5 Желтоқсан 15:29

Ұлттық университеттен НЕГЕ береке қашты?

Фото:

Жуырда Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің оқытушылары Бас прокурор Б.АСЫЛОВТЫҢ атына арыз жазды. Арыз «Ж.Қ.Түймебаевтың жемқорлық және қылмыстық іс-әрекеті туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларының үндеуі» деп аталады. Атауынан-ақ арыздың салмағын сезуге болатындай...

Арыздың авторлары көрсетілмеген. Тек соңына «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары» деп жазыпты. Мұның жайы айтпаса да түсінікті.

Фото: qazaqstan.tv

Бұл арыз бойынша NEGE порталы Бас прокуратураға, Антикорға, Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне және Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдады. «Сыртқы істер министрлігінің ҚазҰУ-дің мәселесіне қатысы қанша?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Қатысы бар боп шықты. Ол туралы сәл кейінірек баяндаймыз. Алдымен арыздың жалпы мазмұны туралы.

«Түймебаев пен оның «командасының» іс-әрекеті кесірінен аз ғана уақыттың ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қаржылық тығырыққа тіреліп, бюджетте «тесіктер» пайда болды. Университет тарихында мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Коммерциялық негізде оқитын студенттерден түсетін ақша негізінде оқытушылар мен қызметкерлерге төленуге тиісті жеткілікті ақша қазір жоқ. Бұған дәлел – бірнеше айдан бері оқытушыларға жалақыдан берілетін аванс тоқтады. Денсаулықты түзеуге төленетін пособияны кесіп тастады. Университет тарихында бұл да болған емес.

ҚазҰУ қызметкерлеріне қатысты мұндай заң бұзушылықтар көп ұзамай оқу орнында әлеуметтік кикілжіңге әкеп соғуы мүмкін...», – дейді арызда.

Арыздағы айтылғандарға сенсек, жағдай одан әрі шиеленісе түсетіндей. Мәселен студенттер шетелден тәжірибеден өтуі үшін шығынды өз қалтасынан төлейтін көрінеді. Өйткені университет студенттердің шетелге бару шығынын көтеруден бас тартқан. Арыз иелерінің жазуына қарағанда, «Түймебаевқа дейін мұндай болмаған».

Ж.Түймебаев. Фото: inform.kz

«Мұның айқын мысалы мынау: 2021 жылы филология факультетінің жүзден астам студенті Түркияда тәжірибеден өтуге өз есебінен барды. ҚазҰУ әкімшілігі әр студентке 300 мың теңге төлеуге уәде бергенімен, оны да төлеген жоқ. Мұның ақыры студенттердің БАҚ-та негізді мәлімдеме жасауына, қоғамдық резонанс тууына әкеп соқтырды», – депті.

Арыз иелерінің жазуынша, «Ұлттық университет қызметкерлеріне төленуге тиісті қаржының жетіспеуіне Түймебаевтың көптеген кеңесшілері мен көмекшілерінен және «сенімді солдаттары» мен жақындарынан тұратын «үрленген штат» та себеп» болған көрінеді.

«Осы «арамтамақтар армиясы» жоғарғы оқу орнын «астауға» айналдырды, ал университет аумағын қымбат көліктерімен кіріп-шығатын «проходной двор» жасап алды».

Бұдан әрі «Түймебаевтың солдаттары» мен ҚазҰУ-дың «сатылып кетіп, кейін кері қайтарылған» жеріне қатысты арызда көрсетілген көптеген мәліметтерді мысал етуге болар еді, қолымызда нақты дәлел болмағандықтан және құзырлы органдарға жолдаған ресми сауалдарымызға жауап кешеуілдеп жатқандықтан, бұл мәселені індетуді кейінге шегердік.

Арыздың Бас прокуратураға жіберілгенін жоғарыда айттық, осыған қатысты Бас прокурор Б.АСЫЛОВТЫҢ атына жолданған ресми сауалымызға Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары С.СӘМЕТ толымды жауап берудің орнына, жауапкершілікті Алматы қаласының прокуратурасына ысырып жіберіпті.

Авторы көрсетілмеген «домалақ арызда» жазылған басқа да мәліметтерге әдеттегідей көздің қиығымен ғана қарауымыз мүмкін еді, бірақ арызбен қосарлана жеткен тағы бір дерек оны мұқият оқып шығуымызға қосымша себеп болды...

Биылғы оқу жылының басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үлкен дау туды. Жай ғана дау емес, халықаралық дау. Иорданияның ҚазҰУ-де оқып жатқан сексенге жуық студенті ақшасын уақтылы төлегеніне қарамастан, оқудан шығып қалған.

Осы оқиғаға қатысты Иордания билігі ҚР Үкіметіне, Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдап, студенттерін кері қайтарып алады. Бұл туралы еш жерде айтылмағандықтан, көпшілік хабардар болған жоқ.

Иорданияның Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрі, профессор Уажиһ УАЙСТЫҢ тамыздың соңында Қазақстанның «Жоғары мәртебелі премьер-министріне, сыртқы істер министіріне және шетелдіктерге» жолдаған «Университетті мойындаудан бас тарту» туралы наразылық хатының мазмұны төмендегідей:

«Иорданиядан тыс жоғарғы оқу орындарын тану комитеті өз отырысында шешім қабылдағанын хабарлайды. Бұл шешім 2022/27 – 2022/8/22 жылы мекемелерді тану нұсқаулығының 7-бабындағы ережелерге негізделген. Ереже 2018 жылғы 2-нөмірмен бекітіліген.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтандағы Иордания елшілігінің шағымдарды тексеру комитеті ұстанымдарын негізге ала отырып, Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министірлігі Қазақстандағы әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің барлық деңгейлерін қабылдаудан бас тартады».

Фото: ғаламтордан.

Түсінген адамға Иордания министрінің жазғаны – қыжылға толы, зілді хат. Оған себеп бар. Мәселен, Қазақстанның студенттері шетелде осындай жағдайға тап болса, біздегі құзырлы министрліктер де осылай әрекет етуі мүмкін еді.

Сонымен, иордан студенттері төлеген ақша қайда кетті? ҚазҰУ қабырғаларының «сыбырына» сенсек, иордан студенттерінің университет бюджетіне түсуі тиіс ақшасы әлдебір жеке компанияның қалтасында кеткен. Және ол компанияның университет басшылығымен ым-жымы бір болуы мүмкін.

Бұл оқиғаның түйінін Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Б.НАРБЕКОВА ресми сауалымызға берген жауабында шешіп берді.

«Exellent Consult» деген қандай компания? Бұл компанияның ҚазҰУ-ге қатысы қанша? Шетелдік студенттердің оқу ақысы НЕГЕ университет шотына емес, жеке компанияға төленген? Халықаралық дау тудырып, наразылық нота жолдануына себеп болған компанияны жауапқа тартудың орнына НЕГЕ оған «қарыздарды қайтаруға мүмкіндік беру» туралы күлбілте шешім қабылданды?

Ашық ақпарат көздерінен «Exellent Consult» ЖШС (Экселлент Консулт) деп аталатын әлдебір компанияға қатысты біршама дерек таптық. Компанияның тіркелген уақыты «2020 жылдың 21 қазаны» деп көрсетілген. Басшысы – Мейрамкүл Айтбайқызы АБИРОВА. 

Егер министрлік «қарызды қайтаруға» мүмкіндік беріп, басшысымен «онлайн-кездесу» өткізген компания осы болса, жұмыс істеп жатқанына бар-жоғы екі жылдан енді асқан ЖШС-ға не себепті халықаралық жауапкершілік сеніп тапсырылған?

Осы және өзге де сұрақтардың жауабын енді Алматы қалалық прокуратурасынан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен және Сыртқы істер министрлігінен күтеміз.

Тегтер: