12 Қазан 19:32

Энергетиктер болжамы: «Қазақстанда биылдың өзінде энергия тапшылығы сезілуі мүмкін»

Фото:
Отандық энергетиктер алдағы қысты үрейлене күтіп отыр. Қазақстанның Бірыңғай энергожүйе операторының мәліметінше, елімізде электр

қуатын тұтыну көлемі аса зор қарқынмен өсуде.

Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биылғы 9 айда энерготұтыну көлемінің өсуі 7,2%-ға жеткен. Оңтүстік өңірдегі өсім, тіпті 11,8%-дан асып жығылды. Электр қуаты ең көп тұтынылатын кешкі мезгілде Қазақстандағы қуатты тұтыну көлемі былтырғы көрсеткіштерден 1500 МВт-қа артық, соның ішінде Оңтүстік аймақ бойынша – 400 МВт.

Энергетиктердің болжауы бойынша, Қазақстанның Бірыңғай энергожүйесінде қазан-желтоқсан айларының өзінде қуат тапшылығы шамамен 1,7 млрд кВт/с-қа жетуі ықтимал. Бұл сандар электрстансаларында жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне, гидроэлектр стансаларындағы су тапшылығына әкеліп соқтырған қуаңшылыққа және Жамбыл ГРЭС-інің отынмен қамту мәселелеріне негізделген.

Бұл факторлардың барлығы, әсіресе, оңтүстік аймақта, электр қуатымен қамтамасыз етуді уақытша шектеу ықтималдығын жоққа шығармайды.

«KEGOC» АҚ мәліметтеріне сүйенсек, Оңтүстік аймақта 4350 МВт элетр қуаты тұтынушыларға жеткізіледі. Ал, өндірілетін энергия көлемі 2250 МВт-тан аспайды. Оның өзінде Жамбыл ГРЭС-і 4 блоктың толық қуатында жұмыс істесе ғана. Солтүстіктен Оңтүстікке энергия транзитінің көлемі 2100 МВт-ан аспайды. Демек, шамамен 400 МВт энергияны аса жоғары бағамен Ресейден сатып алуға тура келеді.

Жамбыл ГРЭС-і. Фото: ғаламтордан.

Айта кеткен жөн, көптеген мемлекеттер қазір энергия тапшылығына тап болып жатыр. Жаңартылатын қуат көздеріне ден қойған Еуропа елдерінде газдың бағасы тарихи максимумдардан асып жығылды. Қытайда электр қуаты тапшылығынан зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап жатыр. Қырғызстанда Тоқтоғұл ГЭС-дегі судың тартылуына байланысты электр қуатын жоспарлы түрде жаппай өшіру ықтималдығы туралы халыққа ескертілді.

Дүниежүзілік энергетика апталығында баяндама жасаған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев былай деді: «Халық санының күрт өсуі, өнеркәсіпті автоматтандыру және электрмен қамту үдерістері бүкіл дүние жүзінде электр қуатының тапшылығына әкеліп соқты. Қазақстанда негзігі қуат көзі – көмір. Біздегі көмір, газ және электр қуатының бағасы әлем бойынша ең төмен деп айтуға болады. Салдарынан еліміздің экономикасы энергия тұтыну көлемі бойынша дүниежүзінде 12-орынға көтерілді. Қысқамерзімдік болашақта біз энергиямен қамту проблемаларына тап болуымыз ықтимал».

«Самұрық-Қазына» Қоры басшылығының пікірінше, энерготапшылық проблемасын шешу үшін еліміздің энергетика саласын түбегейлі жаңарту қажет. Сонымен қатар электр қуаты мен газдың бағасын нарық қағидаттарына сәйкес реттеп, әділ түрде қалыптастыру керек.

Тегтер: