30 Шілде 16:40
...

Отбасылық саясат мәселесі – әлеуметтік көмек берумен ғана шешілмейді

Отбасы
Фото: Ғаламтордан

Отбасыны шағын мемлекет ретінде қарастырсақ, қазақ халқы ең алдымен отбасындағы тәрбиеге, ұл-қызының сапалы, саналы ұрпақ болып өсуіне аса мән берген. Себебі, тәрбие – тал бесіктен деп бекер айтпаған.  Мұның артында баланың ең алғаш ана махаббатын сезініп, өмірдегі әр қадамында жауапкершілікті сезінуі жатыр. 

    Отбасының іргесі берік болса, қоғам да орнықты. Ал қоғам тұрақты болса, ел дамиды. Сондықтан отбасы саясаты – елдің ең маңызды тірегі. Қазақстанда бұрын-соңды тұтас отбасы тәрбиесінің жүгін атқарып келген ата-әже инстиуты неге әлсіреп қалды? Мұны жаңғыртуға не кедергі? Оны қолдауға бағытталған шаралар мемлекет тарапынан жүйелі сипат алып келе ме? Десе де, бұл тұрғыда шешімін таппаған мәселе баршылық. Халықтың әлеуметтік тұрмысы, бала туу көрсеткішінің өсуі, отбасының тұрақтылығы, әйелдердің құқықтық және экономикалық ахуалы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюі секілді түйткілдер отбасылық саясаттың өзегінде жатыр. «Әйел бұзылса – қоғам тозады, отбасы бұзылса – ұлт азып тынады» деген ел сөзі осы орайда ойландырады.

2023 жылғы ресми дерек Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асқанын растайды. Бұл – елдің демографиялық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,7 миллионға жуықтады. Бірақ мәселе тек сандық өсімде емес. Халықтың сапалық құрылымы мен әлеуметтік ахуалы жақсаруы үшін нақты отбасылық саясатты қолға алып, жүргізу қажет. Әсіресе еңбекке қабілетті жас отбасылар мен көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән беру керек. Себебі бала туу көрсеткіші соңғы жылдары аздап төмендей бастады. 2021 жылы әр әйелге шаққанда 3,32 бала келсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,01-ге дейін азайған. Ал 2025 жылға қарай болжам 2,95 шамасында. Бұл үрдіс жалғаса берсе, елдің табиғи өсімі тежелуі мүмкін.

       Қазақ «Бала – бауыр етің» дейді. Бірақ бүгінде көпбалалы отбасылардың тіршілігі оңай емес. Үкімет 2019 жылдан бастап оларды қолдауға бағытталған бірқатар әлеуметтік бастамаларды іске асырды. 2023 жылы жаңа Әлеуметтік кодекс қабылданып, бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы енгізілді. 2024 жылдың алғашқы жартысында бұл көмекті 90 мыңнан астам отбасы алып үлгерді. Дегенмен, бұл әлеуметтік көмек отбасының бар қажеттілігін жаппайды. Әсіресе баспана, балабақша, жұмыс орны және ауыл мен қала арасындағы өмір сапасындағы алшақтық айқын байқалады. «Қарны ашқан бала удай қатты жылайды» деп айтып кеткен халқымыз. Бала бақытты болу үшін, алдымен ата-ана алаңсыз өмір сүруі керек.

Бүгінгі отбасылардың тағы бір күрмеулі мәселесі – отбасылық зорлық-зомбылық. 2023 жылы елімізде тұрмыстық зорлық бойынша 12 мыңнан астам оқиға тіркелген. Бұл ресми тіркелгендері ғана. Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне кепіл беру – мемлекет үшін моральдық әрі құқықтық міндет саналады. Бүгінде 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 25-30 пайызға төмендету міндеті қойылған. Отбасы – қорқыныш пен қысымның емес, жан тыныштығының мекені болуы тиіс. 

Қоғамдағы алаңдатарлық тағы бір мәселе – ажырасу көрсеткішінің көбеюі. 2023 жылы тіркелген некелердің 37 пайызы ажырасумен аяқталған. Бұл әрбір үшінші отбасы тұрақсыз деген сөз. Жас отбасылардың көпшілігі қаржылық қиындыққа, тұрғын үй тапшылығына, жұмыссыздыққа тап болып, жауапкершілікті толық сезіне алмай отыр. Қоғамдық тәрбие, неке мен отбасы мәдениетін көтермей, бұл көрсеткішті азайту мүмкін емес. Ата бабамыз «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деп бекер айтпаған. Жас отбасыларды бастапқы жылдары қолдаудың нақты жолдарын ұсыну қажет.

Сондай-ақ әйелдердің қоғамдағы рөлі, экономикалық тәуелсіздігі де отбасылық саясаттың бір бөлігі. 2023 жылғы дерек бойынша Қазақстандағы әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 7,5 пайызға жуықтады, бұл ерлерге қарағанда едәуір жоғары. Әйелдердің кәсіпкерлікке, саясатқа, басқару саласына араласуы әлі де төмен. Үкімет 2025 жылға дейін шешім қабылдайтын лауазымдарда әйелдердің үлесін 25 пайызға жеткізу міндетін қойып отыр. Бұл мақсатқа жету – әйелдің экономикалық белсенділігін, сонымен бірге отбасындағы мәртебесін арттыруға ықпал етеді.

Отбасылық саясаттың тағы бір құрамдас бөлігі – әлеуметтік инфрақұрылым. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық өте үлкен. Балабақша, мектеп, аурухана секілді маңызды мекемелердің жетіспеушілігі ауылдық отбасылардың өмір сапасына кері әсер етіп отыр. Баласын балабақшаға бере алмаған ананың жұмысқа орналасуы да қиын. Бұл – тұтас бір әлеуметтік тізбектің үзілуіне әкеледі. Сондықтан жаңа әлеуметтік нысандар салу, ауылды қолдау бағдарламаларын жандандыру – отбасыға салынған тікелей инвестиция.

Қорыта айтқанда, отбасы – қоғамның басты бөлігі. Елдің болашағы қоғамдағы әр индивидтің, әр отбасының қауіпсіздігі, бірлігі. Отбасылық саясат мәселесін қозғағанда жай әлеуметтік көмек берумен шектелмей, мұның ел экономикасы мен рухани дамуының кепілі ретінде қарастырған жөн. Бір сөзбен айтқанда, осы бағытта қолға алып, жүзеге асып жатқан әр шара науқандық емес, тұрақты әрі жүйелі саясатқа айналуы тиіс.