13 Қазан 08:09

«Жарық жоқ, жылу жоқ». Тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс келе жатыр

Фото:

Тоқсаныншы жылдары суық үйде майшаммен отырған күндерді орта буын әлі ұмыта қойған жоқ. Жылт етіп жарық жанғанда шұрқырасып қалатын, жалп етіп қайта өшкенде билікті сыбап алатын кездер санада тұр...

Биылғы қуаңшылық су тапшылығына ұрындырып, энергия қуатын сарқылтып кетті. Мәселен, күн суытқанына қарамастан, Алматы облысының Қапшағай қаласындағы көппәтерлі үйлерде жылу жоқ.

Қапшағайлық Нұрбек Оралұлының айтуынша, пәтерінде жылу болмауының салдарынан балаларына шетінен суық тиіп, ауруханаға түсіп жатыр. «Не себепті жылу жоқ?» деген сұраққа КСК жартымды жауап бере алмай отыр. Ал әкімдік әлдебір апаттың салдарына сілтеп отырған көрінеді.

«Алатау Жарық компаниясы» 11-15 қазан аралығында Алматы облысының аудан орталықтары мен ауылдарында, 11-16 қазанда Алматы қаласының аудандары мен кейбір көшелерінде «жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты» жарық өшірілетінін хабарлады.

«Электр желілеріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстарына желілерді бөтен заттардан тазалау, ауыстыру және басқа да жұмыстар кіреді. «Алатау Жарық компаниясының» бригадасы бұл жұмыстарды 1,5-2 сағат аралығында атқарады», – деп жазды компанияның ресми сайты.

Энергетика саласына қатысы бар тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Қырғызстандағы Тоқтағұл су электр стансасынан бізге келетін энергия көзі азайса, Алматы мен Алматы облысының біраз аумағы жарықсыз қалады. Мұны Ресейден келетін энергиямен толықтыруға болады, бірақ баға бірден шарықтап кетуі әбден мүмкін.

Қырғыздар жарықты жоспарлы түрде өшіріп тұратынын хабарлап, халыққа құлаққағыс жасап қойды. Мұның себебі – тапшылықтың салдарынан қоймадағы су азайып кеткен. Өз халқын қамти алмай отырған қырғыздар мұндай жағдайда қазақтарды қалай жарылқайды?

«KEGOK» АҚ-ның мәліметінше, оңтүстік өңірлер тұтынатын электр энергиясы өндірілетін қуаттан екі есе асып түседі. Алда-жалда Жамбыл ГРЭС-індегі 4 блоктың бірі істен шыға қалса, шығын еселене бермек. Электр энергиясына жауапты компания «жарықты жоспарлы өшіруді» көздеп отырғаны содан болса керек.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев былай деді: «Халық санының күрт өсуі, өнеркәсіпті автоматтандыру және электрмен қамту үдерістері бүкіл дүние жүзінде электр қуатының тапшылығына әкеліп соқты. Қазақстанда негзігі қуат көзі – көмір. Біздегі көмір, газ және электр қуатының бағасы әлем бойынша ең төмен деп айтуға болады. Салдарынан еліміздің экономикасы энергия тұтыну көлемі бойынша дүниежүзінде 12-орынға көтерілді. Қысқамерзімдік болашақта біз энергиямен қамту проблемаларына тап болуымыз ықтимал».

А.Сәтқалиев. Фото: Самұрық-Қазына.

Нұр-Сұлтанда көмірдің жетіспеуі, өңірлердегі газдың тапшылығы түрлі ойға жетелейді. Тоқсаныншы жылдардағы энергетикалық дағдарыстың көзге елестей бастағанының да себебі сол. Одан бөлек, биылғы қыстың қалай болары да белгісіз. 

Алматы облысының кейбір жерлерінде жылудың жоқтығын, «жоспарлы түрде жарық өшіріліп жатқанын» жоғарыда айттық. Ендеше, «Самұрық-Қазына» басшысының «қысқамерзімдік болашақ» дегенін «бүгін-ертең» деп түсінуіміз керек.

Сондықтан қора-қопсыда тұрған майшамның шаңын сүртіп, дайындап қойғаныңыз абзал. Бірақ майшамға құятын солярканы қайдан аламыз? Мұның жауабын қазір биліктің өзі де білмейді...

Тегтер: