11 Қыркүйек 10:09

«Президентке ақшаны кілемге орап апарған». Машкевич пен оның достары тағы дауға шатылды

Фото:

Қазақстан үкіметінің 40% үлесі бар Eurasian Resources Group пен миллиардерлер Александр Машкевич, Патох Шодиев және бақилық болған Алиджан Ибрагимовтың мұрагерлері тағы да дауға шатылды. Бұл жолы алыстағы Латын Америкасында...

«Выход к морю» деп аталатын телеграм-канал әйгілі үштікке қатысты қызық зерттеу жариялады. Бұл Nege.kz оқырмандарына да қызықты болар деген оймен материалды аударып, порталымызда жариялауды жөн санадық.

Гватемаладағы шатақ

Гватемала прокуратурасының болжауынша, әлдебір «ресейлік топ» елдегі ең ірі порт Санто-Томас-де-Кастильяда жаңа терминал салуға президент Алехандро Жамматтейдің разылығын алу үшін оған пара берген. Олар қолма-қол ақшаны президентке кілемге орап апарған.

Гватемаланың жемқорлыққа қарсы күрес органы бұл істі жаздың алғашқы айында тергей бастағанымен, ведомствоның басшысы Хуан Франциско Сандовал іле-шала жұмыстан қуылып, артынша барлық дәлел құжаттарды қолтықтап елден қашқан. Қазір оның өзі «құпия деректерді жариялап жіберді» деген айыпқа ілігіпті. «Құпия дерек» дегеннің ішінде Гватемала президентіне пара бергендердің ісі болуы әбден мүмкін.

Біз осыған қатысты барлық маңызды деректерді жинадық, бұл шатақ іске қатысушылар туралы айтамыз және «Еуразиялық топ» пен Александр Машкевичтің рөлін айқындаймыз.

Мәселенің мәні

Гватемалалық Elperiodico басылымының жазуынша, қаңтардың ортасында швейцариялық компания International Metal Supply (IMS) басшысы Марина Поцци Педулла Гватемаланың Ұлттық порт компаниясына өзінің еншілес құрылымын (IMS Atlantic Bulk Cargo) ұсынып, Пуэрто-Барриов қалашығындағы портқа жаңа терминал салатын үміткер ретінде таныстырады.

Екі айдан кейін IMS Atlantic Bulk Cargo Гватемаланың сауда реестрінде тіркеледі. Оның мекен жайы тау-кен өндірісімен айналысатын Mayaniquel SA компаниясының еншілесімен бірдей болып шығады. Фирманың заңды өкілі болып Андрей Антонов деген азамат тағайындалады. Әңгіме портта аумағы 150 мың шаршы метрден кем емес, құрылысы біткен соң жылына 5 млн тонна қатты әрі төкпелі материалдарды өткізе алатын терминал жөнінде болып отыр. Жобаның құны – 30 млн доллар.

Ал енді бұл компаниялардың Қазақстанға қандай қатысы бар? Жоғарыда сөз болған Марина Поцци Педулла Швейцарияда тіркелген тағы бір компания Telf AG-тың да басшысы екен. Бұл құрылым Eurasian Resources Group өнімдерінің сыртқы трейдері саналады. Ал Eurasian Resources Group өнімді Қазақстандағы жобалары «Шұбаркөл Көмір» және «Қазхромнан» алады.

Швейцарлық, гватемалалық және қазақстандық компаниялардың байланысы.

Яғни International Metal Supply компаниясы International Mineral Resources-пен байланысты. Соңғысы Eurasian Resources Group-қа тиесілі.

Гватемалалық журналистердің жазуынша, олар деректі Хуан Франциско Сандовалдан алған. Сәуір айының екінші жартысында Гватемаланың астанасына «ресейлік бизнесмендердің» делегациясы келіп түседі. Бұлар – портта құрлыс жүргізетін мердігерді таңдау туралы шешімге ықпал ету үшін келгендер.

Сандовалдың дерегінше, «қонақтар» өздерімен бірге кілемге орап көп ақша әкелген. Сыйлықты қызыл лентамен байлап, Гватемала президенті Алехандро Жамматтейдің резиденциясына апарған.

Кілемге оралған ақшаның көлемі белгісіз, оны өз көзімен көрген куәгер ресейліктердің бірінің оққағары болған. Ол тек кілемге оралған ақшаны ғана көрген.

Кілемге оралған ақша берілген соң бірнеше айдан кейін Антонов порт жерінің әр шаршы метрі үшін төленетін 4,5 долларды 1 долларға дейін азайтуды сұрайды. Журналистердің дерегінше, үкімет оның өтінішін орындаған.

Президентке пара берілгені туралы ақпарат тарап кеткен соң ұлттық компания Atlantic Bulk Cargo-мен келісімшарт жасасудан бас тартады. Алайда бұл туралы тек қыркүйектің басында ғана хабарлаған. Бұл кезде кілемге оралған ақшаға қатысты дау өршіп, прокуратура тергеуді бастаған болатын.

Қазақстандық дәрігер, екі күзетші және мәскеулік қыдырымпаз

Алғашқыда бұл дауды ресейлік Спутник V вакцинасын жеткізумен байланыстырғысы келген. Алайда кейін вакцинаның бұл іске түк қатысы жоқ екені, «қонақтардың» көздегені тау-кен өндірісі және логистикамен байланысты екені белгілі болды.

Elperiodico тілшілері дауға қалған делегация мүшелерінің аты-жөндерін және оларды Гватемаланың экономика министрі Роберто Антонио Малуф Моралес қабылдағанын анықтаған. Мұны кейін министрдің өзі мойындап, «олар еліміздің көркем жерлерін көруге келген» деп ақталыпты.

Сонымен, бизнесмендердің аты-жөні белгілі: Сергей Куваев, Алексей Прибытков, Наталья Любицкая, Қазақстан азаматы Александр Солоп, Александр Васяев және израильдік Джулиан Шокрон. Міне, Сандовалдың дерегінше, дәл осы адамдар ел президентіне кілемге орап ақша әкелген. Біз бұл азаматтардың кейбірінің жеке басын анықтадық, олар түрлі саланың адамдары болып шықты.

«Ресейлік делегациядағы» төртеу.

Тізімдегі алғашқы екеу Сергей Куваев пен Алексей Прибытков – мәскеулік, екеуі де «ЧОП Арсенал-99» ООО-да «аға күзетші» болып жұмыс істейді. Айлық жалақысы – 200 мың рубль. Куваев Мәскеудегі Солтүстік Измайлово ауданындағы «хрущевкалардың» бірінде тіркелген. Прибытковтың да тіркелген жері – Мәскеу түбіндегі бір аудандағы «хрущевкада». Бұл екеуі шетелге шығаратын төлқұжатты бір күнде алған: 2019 жылдың 24 сәуірінде.

«ЧОП Арсенал-99» бас директоры Александр Богачев «Еуразиялық банктің» ресейлік филиалында қауіпсіздік қызметкері болған. Банк қызметкері ретінде жылына 3,5 млн рубльден жоғары айлық төленіпті. Яғни «Арсенал-99» ERG-мен байланысты деуге негіз бар.

«Ресейлік делегациядағы» үшінші адам – Наталья Любицкая. Ашық ақпарат көздерінде оның «Строй Консалтинг» ООО директорының орынбасары, айлығы 200 мың рубль екені айтылған. Любицкая қызмет ететін компаниялардың «Еуразиялық үштікке» қандай қатысы барын анықтау мүмкін болмады, бірақ оның инстаграмы арқылы оның Гватемалаға барған «бизнесмендер тобында» болғанын анықтадық.

Н.Любицкаяның желідегі парақшасы.

Любицкаяның «ресейлік делегациядағы» рөлі қандай болғаны түсініксіз. Инстаграм парақшасына қарап, оның қыдыру мен көңіл көтеруді жақсы көретінін аңдауға болады. Бұл «қасиет» сәлемдеме апарып беруге жарап-ақ тұр.

Біз «бас терісін сыпырған» соңғы қатысушы – Қазақстан азаматы Александр Солоп. Оның командадағы орнын анықтауға Одноклассник желісіндегі аккаунты көмектесті. Солоп Алматыдағы  №4 жедел жәрдем стансасында фельдшер болып жұмыс істейді және саяхаттағанда жаны сүйеді.

Суреттеріне қарағанда, ол Eurasian Resources Group бизнес жасайтын экзотикалық елдерге саяхаттағанда дұрыс көреді.

Алматылық фельдшер А.Солоп.

Александр Солоптың жеке ұшақ жанында түскен суреттері болжамымызды бекіте түседі. Борт нөмірі М-АААL Gulfstream G650 ұшағы Алаксандр Машкевичке тиесілі.

Топ мүшелері түгелдей немесе олардың кейбірі Гватемалаға Машкевичтің ұшағымен жеткен болуы мүмкін.

Машкевичтің ұшағы Гватемала жеріне сәуірде ғана емес, соңғы айларда бірнеше мәрте қонған. Мұны джеттің ұшу дерегі дәлелдейді.

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Гватемала президентіне кілемге орап пара берген топтың кем дегенде үш мүшесінің Eurasian Resources Group-қа және оның орталық-америка елдеріндегі бизнес мүддесіне қатысы бар. Олар – мәскеулік екі күзетші мен Машкевичтің жеке ұшағымен қыдыратын алматылық фельдшер.

Жүрген жеріне шөп шықпайтын үштік

Бұл істің егжей-тегжейін көп ұзамай білеміз, Гватемала прокуратурасы істі тергеуді қыркүйекте ғана бастады. Алайда бұл істің кейіпкерлері жемқорлық дауына қалғаны бұл ғана емес. Мәселен, президент Алехандро Джамматтей бір кездері түрмеде жаппай қырғын жасағаны үшін отырып келген. Гватемаладағы жемқорлықты зерттеген БҰҰ комиссиясы жергілікті билікке «мафиялық коалиция» деген баға берген.

Ал Eurasian Resources Group және оның бенефециарлары әлем бойынша бастары әрдайым дауға қалып жүреді.

2013 жылы Ұлыбританияның ірі қаржылық қылмыстарды тергейтін басқармасы ENRC-ті «алаяқтық жасады, Африка елдері президенттеріне пара берді, 35 млн долларды заңсыз иеленді, тергеуге қажет құжаттарды қасақана жойды» деп айыптаған.

Ол кезде Конгд Демократиялық Республикасындағы мыс кенішін сатып алуға байланысты дау туындаған-ды. 2015 жылы Еуразиялық топтың конголық еншілесінің екі менеджерінің өлі денесі АҚШ-тағы отельдердің бірінен табылған. Сот істері әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мұның ішінде компаниялар мен оның қызметін зерттеген журналистерге қатысты қарсы арыздар да бар.

2015 жылы мамырда француздың күштік құрылымдары Патох Шодиевтің миллиардерлер түбегіндегі Villa Le Petit Rocher вилласына тінту жүргізді. Оған себеп – Елисей сарайындағы жемқорлық дауы. «Шодиев Бельгияда өзіне және екі әріптесі А.Машкевич пен А.Ибрагимовқа қатысты Бельгияда басталған тергеуге ықпал ету үшін сол кездегі президент Николя Саркозиге жақын адамдарға пара берді» деген күдікке ілінді.

2011 жылдың басында бельгиялық парламент қылмыстық кодекске өзгерту енгізіп, тергеумен келісімге келген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босататын заң қабылдады. Міне, осыдан кейін он бес жыл бойы алаяқтыққа қатысты тергелген іс жабылып, «еуразиялық үштік» Бельгия бюджетіне 23 млн еуро төлеп құтылды.

Француз және бельгиялық прокурорлардың болжамы бойынша, «еуразиялық үштіктің» ықпалымен Францияның сол кездегі президенті Николя Саркози және оның адамдары Бельгия заңын өзгертуге күш салған.

Тек 2019 жылы ғана Бельгияның парламенттік комиссиясы бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Редакциядан: Әлеуметтік желіде жарияланған бұл материалдың авторы көрсетілмеген. Бірақ дәлелдері қолмен қойғандай нақты әрі сенімді. Атышулы Машкевич пен оның командасы әлемнің қай түпкірінде жүрсе де, жұртты шулатып жүретініне және былығына Қазақстанды да қосақтап алатынына биліктің де, халықтың да еті өліп кеткендей... 

Тегтер: