11 Қазан 20:10
...

«САЛАФИЗМ ағымына тыйым салынуы мүмкін...» – ЗАҢ өзгерсе, ДІН өзгере ме?

Фото:
Парламент

Мәжілісінің депутаты Ермұрат БАПИ бүгін өткен мәжіліс отырысында исламдық-салафиттік діни ұйымдарға қатысты тағы да үкіметке сұрау жолдады. Алайда сұрауын оқып жатқан кезде оның микрофоны өшіп, дауысы естілмей қалды.

Өткен аптада депутат Е.Бапи және тағы екі мәжілісмен осы мәселе бойынша үкіметке сұрау жолдаған болатын және бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түскен. Бапидың бүгінгі сұрауы оқылып жатқан кезде Ермұрат Сейітқазыұлы сөзін аяқтамай жатып, микрофоны өшіп қалды.

Коллаж NEGE

«Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмыс, салт-дәстүріне жат салафизм сектасы мен жат идеологиялық ағымға қарсы үкімет тарапынан жасалған концепциялық бағдарламалар бар ма? Елдегі исламдық-діншілдік алауыздықтан туындайтын ұлттық қауіпсіздікке қарсы қатерге қарсы тұру мақсатында үкіметпен тиісті...», – деп айтып жатқанда депутаттың микрофоны өшірілді.

Ал Е.Бапидың сұрағына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВА Ермұрат Бапидың көтеріп отырған мәселесі өзекті екенін айтты.

«2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды орындау үшін соңғы бес жылда үш концептуалды құжат қолға алынды. Мемлекеттік саясаттың дін саласында орындалуы жөнінде тұжырымдама мен кешенді жоспар, сосын 2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизмге және радикализмге қарсы мемлекеттік бағдарлама болған. Атқарылған жұмыстарды тізбелеп айтып отырудың қажеті жоқ шығар. Бірақ өздеріңіз айтып отырған проблема үлкен проблема болып отыр», –деді Тамара Дүйсенова.

Т.Дүйсенова. Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Тамара Босымбекқызы депутаттың сұрауына жауап беру кезінде заңға екі мәселе бойынша өзгеріс енгізу керектігі туралы айтты.

«Өздеріңіздің ұсыныстарыңызбен бірге заңға өзгеріс енгізу керек деп отырмыз. Ондағы екі мәселе мемлекеттік зайырлық қағидаттарын нығайту және діни бірлестіктерді мемлекеттік реттеу мәселесін күшейту туралы өзгеріс енгізетін болсақ, бүгінгі жұмысымызды дұрыстауға болады деп ойлаймын», – деп жауап берді Т. Дүйсенова.

Алайда Геосаяси зерттеулер институтының директоры және Нұр-Мүбәрак университетінің профессоры Асылбек ІЗБАЙЫРОВ депутаттар көтерген мәселені «қолдан жасалған проблема, қоғамда ислам тұрғысынан мұсылмандардан келіп жатқан қауіп жоқ» деп есептейді.

А.Ізбайыров. Фото: ғаламтордан

«Бұл – қоғамды іштен бөлу. Депутаттардың үшеуі де діннен хабары жоқ адамдар. Егер үшеуінің діннен хабары бар болса, пікірталасқа шақырар едім. Бұл іске тек осы саланы білетін, қағидаттар мен ұстанымдарды білетін мамандар кірісуі керек. Ал егер қоғам алдында ұпай жинаймын немесе қоғамның бетін басқа жаққа бұрамын деген ойы болса, жақсылық емес», – дейді профессор.

Еске салсақ, өткен аптада діни ағымдардан келетін қауіп-қатер төңірегінде мәжілістің үш депутаты, олар Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса және Аманжол Әлтай үкіметке депутаттық сауал жолдаған.

Бізге жеткен бейресми дерекке қарағанда, алдағы уақытта «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға біршама өзгерту енгізіледі. Және бұл өзгертулерден соң кейбір діни ағымдардың жұмысына тыйым салынуы мүмкін. Олардың арасында салафизм де бар.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.

Тегтер: