұйырды. «Бауырым, бұл жерді жалға алып отырсың. Егін ек, малыңды бақ, оған ешкім тыйым салмайды. Бірақ бұл – мемлекеттің, халықтың жері» деп түсіндіруге тырыссам да, ай-шай жоқ боқтық сөз айта бастады. Жолдасым екеуміз көлікпен қырға кетіп қалдық.

Бір кезде Серік Рахымбаев артымыздан келіп: «Камерасыз, микрофонсыз жігітше сөйлесейік» деді. Мен келістім. Сол екі ортада қайтадан ашуланып, дауысын көтеріп, боқтап шықты. «Жануарларды қорғап жүрмін. Бәрі заңды болу керек. Сендердікі дұрыс емес!» дедім. Содан көлігінен мылтығын алып «Я тебе покажу. Я тебя покончу» дегенде, басында жай қорқытып жатыр екен деп ойладым. Қосауыз мылтығын ашып, оқ салғанда қастандық жасайын деп жатқанын түсіндім.

Көлікке жылдам отырдым да жолдасыма: «Мынаның есі дұрыс емес сияқты. Қазір атады» деп енді қозғала беріп едік, мылтық тарс етіп, көліктің артқы терезесіне оқ тиді. Бытырамен атты. Мұның қаупі екі-үш есе көп. Байқауымша, іс-әрекеті, өзін-өзі ұстауы, сөзі есірткі шегіп алған адам сияқты. Көлікке оқ тиген жерін видеоға түсіріп, полиция шақырдық. Аудан 70 шақырым жерде, біраз уақыт күттік. Серік Рахымбаевтың достары «Мына шаруаны үндемей, жаба салайық. 400-500 мың доллар береміз. Алматыдан бес бөлмелі пәтерді қазір атыңа жазамыз» деді. «Болмайды. Адамға мылтық кезену дұрыс па? Бәрін заңды түрде шешеміз. Қолыңмен істеген қылмысыңа жауап бересің» дедім. Келген полиция да бұл істің кісі өлтіруге оқталу екенін айтты.

Олар қанша ақбөкен атып үлгеріпті? Көрдіңіздер ме?

– Соны қарай алмадық қой. Тоңазытқышқа жете алмадық. Бәлкім, қастандық жасамағанда, бәрін көретін едік. Шын мәнінде, тиісті мекемелер дұрыс жұмыс істемейді, бәріне көз жұмып қарайды. 

С.Рахымбаев. Фото: press.kz

Сонда Серік Рахымбаевтың жанындағылар мылтығын тартып алуға ұмтылмады ма?

– Жоқ, керісінше, олар бізге тиісе бастады. «Бұл жерге неге келесіңдер?! Өздеріңнен көріңдер» деді. Бірақ олардың Рахымбаевтың мылтығын алып, тоқтатуға мүмкіндігі болды. Оқ атқаннан кейін, біз видеоға жазғаннан кейін басқаша сөйлей бастады. Сонымен, полиция бәрімізді Қорғалжынға жеткізді, түсініктеме бердік. Сараптама жасауға видеоны да қалдырдым. Өкінішке қарай, тергеуге байланысты ақпарат таратуға, айтуға тыйым салған құжатқа қол қойғызып, тілімді байлап тастады.

Сонымен, бұл іс соңына дейін тергеліп, сотқа жетпеді ме?

– Өткен аптада полициядан қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ескерту алдым. Алайда, Рахымбаетың атқанын дәлелдейтін видео бар, куәгерлер бар. Соған қарамастан қылмыстық істі заңсыз тоқтатып тастаған. Енді менің де бәрін ашық айтуға мүмкіндігім бар. Әлеуметтік желідегі парақшама жазып, ақпарат құралдарына айтып жатырмын. Прокуратураға шағым түсіріп, адвокат алдым. Істі қайта қозғатуға бар күшімді саламын. Мен енді тоқтамаймын, соңына дейін барамын. Аңшылық кезінде әртүрлі жағдай болады. Бірақ бір-біріне мылтық көтеріп, оқу ату болған емес. Мұндай әрекетті қылмыскерлер мен браконьерлер ғана жасайды. Ал өліп кетсем не болады? Бала-шағам ше?

– Сіздің іске қайта қозғау салғаныңыз үшін қандай да бір қастандық әрекет жасалуы мүмкін бе?

– Олар Тик-токтағы екі парақшама шағым жасап, жауып тастауға түрткі жасады. Бірақ Тик-ток әкімшілігіне арыз жазып, бәрін түсіндіріп едім, қайтадан ашып берді. Одан бөлек кейбір ақпарат порталдарына мен туралы жалған нәрселер жазғызып жатыр. «Отбасыма тиісті, қоқан-лоққы көрсетті» деп, тіпті кәсібім жайында да жазбалар қалдырған. Көбі өтірік. Мен де оларға қарсы әрекет жасаймын. Әрине, ондай адамдардан бәрін күтуге болады. Сол үшін қазір арнайы күзетпен жүрмін.

Сізге бауыры Айдын Рахымбаев хабарласты ма?

– Әрине, ол сол бауырына сенген сияқты. Айдын Рахымбаев та хабарласып біраз «дүние» ұсынды. «600 мың доллар берем» деді. Одан да бас тарттым.

Бүкіл әлемді аралап жүрмін. Еуропада, Оңтүстік Африкада, АҚШ-та, Ресейдің Камчатка мен Чукоткасында, Поляр нүктесінде де болдым. Солардың  аң, балық шаруашылығындағы тәжірибесін алып, білген-көргенімді Қазақстанға сіңірсем деймін. Өзімнің кәсібім бар. Өмір-бақи бизнеспен айналыстым. Олардың ақшасына қарап қалған жоқпын.

Біріншіден, елдің жағдайын ойлағым келеді. Торғай өңірінің тумасымын. Арқалық қаласында 4-5 жылдай маршрут автобусы болмады. Соған 6 қоғамдық көлік сатып алып, ай сайын жұмысшыларға, автобөлшектеріне, жанармайына 5-6 млн теңге төлеймін. Енді Қостанайға қатынайтын автобус жүреді. Биыл Парламент мәжілісіне депутаттыққа Астана қаласынан кандидат ретінде түстім. Халық қолдады, бірақ өте алмадым. Алайда, алдағы уақытта халыққа беретінім, жасайтыным көп.

Б.Сейкенов. Фото: ғаламтордан

– Экология және табиғи ресурстар министрлігі аң аулау ережелеріне өзгеріс енгізіп, белгілі бір уақыт ішінде ақбөкенді атуға рұқсат берді. Соған өз көзқарасыңыз қандай?

– Әлемде жануарлардың санын реттеумен мемлекет айналыспайды. Мысалы, Швецияның орманында 300 мың бұлан бар. Ол жерде шөп аз. Үй жануарларына шөп қалу үшін, аңшылар бұланның санын реттеп отырады. Жыл сайын 100 мыңын атады. Бұлан қадағалаусыз өсіп жатса, экономикаға да кері әсері тиеді. Бірақ бұл міндетті тек аңшыларға ғана жүктейді. Ал Голландияда жылына 600 мың жабайы қазды жояды. Маусым айында қаз ұша алмайды. Сол кезде бәрін қуып вагонға тығып, газбен уландырады. Себебі, 8 қаз бір сиырдың шөбін жейді. Шөпті сақтау үшін қазды құрбан етеді. Сол сияқты ауыл шаруашылығымен, соның ішінде шөп өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге кәсібін қорғау үшін қазды атуға рұқсат береді. Ал бізде қалай? Биыл егін егумен, мал өсірумен шұғылданатын шаруалар ақбөкеннің жайылым жерлерді таптап кеткенін айтып шырылдады. Біздің үкімет оларға атуға рұқсат бермейді. Бұл дұрыс емес. Еңбегін сақтау үшін рұқсат беру керек. Бірақ мұның арнайы заңы болуы тиіс.

Айталық, Канадада қаз атуға аңшылыққа шықсаң, бір күнге 120 доллар төлейсің. Ал жергілікті тұрғындарға – 12 доллар.  Егер рұқсат алмай атсаң, айыппұлы – 5 мың АҚШ доллары. Демек, заңды түрде жасасаң арзанға түседі.

Африкада мүйізтұмсықты өлтірсең 200 мың доллар айыппұл төлетіп, 6 жыл түрмеге отырғызады. Қазақстанда елікті атудың бағасы – 350 мың теңге. Ал АҚШ-та – 17 доллар. Біздің мемлекет бұл саланы білмейді. Заңды түрде арзан, ал заңсыз түрде істесе – айыппұлы көп болуы керек. Сондықтан ақбөкенді атуды бағасын төмендетіп, аңшыларға, қарапайым халыққа тапсыру керек. Бірақ түсінікті заң, қатаң тәртіп болуы қажет. Қазір ақбөкенді ату «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ға жүктелген. Біріншіден, қарапайым халыққа мүмкіндік берсе, жұмыс көзі болар еді. Екіншіден, жаңа мамандар шығады. Табиғаттың арқасында кәсіп жасаса, бюджетке де пайдасы тиер еді.    

Тегтер: