21 Қыркүйек 14:41

СБЕР-мен меморандум: Тағы да «Еуразиялық үштіктің» құлағы қылтиды

Фото:

Америкалық Джон Перкинс дейтін жазушының «Экономикалық жаналғыштың  тәубеге келуі» («Исповедь экономического убийцы») дейтін кітабы бар. Бұл іс жүзінде Chas. T. Main дейтін америкалық компанияның дамушы елдердегі экономикалық кеңесшісі болып істеген автордың өмірбаяны.

Кітабында өзінің  бар жұмысы дамушы және артта қалған елдердің үкіметін инфрақұрылым жобаларын дамыту үшін америкалық қаржы ұйымдарынан несие алуға, ал сол несиені тағы сол америкалық компаниялардан техника мен технология алуға көндіру болғанын баяндайды.

Сбер компаниялар тобы мен Қазақстан үкіметінің арасындағы «Цифрлық трансформация жобаларын іске асыру, цифрландыру платформалық моделіне көшу және «Деректерге негізделген үкімет» тұжырымдамасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум дәл осы кітапта баяндалатын жағдайларды еріксіз еске түсіреді.

Меморандумға сәйкес, «Зерде» мемлекеттік холдингіне қарайтын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен Сбер Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен қарыз беру-қарыз алу туралы келісімге қол қойды. Яғни Сбер өзінің әлі шикі, шалажансар дүниесін сату үшін бізге рубльмен несие бермек!

Фото: ғаламтордан.

Несиенің нақты сомасы көрсетілмеген, бірақ ол 500 млн АҚШ долларынан кем болмайды деген дерек бар. Басқаша айтқанда, әйелдікке алатын қызының қалыңмалына төлейтін ақшаны қайынжұртынан қарызға алған әпербақанның тірлігіне ұқсайды. Осыдан кейін министр Бағдат Мусин айтқандай, біз әлгі платформаның нағыз қожасы болатынымызға, ресейліктерден бәрін талап ете алатынымызға сеніп көріңіз!

Меморандумның ішінде Сбер ұсынатын технологиясын сублицензияға беретіні туралы жазылған. Ал сублицензия дегеннің жалпы анықтамасы бойынша сублицензияға ие болған тараптың (бұл жерде Қазақстан Республикасы) құқығы шектеулі болатыны туралы тайға таңба басқандай етіп жазылған. 

Меморандум біраз нәрсенің мән-жайын әшкереледі. Сбер компаниялар тобының стартегиялық әріптесі ретінде «BTS Digital» компаниясы мақұлданған. Ал бұл компания әйгілі Еуразиялық үштік – Машкевич, Шодиев, Ибрагимов дейтін миллиардерлерге тиесілі ERG компаниясының еншілес мекемесі.

Енді қараңыз, құны жарты миллиард доллардан кем түспейтін цифрландыру жобасын сол күйі іске асыра алмаған, инвесторлардың үмітін ақтай алмаған, e-өтініш секілді шалажансар өнім жасаудан аспаған, ал кей жобаларын IT саласының мамандары ресейлік дайын бағдарламаның көшірмесі деп бағалайтын компания жүзеге асырмақ!

Қисық қисындарымен елді шулатқан жаңа мамандықар атласы да дәл осы «BTS Digital» қабырғасында жасалған. Айтпақшы, бұл даулы жобаны жасауға қазынаның қанша қаржысы кеткені туралы сұраққа бұл компания сол күйі жауап бермеді.

Былтыр бар өтінішке жауап бере алмай «құлап қалған», 42 500 теңгені алуға арналған сайт та осы компанияның «өнімі» көрінеді.  Жасаған өнімдері кең қолданысқа ие болмаса да, тіпті проблема туса да, бұл cloud computing, big data, AI салаларындағы «ең мықты» IT-компаниямыз секілді. Енді осы компания сіз бен біздің салығымызға велосипедті қайтадан ойлап таппақшы! Неге? Бұл сұрақтың жауабын осы компанияның түпкі қожайындарынан іздеу керек секілді.

Фото: Компанияның әлеуметтік желідегі парақшасынан.

Меморандумда көрсетілген «BTS Digital»-дың 40 пайыз үлесі мемлекетке тиесілі деген сөзге күмән бар. Өйткені қазбалай келсеңіз, оның құрылтайшыларының бәрі жекеменшік. Осы жерде тағы бір сауал туады: Неге несиені, оны қайтарумен байланысты тәуекелдің бәрін мемлекет мойнына алады? Жекеменшік компания ондай міндеттемеден ада болса, бұл жұмысты мемлекеттік органдарға, мысалы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на неге бермеске?

Ең қызығы «BTS Digital»-дың өзі де осы жобаға қатысы барынан көптің хабардар болғанын қаламайтын секілді көрінеді. Әйтпесе бұған дейін штаттағы қызметкерлерінің санын 50 пайызға қысқартып, ілдебайлап күн көрген компания мынандай батпанқұйрықтан кейін қуаныштан жарыла жаздап, жаһанға жар салуы керек еді. Олай болмай шықты. Бұл компания өзінің сайтында да, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында да осындай мемлекеттік деңгейдегі ірі жобаға қатысушы болғаны туралы бір ауыз тіс жармағаны да таңданарлық!

Тіпті осы компанияның бір бөліміне жетекшілік ететін Саясат Нұрбек те осындай маңызды дүние туралы әлеуметтік желіде ой қозғап, пікір жазуға тәуекел ете алмады. Есесіне, «BTS Digital» жобаларымен тығыз байланысты Тимур Бектұр министр Бағдат Мусинге оппонент ретінде Ұлттық арнада теледебатқа қатысады. Бір жобаға жегілгендердің өздері жасайтын жобаны сынағанды қайдан көрдіңіз?  Нағыз симуляция осы емес пе?

Осы жерде  «BTS Digital»-дың түпкі иесі – ERG компаниясына, дәлірек айтқанда, оның иелерне мұның не үшін керек болғанына назар аудару керек. Өйткені бұл компания соңғы жылдары интернеттегі, әлеуметтік желідегі мемлекеттік саясатты насихаттауды желеу етіп, қазынаның қыруар қаржысына түрлі жобалар жасауға білек сыбана кірісіп кетті.

С.Нұрбек. Фото: weproject.media

Интернеттегі аузы дуалы блогердің бәрін қанатының астына алған, бұл салаға бөлінетін қаржының операторына айналған, іс жүзінде блогосфера мен интернетті бақылауына алуға ұмтылатын  Salem Social Media дейтін алпауыт та осы компанияға қарайды. Бұл компания тіпті қазақстандық жеке әлеуметтік желі жасауға да талпынып жүр. Енді электронды үкімет, цифрлы Қазақстан жобалары әлгі Машкевич, Шодиев, Ибрагимовтардың қолына түсті деп есептей беріңіз.

Осы жерде бір шегініс жасайық. Сбер, оның ар жағындағы Кремль Қазақстандағы цифрлы революцияны өзге емес, өздерінің жасағанын баяғыдан жоспарлағаны анық. Бір дерек бойынша 2019 жылы Мәскеуде Сбердің ұйымдастыруымен өткен киберқауіпсіздік жөніндегі халықаралық конгресс кезінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Сбердің басшысы Герман Грефпен жеке кездесіп, электронды үкімет мәселесін талқылаған көрінеді.

Г.Греф пен Қ.Келімбетов. Фото: lsm.kz

Былтырдан бері қосымша стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып жүрген Қайрат Келімбетовтің ERG компаниясының иелерімен тығыз қарым-қатынаста екенін біраз ел жақсы біледі. Теңгенің девальвацияға түскенін «түнде әлдекімдерден естіген» бейқамдығы  болмаса, өмір бойы қаржы саласында жүрген Қайрат Нематұлы пайданың иісін жақсы сезері анық.

Тоқетері, Сбермен арадағы меморандумның жария болғаны елдің көкейіндегі күмәнді сейілтпеді, керісінше, қоюлата түсті. Қазақстан туралы ақпарат, деректер базасының империалистік пиғылын жасырмайтын көрші елдің қолына басы бүтін өтетіні аздай, бұл жұмысқа Қазақстан тарапынан тартылатын компанияның иелері «біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыптының» керімен өзінше ойын бастауы әбден мүмкін ғой...

Әділ Ұзақбай, Алматы. 

Тегтер: