11 Қараша 10:22
...

«Проект»: Рамзан Қадыровтың билікте 96 туысқаны бар

Шешенстан
Фото: verstka.media

Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың кемінде 96 туысы мемлекеттік басқару жүйесінде немесе мемлекетпен байланысты бизнесте жұмыс істейді. Бұл туралы «Проект» басылымының зерттеуінде айтылған.

Астана, NEGE. Қадыров Ресейдегі билік құрылымдарында жұмыс істейтін туыстарының саны бойынша рекорд орнатқан. Салыстырар болсақ, Ресей президенті Владимир Путиннің 26 туысқаны билікпен байланысты қызметтер атқарады.  

Қадыровтың туыстары Шешенстан үкіметіндегі орындардың жартысын, яғни, 20 орынның кемінде тоғызын иеленген. 

Мәселен, оның ұлы Ахмат Қадыров – спорт министрі, ал немере інісі Адам Черхигов – көлік министрі. Үш күйеу баласы – жастар істері, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау министрлері. Туысы Хож-Бауди Дааев – білім министрі, ал құдасы Абузайд Висмурадов – үкімет төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қадыровтың ауылдастары Бекхан мен Галас Таймасхановтар тиісінше үкімет төрағасының орынбасары және үкімет пен республика басшысының әкімшілік жетекшісі болып жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Қадыровтың айналасындағы кемінде сегіз адам федералдық деңгейде жоғары лауазымды қызмет атқарып отыр. 

Құдалары Адам Делимханов пен Сулейман Геремеев – Мемлекеттік дума мен Федерация кеңесінің мүшелері. Ауылдасы Руслан Эдельгериев президенттің көмекшісі болып қызмет атқарады, туысы Эли Исаев – Федералдық қазынашылықтың басшысының орынбасары. Жездесі Ахмед Айдамиров – Ресей футбол премьер-лигасы басқармасының мүшесі, ал күйеу баласы Якуб Закриев – «Данон Россия» (қазіргі атауы – «Логика молока») компаниясының басшысы. Немере ағайындары Одес пен Руслан Байсултановтар да министрліктерде қызмет атқарады: Одес – Ресей спорт министрінің орынбасары, ал Руслан – ағарту министрінің көмекшісі.

Бұған дейін BBC-дің орыс қызметі Шешенстан билігінде Қадыровтың 80-нен астам туысы жоғары лауазым атқаратынын хабарлаған еді.

«Проект» басылымының зерттеуінше, Ресейдегі жоғары лауазымды шенеуніктердің 76 пайызында билікте, мемлекеттік бизнес құрылымдарында немесе қоғамдық және саяси ұйымдарда жұмыс істейтін туыстары бар.