Төңкеріс теориясы: «Іштен шыққан жау жаман»
Әміржан ҚОСАН, саясаткер
Германиядан жік шықты, екі құлағы тік шықты: күні кеше мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған топ анықталып, елде антитеррорлық операция жүргізілуде.
Өздерін «Рейх азаматтары» («Рейхсбюргерлер») деп атаған ұйымның саяси және әскери қанаттары құрылып, Еуропаның қақ ортасындағы мемлекетте билікті басып алғысы келген екен. Елді ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктірген іс бойынша 25 күдікті тұтқындалыпты.
Әзірше бар ақпарат осы. Мықты мемлекет саналатын Германия өз дұшпандарын анықтап, тергеу жүргізіп, тиісті қорытынды жасай жатар. Мен болсам: «Біз, қазақтар, төңкеріс қаупінен адамыз ба?», – деген сауалды қойғым келеді.
Фото: Euronews
Негізінен төңкеріс деген үш жерден шығуы мүмкін.
Біріншіден, биліктің өз ішінде мәңгі-бақи тақ талас болатынына тарихтың өзі куә. XXI ғасырда ол дәстүрлер жойылып кетті деп кім айта алады? Сондықтан да тақтың маңайында жүріп, содан дәмететін күштер мен тұлғалар әрқашан да болған, бар және бола бермек! Басқасын айтпағанда, кешегі Қанды қаңтарды биліктің өзі «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» деп бағалап отыр емес пе?
«Іштен шыққан жау жаман», олар биліктің сырын біледі, күшті және осал тұстары мен айла-шарғысынан хабардар. Әшейінде ырду-дырду боп жүргендердің ортақ мақсат төңірегінде талағы жабыса қалады. Және де өздерінің қолындағы билеуші тетіктерді арам ойларын жүзеге асыру үшін пайдалана алады.
Әрине, Берлиндегі бүлік әрекетіне бәзбіреулер «мұның бәрі қастандық теориясы болар, бәлкім, фрау А.МЕРКЕЛЬДЕН кейін билікке таласып жүрген топтардың бір-бірін қаралауы шығар» деп күмәндана қарар. Ол да мүмкін.
Бірақ, біздің ел мен Германия секілді мемлекеттің басты айырмашылығы сол: ол жақта билік тармақтарының тепе-теңдігі, шынайы оппозиция, тәуелсіз сот пен сөз бостандығы бар. Сондықтан, шындықтың беті сөзсіз ашылады. Ал бізде болса, ондай істер бойынша тергеу мен соттар жабық түрде өтеді. Сондықтан да біздің нұсқаларға сенім аз...
Екіншіден, билік болған соң, оның қарсыластары болады. Олар да билік басына келгісі келеді. Сол мақсатына жетудің бір жолы – төңкеріс.
Үшіншіден, белгілі бір елде өзіне ыңғайлы, айтқанынан шыға қоймайтын, көнбіс, сыртқы жаққа тәуелді (саясаттануда оны «компрадорлық» дейді) билік орнатқысы келетін ықпалды көршілер не державалар болады. Бізде болса, қос көршіміз де – үстіңгі ернімен көк тіреп, астыңғы ернімен жер тіреген алпауыттар. Оның үстіне әлем картасындағы біздің геосаяси мекенжайымыз да басқаларды қызықтырады. Мәселен, «Германиядағы төңкеріс талпынысының артында Ресей тұруы мүмкін» деген ақпарат тарап жатыр.
Сондықтан сыртқы қауіпті де мүлдем жоққа шығаруға болмайды.
Елде билік транзиті жүзеге асты. Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның талас-тартысы қыза түскен сияқты. Бұл процеске небір қуатты күштер, қыруар қаржысы мен ықпалы бар топтар араласуда. Әр кәллада бір қиял, кімнің не ойлап жүргенін бір Құдай біледі.
Германиядағы төңкеріс бізде болуы мүмкін емес деп кім кесіп-пішіп айта алады?
Халық па? Халықтың өзі бүгінде бірегей емес: ТОҚАЕВТЫ қолдайтындар да бар, қолдамайтындар да бар. Ең көбі – Жаңа Қазақстан идеясы мен президенттің қимыл-әрекет логикасын әлі де түсіне алмай жүргендер. Төңкерісшіл күштер осы электоратты пайдаланбай ма?
Н.Назарбаев. Фото: ғаламтордан.
Президент пе? Ол енді ғана күшіне мінген сияқты. Әрине, НАЗАРБАЕВ факторы толығымен күшін жойды деп айта алмаймыз, оны президент сайлауынан кейін де ескі кадрлардың әлі төрге озып жатқанынан көруге болады. Не болса да, билік тізгіні президенттің қолында, барлық мемлекеттік органдар ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында. Бірақ, ол фактор да сенімді кепіл емес, оны кешегі Назарбаев отбасы мүшелері мен ҰҚК-нің экс-төрағасына тағылып отырған айыптар көрсетіп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, елде төңкеріс болмайтынына ешқандай да – құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, саяси және геосаяси кепілдік жоқ.
Төңкерістердің алдын-алу – арнайы органдардың тікелей міндеті. Әрине, олар өз қызметін шама-шарқынша атқарып жатқан болар. Бірақ қазіргі ақпараттық және байланыс, заманауи технологиялық мүмкіндіктері небір құйтырқы астыртын әрекеттерге даңғыл жол ашатыны да ащы шындық емес пе? Олай болса, арнайы органдар да толыққанды кепіл емес!
«Ашық қоғам, толыққанды әрі дамыған демократия ғана мемлекеттік төңкеріске тиімді тосқауыл бола алады» деген тұжырым да сенімсіздеу, мәселені түбегейлі шеше алмаса керек. Әйтпесе, өркениетті, саяси өмірі мейлінше жария әрі бәсекелес, билігі мен оппозициясы бір-бірін бақылап, терезесі тең қимыл-әрекет жасап отырған мына Германияда осындай әрекет жасалар ма еді?
Қ.Тоқаев. Фото: ғаламтордан.
Сонда не кепілдік болмақ? Меніңше, әзірше үш қана кепілдік бар.
Біріншісі – құқықтық кепілдік, яғни Конституция мен негізгі заңдарда «мемлекеттік төңкеріс арқылы орнаған билік ешбір жағдайда легитимді саналмайды» деген қағидат тайға таңба басқандай жазылып қойылуы тиіс.
Екіншісі – моральдық кепілдік, яғни осы бастан бүткіл қоғам және әрбір азаматтың санасында қандай да бір төңкеріс жасауға ұмтылушыларға деген теріс көзқарас (әйтпесе, кей кезде оларды режимге қарсы күрескен батыр санап кетеміз) қалыптастыру. Тіпті ең тамаша демократиялық ұрандар ұстанған топтар заңсыз түрде билік басына келсе, олар қаншалықты легитимді болады?
Иә, авторитарлық жүйе – залымдық пен арамдықтың құнарлы топырағы, бірақ демократиялық жүйе ол қасиеттерден мүлдем ада, сүттен ақ, судан таза, мінсіз деп кім айтты?!
Заңсыз, астыртын түрде, төңкеріс жолымен билікке келуі мүмкін күштерді қоғам қабылдамайтындай, төңкерісшілдікке төзбейтін ахуал қалыптастыру керек! Сол кезде ғана арам ойлы, теріс пиғылдылар ойлана бастайды.
Үшінші жолы билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі мен дербестігін түпкілікті орнату болса керек. Мәселен, жүздеген адамнан тұратын парламентті басып алып, соншама депутатттың бәрін бірдей өзіне қаратудың өзі мүмкін емес қой! Биліктің бір тармағын төңкеріп тастаса, елді басқара беретін қалған екеуі бар емес пе?
Елде конституциялық легитимді билікті сақтап қалып, төңкеріске жол бермеудің басқа амалдарын мен әзірше көріп тұрған жоқпын...