20 Қыркүйек 18:55

Мемлекеттік кепілдік. НЕГЕ СБЕР-ге төленетін ақша Үкіметтің «Бюджет туралы» заңды бұзуына әкеліп соқпақ?

Фото:

Сбербанк GovTech платформасын кредитке жасап береді. Ал қарызды қайтару бойынша Қазақстан мемлекеттік кепілдік бермек. Бұл біздің 16,6 триллион теңге үкіметтік қарызымызды қосымша 212 миллиард теңгеге ұлғайтатын болады.

«Бюджет туралы» заңда үкіметтік қарызға нақты шектеулер қойылған. Қазіргі шекті қарыз деңгейі 15,5 триллион болып бекітілген. Бірақ Үкімет ол лимиттен асып, үстіміздегі жылдың басында сыртқы қарыздарын 16,6 триллион теңгеге дейін жеткізді. Ал егер меморандум ары қарай толыққанды жүзеге асып, СБЕР-мен келісім жасалса, үкіметтің қарызы тағы кем дегенде 212 миллиард теңгеге ұлғаюы мүмкін. Бұл – 500 миллион долларлық негізгі қарызы ғана. Кредит болғандықтан, үстіне міндетті түрде сыйақы проценттері қосылатын болады.

«Ресейде Орталық Банктің базалық ставкасы қазір 6,75 пайыз», – дейді қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. «Рубль бағамы өзгермесе, біз алғашқы жылдың өзінде 212 миллиард теңгенің үстінен 1,43 миллиард теңге процент төлейтін боламыз».

«Сбербанктің біздің тарапқа несие беруі экспорттық-импорттық операциялар кезінде болатын қалыпты жағдай. Әр ел өз экспортын күшейтуге мүдделі. Сондықтан тауарлар мен қызметтерді экспорттау кезінде қаржыландырудың осы әдісі де қолданылады», – деп түсіндіреді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Бірақ неліктен Сберді таңдағаны түсініксіз. Неге ашық және түсінікті критерийлері бар халықаралық байқау ұйымдастырылмады?»

«Қазір блокчейн платформалары әртүрлі IT-жүйелер мен деректерді өңдеу базаларын оңай интеграциялайды. Мысалы, халықаралық «Цифрлық көлік дәлізі» жобасы қазір белсенді түрде жүзеге асырылуда. Онда түрлі елдерден, түрлі тілдерден, мүлде бөлек базалардан келетін мәліметтерді блокчейн еш қиналмай біріктіріп отыр. Біз мысалы, жерді, әсіресе, шекараға жақын жерлерді сатудың ертең қауіп туғызатынын түсініп, оған қарсы заң қабылдап отырмыз. Ал дәл осы кезде, өзіміз туралы барлық ішкі ақпаратты басқа елге ұстата салуға дайынбыз. Мұндай тірлігіміз көптеген сұрақ туғызады»

«BTS Digital-дың соңғы алты ай бойы үнсіз отырғаны таңқаларлық», – деп жазады экономист Олжас Құдайбергенов.

«Олардың меморандумға серіктес ретінде қатысуы осы құжатты дайындаудағы тым белсенді рөлін көрсетеді. Тіпті Сбердің қатысуымен осындай жобаны бастауға өздері мұрындық болуы мүмкін»

Қазақстанның сыртқы қарызын бақылау, ауыздықтау мен азайту мәселесі күннен-күнге ушығып бара жатыр. Сыртқы қарыз көлемі 163,4 миллиард АҚШ долларына жетті және оның көлемі біздің Ұлттық қордағы қаржыдан үш есе асып түседі.

Оның ішінде ең қауіптісі – Үкіметтік қарыз. Соңғы жылы ол да өсіп, заң бойынша шектелген лимиттен асып кетті. Үкімет мемлекеттік кепілдіктерді оңды-солды бере берсе, қарыз бойынша өзі бекіткен лимитіне қайта оралуы өте қиын болмақ.  

Тегтер: