4 Мамыр 20:19
...

«Жетісудың» волейболшы қыздары НЕГЕ тентектік жасады?

Фото:
Nege.kz

редакциясына Алматы қаласының Бостандық ауданындағы №210/1 «Сезам» тұрғын үй кешенінің  тұрғыны хабарласты. Оның айтуынша, 1 мамыр күні таңертең көрші пәтерді жалдап тұратын волейболшы қыздың үйінен ішімдік ішіп, айқай-шу шығарғандардың даусы шыққан.

Арызданушының айтуынша, үйінде кішкентай балалары болғандықтан, ол көршісінің есігін қағып, ескерту жасаған. Мұның аяғы жанжалға ұласып, жаға жыртысқан көрінеді. Кейін белгілі болғандай, жанжалға «Жетісу» волейбол командасының «сирақты» қыздары себеп болған.

Оқиғаның әрі қарай қалай болғанын жәбірленушінің өз аузынан естиік.

– 1 мамыр – демалыс күні. Жұрт шырт ұйқыда жатқанда көрші пәтерге таңғы жеті жарым шамасында улап-шулап біреулер келді. Қазіргі пәтерлердің қабырғасы өте жұқа. Бәрі естіледі. Айқайлап күлді, тарсылдатып бірдеңені ұрды, әйтеуір шу басылған жоқ. Үйде екі кішкентай балам бар. Мазамыз қашқан соң есігін қағып, шуламауын сұрадым. Құлақтарына қыстырған да жоқ. Ішімдікке тойып алған. Дөрекі сөйлесті. Демалыс күндері сағат 10-ға дейін басқа тұрғындардың мазасын алмауы қажет. Екінші рет айтып едім, үйіме кіріп үшеуі соққыға жықты.

Үшеуі де «Жетісу» волейбол командасының ойыншылары екен. Әсіресе, афро-американдық қыз өрекпіп, ағылшынша боқтады. Мені ағылшынша білмейді деп ойласа керек.

– Сонда олар сол тұрғын үйде тұра ма?

– Бұл пәтерді «Жетісу» волейбол командасының шабуылшысы, 1993 жылы туған Юнеска Роблес Батиста жалдап тұрады екен. Білуімше, орыс ұлтының өкіліне тұрмысқа шыққан. Күйеуі «Курсив Восток» газетінің фото кореспенденті екен. Бірақ өзінің тіркеуі Өскемен қаласында көрінеді. Ол – шетел азаматы. Басқа мемлекетте осылай еркінси ме? Ол бұл пәтерде тіркеусіз жалға тұрып жатыр. Бұл – бір.

Екіншіден, ол – шетел азаматы, заңды бұзбауы тиіс. Сол үшін депортацияға ұшырап кетуі мүмкін. Бірақ ол өзін өте дөрекі ұстады. Бұған дейін де пәтерден осындай шу жиі шығатын. Бұл жолы тіпті шектен шықты.

Юнеска Роблес Батиста. Фото: vksport.kz

Оған қонаққа келген әріптестері – 1988 жылы туған Әлия Садықова және 1999 жылғы Жанна Сыроешкина. Үшеуі де маған аузына келгенді айтып, балағаттады. Сосын учаскелік полиция шақыруға тура келді. Есік ашып полицейді күтіп тұр едім, маған үшеуі жабыла кетті. Тіпті, полиция қызметкерлерінің көзінше мені теуіп, бағалағаттауын қоймады. Юнеска Роблес Батиста полицияның көзінше тек ағылшын тілінде сөйлеп, басқа тіл білмейтін адамдай көрінді. Бірақ ол орысша да жақсы біледі.

Жанна Сыроешкина: «Сен менің кім екенімді білесің бе? Мен саған көрсетемін!», – деп қоқан-лоқы жасады.

Денем, аяқ-қолым көгеріп, көйлегім жыртылды. Өкініштісі, осының бәрін балаларым көрді. Қазір балаларым үйден шығуға қорқып қалды. Менің қан қысымым көтеріліп, жедел-жәрдем шақырдым. Өзім кардио-хирургте тіркеуде тұрамын. Таяуда ғана ота жасатып, эндометриозды алып тастаған еді.

Полиция бөлімшесіне тек Юнеска Роблес Батиста ғана барды. Маған белгісіз себеппен қалған екеуі қалып қойды.

Қазір олар Өскеменде жарыста жүрген сияқты. Ертең келуі тиіс. Мәселені бұлай қалдырмаймын. Топ болып ұрғаны үшін әрі қарай сотқа жүгінемін. Жедел-жәрдем шақырдым, керекті мәліметтің бәрін түсіріп, құжаттың бәрін сақтап қойдым. Осы арқылы пәтерді жалға берген қожайынды да тексертемін. Ол тіркеуде жоқ адамға неге пәтерін жалға береді? Миграция полициясына да шағым түсіремін.

Тілшіміз бұл даулы мәселе бойынша Алматы облыстық  Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа хабарласты.

 «Жетісу» волейбол клубының қыздарының үстінен арыз түсті. «Ішімдік ішіп алып, мені соққыға жықты» деп көршісі арызданды. Бұған не айтасыз?

– Егер оқиға жарыс кезінде, спортзал ішінде болса, біз жауаптымыз. Ал қазіргі мына әрекеттері үшін өздері жауап береді. Себебі, ресми чемпионат бітті, олар қазір демалыста жүр. Тек оқу-жаттығуда жүрмесе, жарыс маусымы бітті. Олардың бәріне хабарласып, сөйлесемін. Қалай болғанда да, олардыкі дұрыс емес. Үйінде, мейрам кезінде біздің қатысымыз жоқ. Бәрін біліп алайын, сосын сізге хабарласып айтамын.

«Жетісу» волейбол клубының Түркияда тұратын жаттықтырушысы Жанболат Бұрханмен WhatsApp желісі арқылы тілдесіп көрдік. Мән-жайды естіген ол тәртіп бұзған қыздар үшін «Жетісу» командасының есігі жабық екенін мәлімдеді.

– Біріншіден, Роблес Батиста Юнеска мен Әлия Садықова – «Жетісу» волейбол клубының бұрынғы ойыншылары. Қазір біз бұл екеуін командадан шығарып жібердік. Себебі, бұған дейін де бір инцидент болған. Команда жарыстан қайтып келе жатқанда пойызда ішімдік ішіп, тәртіп бұзған. Тіпті, жаттықтырушының «пойыз купесінен шықпаңдар» деген сөзін елемей, жанындағы адамдардың мазасын алған. Жолаушылар шағым түсірген соң, қатаң түрде жазалап, соңғы мүмкіндік бергенбіз. Бірақ мұның бекер екенін білдік те, олардан құтылмасқа амал қалмады.

Бізде де темірдей тәртіп бар. Біртұтас команданың ойы да ортақ болуы керек. Темекі шегуге, ішімдік ішуге тыйым салынған. Олар спортқа тән талап пен тәртіпті бұзып, команданың беткеұстары бола алмайтынын көрсетті. Ал Жанна Сыроешкина – «Алматы» клубының ойыншысы. Бұл үшеуі де Қазақстан құрамасында ойнайды.

– Олар командадан қашан шығарылды?

– Командадан шыққаны туралы ескерту-хабарлама жібергенімізге 2 ай болды. Жарыс маусымы біткен соң келісімшарт бұзылады. Басқа клубты іздеп жатқан шығар. Бірақ олар үшін «Жетісу» командасының есігі жабық. Себебі, бұл біздің команда үшін ұят нәрсе. Қоғамда бұлай әдепсіздік, көргенсіздік көрсетуі мүлдем адамгершілікке жат тірлік. Біздің команданың әрбір мүшесі жастар үшін үлгі болуы керек. Біз халыққа салауатты өмір салтын насихаттап, дұрыс өмір сүрудің жолын көрсетуіміз қажет. Ал әлгіндей ішіп алып, боқтап, ұрып-соғуға барса, өте ұят.  Дұрыс, мұндайды ашып жазу керек. Себебі, сен спортшы болсаң, саған бәрі бола береді деген әңгіме жоқ. Ең алдымен, адам болып қалуың керек. Бұдан кейін істеген әрекеті үшін ұялатын шығар.

Оқиғаның анық-қанығын зерттеп жатқанда волейболшы Әлия Садықованың өзі тілшіге хабарласты. 

«Ол әйелді ешкім ұрған жоқ. Бұл шындыққа жанаспайды. Екі көршінің арасындағы ұрыс-керіс қой. Біз ішімдік ішкен жоқпыз, шулаған жоқпыз. Таңертеңгі сағат 9 еді. Ескерту жасады. Біз «жарайды» дедік. Бірақ ол Юнескаға «Сені депорт жасатамын» деп нәсіліне тиісіп, бетінен ұрды. Полицияға мен барған жоқпын. Егер төбелес болса, бәрімізді бірге алып кетер еді немесе 15 күнге қамап тастайтын еді ғой», – деді ол.

Ал оқиғаны іске тіркеген учаскелік полиция былай деді: «Сезам» үйінің тұрғынынан арыз түсті. Ол бізге тіркелді. Оқиғаны тексеріп жатырмыз. Ертең бейне жазбаны аламыз. Арызда үшеуі жабылып, дене жарақатын жасағаны жазылған. Оларды сол күні РОВД-ға жеткізген».

Іле-шала тілшіге өзін «Юнеска Роблес Батистаның адвокатымын» деп таныстырған әлдекім телефон соғып, «оқиғаны жариялап жібергені үшін тілшіні сотқа беретінін», тіпті тез арада Nege.kz порталының редакциясына келуге дайын екенін айтқан.   

P.S. Білуімізше, Юнеска Роблес Батистаның «Жетісу» командасына келгеніне көп бола қоймаған. Кезекті бір дау-дамайдан кейін ШҚО-ның «Алтай» командасынан «Жетісуға» ауысып келген көрінеді. Волейболды өте қатты жақсы көретін, спорттың осы түріне бюджеттен миллиардтап ақша бөлгізетін облыс әкімі А.Баталовтың бұл тентек қызға неге аңсары ауа қалғаны түсініксіз. 

Тегтер: