«ТАҚ ойыны»: ТОҚАЕВ пен ТАСМАҒАМБЕТОВ ат құйрығын кесісті ме?

Кейбір дерек көздеріне сенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың арасынан қара мысық жүгіріп өткен көрінді. Мұндай сыбыстың шығуына бұдан бірнеше күн бұрын Президенттің ҰҚШҰ-ның бас хатшысын салқын қабылдауы түрткі болып отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары бұл кездесу жөнінде там-тұм ақпаратпен ғана шектелді. Жай-жапсары да жалпылама бірдеңе.
«Бас хатшы Мемлекет басшысына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының хатшылығының қызметі туралы ақпарат берді... Кездесу барысында ҰҚШҰ жұмысының басымдық берілген бағыттары бойынша бірқатар мәселе талқыланды», – деген екі ауыз сөзден әрі аспайды.
Десе де,кейбір ұзын-құлақ телеграм арналары ақпараттың тым қасаңдығынан бұл жерде бір гәп бар екенін тұспалдайды. Мұның өзінен Тоқаев пен Тасмағамбетовтің арасында әлдеқандай дүрдараздықтың бар екенін жорамалдайды.
Дейтұрғанмен, кейбір айтылған сөздерінің жаны да бар. Мәселен, қазақ билігі Тасмағамбетовке наразы екен. Оның себебі де мәлім. Айталық, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қарамастан, Астана халықаралық аренада «прагматиз мен көп векторлық саясатты» ұстанып келеді. ҰҚШҰ-ның тізгінін ұстап отырған қазақ саясаткері болса, бұған мүлде кереғар мәлімдемелер жасап, Қазақстанды «қайталама санкцияға» біртабан жақындатуға бейіл.
Сондықтан Президент Тасмағамбетовті қабылдауға да аса ықтияр болмаған сыңайлы. Мұны кездесу барысынан түсірілген фотодағы салқын қабақтардан аңғаруға болатындай.
Өздеріңізге белгілі, Ресей тарабы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскери-техникалық, өнеркәсіптік кешендерін біріктіру бастама көтерді. Тасмағамбетов мұны қолдағандай емеурін білдірген.
«Ерте ме, кеш пе, барша өркениетті әлем жұртшылығы Қазақстанда жасалған қару-жарақты Украинадағы соғыста Ресей әскерінің қолынан көреді. Тасмағамбетов Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіргені бөлек әңгіме. Бұдан ҰҚШҰ-дағы бас хатшылығынан пайда табуды көздеген оның жеке мүддесі ғана емес, Ресей билігінің әскери қақтығысқа Қазақстанды тартқысы келетіні де көрінеді», – деп жазады адуынды қазақстандық телеграм арнасы.
Бұл дерек көзі Президент әкімшігіне жақын адамдарды куәлікке тартып, Тоқаев пен Тасмағамбетовтің кездесуі қату, қатқыл жағдайда өткенін хабарлады. ҰҚШҰ-ның алдағы уақыттағы қадамдары және ондағы Қазақстанның рөлі жөнінде әңгіме болған кезде қызыл кеңірдек тартыс болыпты. Бұл жайт екі саясаткердің кетісуіне түрткі болуы мүмкін екені де топшыланған.
«Іс жүзінде Тасмағамбетов бүгінде Ресей мүддесін алға тартушы тұлғаның рөлінде. Бұл Қазақстан Президентінің көңілінен шықпайды. Осы кездесудің Тастамағамбетов тәрізді кәнігі саясаткердің алдағы тағдырына қалай ықпал ететіні жөнінде тек жорамал жасау ғана қалады. Жасаған таңдауы алдағы өмірлік жолын айқындайтынын Тасмағамбетовтің өзі өте жақсы біледі. Әрине, Тоқаев та», – деп қорытынды жасапты дерек көз.
Әрине, бұл ақпараттың рас-өтірігі айқын емес. Десе де, қазіргі саяси ахуалда шындыққа бір табан жақындау тұстарын да жоққа шығара алмаймыз. Қисынды ойлары да бар. Сәл шегініс жасасақ, отыз жыл басқарған ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мұрагері етіп, Тоқаевты таңдады. Бұл шешім қазақ элитасының бәріне бірдей ұнамағаны да түсінікті жайт. Өкінішке қарай, бұған көндіккісі келмегендердің әрекеті қанды қаңтарға әкеп соқты. Бұл элита ішіндегі сызатты сырт көзге бадырайтып көрсетті. Жеме-жемге келгенде ҰҚШҰ көмегімен Тоқаев билігін сақтап қалды.
Енді сол ҰҚШҰ-ның бас хатшылығында отырған Тасмағамбетов Ақорданы қатты алаңдата бастағаны байқалады. Бұл жерде Тасмағамбетовтің жеке тұлғасында тұрған дәнеңе жоқ. Бар гәп – оның амбициясында ғана емес, қолдаушысында. Тасмағамбетовты «ел жадынан ұмытыла бастады» деп тоқмейілсуге тым ертерек. Қазақта: «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген тәмсіл бар. Тасмағамбетовтің тоқпағы мықты. Ол – Кремльдің өзі. Бір кездері қазақстандық олимптен аластатылып, зейнетке кеткен Тасмағамбетовті саясат сахнасына қайта шығарып отырған күш әсте осал емес.
Тоқаев ығына көне қоймаса, Ресей баспасөзі оның орнын баса алатын «орысшыл» Тасмағамбетов бар екенін айтып, Ақорданы қорқытып-үркітіп жүргені бүгін ғана емес. Мұндай жағдайда Мәскеуді сабасына түсіруді көздеп жүрген Тоқаевқа Қытай мен Түркияның, қала берді, Батыстың қолдауы да ауадай қажет.
Тақ ойыны енді басталып келе ме, қалай...