11 Қыркүйек 18:32

Рысбек Сәрсенбайұлы: Президентке «біріміз аспанда, екіншіміз жерде тұрып сөйлесе алмаймыз» деген

Фото:

Алаштың аймаңдай ұлы Алтынбек Сәрсенбайұлы аман болса, 12 қыркүйекте 58 жасқа толар еді. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры саяси тапсырыстың құрбаны болды. Одан бері де, міне, 14 жыл өте шығыпты. Бірақ оның «көзін жойдық» дегендер оңбай қателесті. Өйткені жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын Алтынбектің аты асқақтап барады. Неге? Себебі Алтынбек халқына адал еді, қазақтың бақуатты ел болуын аңсап, осы жолда аянбай күресті.

Біз бүгін редакциямызға Алтынбек Сәрсенбайұлының бауыры, белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлын шақырып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Алтынбек Сәрсенбайұлының демократия жолындағы табанды күресі жұрттың көз алдында өтті. Алтекеңнің қазасы халықтың қайғысына айналды. Бұл туралы аз жазылып, аз айтылған жоқ. Сондықтан бүгінгі әңгімемізді арыдан тарқатсақ, батырын аңсаған жұрт әманда ол туралы өздері білмейтін мәліметтерді естігісі, жаңа қырынан танығысы келеді ғой. Айтыңызшы, бала Алтынбек қандай еді?

– 2006 жылы Ақтау қаласына барғанымызда сол өңірдегі қарияның бірі: «Алтынбек — халықтың ұлы. Біз баламыздан, азаматымыздан  айырылдық. Бауыры болсаң да, сен бізге көңіл айт!» деп жасаураған көзін сүртіп еді. Қаралы оқиғадан бері он төрт жыл өтсе де, қайғының суық ызғары кеткен жоқ. Алтыкен халқын сүйді, халқының да оған деген сүйіспеншілігі зор.

Ауылда туып өскен Алтыкен, біз оны үнемі осылай атаймыз, ұяң мінезді, бұзып жарып кимелемейтін, ұстамды бала болды. Үй шаруасына қолғабысын тигізіп, сабағына дайындалып, ойнап та үлгеретін. Бәрін тыңғылықты атқаратын. Оқуда озаттар қатарында жүрді, суреті мектеп тақтасында тұратын. Кітаптардан оқығандарын, кинодан көргендерін айтып, достарын қызықтыратын. Үйге берілген тапсырмаларын орындауға көмектесетін. Қысқасы, қасында өзінің командасы жүретін. Солармен бірлесіп отын жарып, су тасып, ауланы, мал қораны тазалап, қар күреп, бар шаруаны тез бітіретін. Екі  айтқызбайтын, жалқауланбайтын. Сондықтан артындағы інілері Рымбек пен Жеңісбекке салмақ түспейтін. Біздер, аға-әкпелері ол жылдары көбіне сырттамыз. Анамыз Күліханның нағыз қолғанаты, көмекшісі   болып, біздің орнымызды басты. Оның көпбалалы отбасымыздағы барлық тіршілікті орайластыру, көмектесу, атқару міндеттері  өмірінің соңына дейін өзінің жеке еншісіне айналды. Біз Алтыкенге сендік. «Мемлекеттік қызметтен қолы босамайды, мазасын алмаңдар. Жеке шаруаларыңды өздерің істеңдер» деп әкеміз Сәрсенбай ескертіп отыратын.

Сарыжаз орта мектебінде оқыды. Күреске қатысты, футбол, волейбол ойнады. Кейін, министр кезінде де доп тепті. Тәп-тәуір ойыншы екенін журналистер, өздеріңіз көрдіңіздер.

Алтыкеннің төрт жастағы кезі. Үйдегі қонақтар кеткен соң ол дастарханда тұрған шампанның бөтелкесін екі қолымен көтеріп, стақанға құйды. Айналасына қарады. Оны қызық көріп, туыс ағайымыз «менің денсаулығым үшін  ішіп қойшы» деді. Ептеп ұрттап көрді де, аузын басып далаға тұра жүгірді. Жиіркеніп, түкіріп жатыр. Күлгендерге қарап, өзінің әбестігін сезініп, ұялып қалды. Беті қызарып кетті. Қызарғаны бір жұтым шампаннан емес, ұяттан екені анық енді.

Мен әскерде жүргенде хат жазатын. Байқамай қате жіберсе, онысын өзі үстінен түзетіп қоятын. Әріптерің ойқы-шойқы, әдемілеп жаз деп ақыл айта алмаймын, өз жазуым одан өткен. Бірақ сауаттылыққа талпынысын құптап, «өте жақсы деген бағаға оқы, інілеріңе үйрете бер, олар да хат жазсын» дегенмін. Келесі хатында бес жастағы ініміздің қолының бес саусағының суретін ақ қағазға түсіріп, қоса жолдапты. Хат жаздырған түрінен айналдым!

Бала кезінен бәріміз жақсы көрдік. Тәтті қылықтарын қызықтадық, жақсы істеріне сүйсіндік. Ерекше еді ғой!           

– Бір ата-анадан туып, бір үйде өскенімен, бауырлар арасындағы байланыс мінез-құлықтарына қарай әртүрлі болатынын көріп жүрміз. Біреулер ағалы-інілі деңгейінде ғана араласады. Біреулер бауыр әрі дос та болуы мүмкін. Сіздер қандай едіңіздер?

– Біздің жасымызда он бір жыл айырма бар. «Рыс ағам бастықтың баласы, мен зейнеткердің баласымын» деп әзілдейтін. Алтыкен екеуміздің әлеуметтік «мәртебеміз» өзгешелеу еді. Ұлдың үлкені болған соң әке мен анадан кейінгі әулеттің бас иесі – менмін. Анамыз осыны барлық балаларының құлағына құйып қойған. Колхоз бастығы Сәрсенбай Байғұловтың атағы дүркіреп тұрған кез. Өзімізді тәртіпті ұстауға, ата-ананың атына кір келтірмеуге, ұятқа қалдырмай, жақсы жүруге тиіспіз. Олай болуы әрине, «арбаның алдыңғы доңғалағына», маған байланысты. Сондықтан жастары көп кіші іні-қарындастармен достықтан гөрі, ағалық, бауырлық қарым-қатынас орнықты. Оның үстіне мен олар есейгенге дейінгі уақытта және одан кейін де үйден тысқарыда – әскерде, оқуда, қызметте  жүрдім. Достардай сырласатын, құпияларды бөлісетін сәттер бізге бұйырмады. Есесіне кейін, Алтыкен Алматыда, Мәскеуде студент кезінде және журналистік, мемлекеттік қызметте жүргенінде адамдар, қоғам, ақпарат құралдары, журналистика туралы пікірлесіп, ой бөлісетінбіз. Көзқарастарымыз үйлесіп, бір-бірімізді толықтыратынбыз. Оның үкіметтегі қызметтеріне араласпайтынмын. Ақылдасқысы, ойындағысын айқындағысы келсе, өзі әңгіме бастайтын.

Біз – бір-бірін қадірлеген, сыйлаған, ешқашан ешнәрсесін аямаған, барын бөлісіп, жоғын түгендескен шынайы жанашыр ағалы-інілі бауыр болдық.     

– Алтекеңнің айтқыштығы, қазақы қалжыңға жүйріктігі туралы ел арасында әңгіме көп.  Ойыңызға түссе, ортаға салсаңыз?

– Әзіл-оспаққа шебер, аузы дуалы, түйреп те, күлдіріп те сөйлейтін Қалағаң – Қалтай Мұхаметжанов министр інісіне барып, өтініш жасапты. Бір жігітті айтулы газеттің бас редакторының орынбасарлығына ұсыныпты. «Екі орынбасары бар басылымға үшіншісінің не қажеті бар, Қалаға?» деп Алтыкен сатирик, драматург, жазушы ағасының сырын білмек болыпты. «Олардың біреуі ана атадан, екіншісі мына атадан, енді үшіншісін де түгендеп қойсақ, бәрі толығар еді» депті ұсыныс иесі қалайда сөзін өткізуге тырысып. Сонда Алтыкен мынандай сұрақ қойыпты: «Бәрін түгендеу үшін бес орынбасар керек шығар, есептен жаңылған жоқсыз ба?» «Жоқ» дейді соншама орынбасардың қажетсіздігін білетін, журнал, газет ұжымдарын басқарған Қалағаң. «Онда үш ауылдан үш орынбасар қойсақ, төре мен қожаны қалай шет қалдырамыз!» депті Алтыкен. Сөзден ұтылған өтініш иесі кешірім сұрап, күліп қоштасыпты.

2001 жылы қараша айында Ғалымжан Жақиянов әкімдік қызметтен босатылып, Павлодарға ұшады. Оны қарсы алуға біршама халық жиналады. Жергілікті жердегі  жандайшаптар ұшақты әуежайға қондырмайды. Бұл хабар Алтыкенге де жетеді. Сол арада президенттің өзі телефон соғып: «Ана досыңа айт, халықты дүрліктірмесін!» дейді. «Сіз алдымен ұшақты жерге қондыртыңыз, содан соң сөйлесейін. Біріміз аспанда, екіншіміз жерде тұрып сөйлесе алмаймыз», – депті Алтыкен.

Құрбыларымен, достарымен қатты қалжыңдасатын, әзілдері жарасатын. Балаларға телефонымды, мәшинемді  берейін, маған бала болшы деп қызықтыратын, еркелететін.    

– Ғұмырының соңғы кездерінде ашық әңгімелескен, сырласқан кезіңіз болды ма? Болса, Алтекеңнің қандай сөзі немесе пікірі есіңізде қалды?

– Қасіретті жылдың қаңтарының, қателеспесем, жиырма екісі күні біздің үйде қонақта болды. Асықпай жайланып, ұзақ отырдық.  Әртүрлі әңгімелер айтылды. Әрине, саясат тақырыбы көбірек қаузалды. Ресей Федерациясында жүргеніндегі екі елдің қарым-қатынас мәселелеріне, көңіліне түйгендеріне, Путиннен келуі ықтимал қауіп-қатерлерге байланысты айтқандары, өзінің жеке ойлары, келтірген мысалдары ешқашан ұмытылмайды.

«Кремль империяшылдық дертінен айыққан жоқ. Қазіргі президенті оны асқындыра түспесе, одан бас тартпайды. Бұл елде демократия орнықса, бізге пайдалы. Мемлекетімізді Қонаев секілді адал, таза адам басқармай, былыққа батқан біреулер билеп төстесе, тәуелсіздікті де жоғалтып аламыз. Көршілер өздеріне ыңғайлы адамды таңдайды, ішкі ісімізге кірісуден арланбайды. Міне, сондай жағдайда халықтың бірлігі керек».

Алтыкеннің бұл пікірлерінің растығын уақыттың өзі көрсетіп берді. Енді, алдағы уақытта қандай боларын кім білсін!?

Арасында Зәкеңді – Заманбек Нұрқаділовті еске алдық. Ол кісіге асқан зұлымдықпен жасалған қастандық туралы сөз еттік. Мен Алтыкеннің қауіпсіздігі үшін қатты алаңдайтынымызды, бауырлары кезектесіп, қосымша көлікпен артыңнан жүрсек деген ойымды айттым. Оған көнбеді. «Аға, артымызда «салпаңқұлақтар» еріп жүр ғой. Сол да жетеді. Мен анау комсомол сияқты алды-артымнан шұбыртып жүргенді қаламаймын» деп әзілге бұрып жіберді. «Дегенмен солай жасайық. Сен қарсы болмашы» деп өтінішімді тағы қайталадым. «Қасымда Ұлан, Бауыржан, тағы біраз адамдар бар. «Салпаңқұлақтар» да қалмайды. Ешкім тиісе алмайды. Құдай сақтасын. Алаңдамаңыздаршы, аға!» деп кесіп айтты. Сол сөзіне көніп, өз дегенімді жасамағаныма, қапыда қалғанымызға өкінумен өмірім өтіп келеді.

– «Ұлт мемлекеттiң тiрегi болсын десек, қазақ халқы қала халқына айналуы керек. Сонда ғана қазақ тiлi мемлекеттiк тiл болады. Ауылда отырған қазақ халқы ешқашан қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл жасай алмайды. Саясат қалада жасалады...» деген еді, Алтекең бірде. Бүгінде қаладағы қазақтың саны әжептәуір артты. Бірақ мемлекеттік тілдің көркейіп-көктегені шамалы. Мұның себебі неде деп ойлайсыз. Әлде мен қателесіп отырмын ба?

– Мемлекеттік тілдің көңілдегі деңгейге жете қоймағаны рас. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда  өзгерістер бар. Қазақ тілді мектептер, ана тілімізде сөйлейтіндер көбейді. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз. Алдымен өзімізге, содан соң басқаларға тілді құрметтеу жөнінде талап қоймаймыз. Мекемелерде, қоғамдық орындарда тілге деген қажеттілікті тудыру қажет. Ал мұның бәрі сандық көрсеткішке, қалалық қазақтардың үлес салмағының артуына байланысты шешіледі.

Саясат шындығында да қалада жасалады. Сондықтан  кездесулерде, жиналыстарда, митингілерде мемлекет, қала басшыларына қойылатын талаптарды өз тілімізде жасасақ, шенеуніктер де соған бейімделеді, қалыптасады. Қазақ тілінде тыңдауға, сөйлеуге, жауап беруге мәжбүр болады. Астанадағы бас шенеуніктен бастап, бәрі мемлекеттік тілге еріксіз көшеді. Ойымды, айтарымды жұртқа түсінікті тілде жеткізейін деп, орысша сөйлеуге әуестенгіштерді ұнатпаймын. Аудиторияның басым бөлігі қазақ екеніне қарамастан, ана тілін біле тұрып, басқа елдің тілінде сөйлеу – өз  ұлтыңды сыйламау немесе оны кемсіту. Менің үнемі қазақша айтатыным содан. Басқа  тілге төселудің еш қиындығы жоқ. Саясатпен, кәсіппен, бизнеспен айналыс, айналыспа, бірақ қазақ екенсің – өзара қарым-қатынаста, қоғамда, жүрген ортаңда қазақшаңды алға шығар, кері ысырма. Сонда ғана мемлекеттік тіл көркейіп-көктейді.  

– Алтекеңнің  қазасынан кейін демократиялық күштер қожырап кетті. Кезінде «Алтынбектің досымыз», «Алтынбектің шәкіртіміз» дейтіндердің бірқатары бұрнағы ұстанымдарын «ұмытып», жанбақылық жолға ауысқанын көзіміз көріп жүр. Сіз Алтекеңе адал боп қалған серіктері деп кімдерді атар едіңіз? Не үшін олай ойлайсыз?

– Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеев, Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов Алтыкеннің мемлекеттік, қоғамдық-саяси жолында сапарлас болды. Олардың адалдығына күмән туғызарлық нәрсе жоқ. Адамның бәрі бірдей өмірбойы саясатпен айналыса бермейді. Алтыкеннің бұл достары мемлекеттің келешегі үшін жан аянбай күресті. Болат пен Ғалымжан қаншама қудалауға түсті, қолдан қылмыстық іс құрап, соттады, қуғындады, қоғамда өзгеріс жасауға мүмкіндік бермеді, халық та қозғалысқа келе қоймады. Алтыкенмен тізе қосқан оппозиция алаңындағы журналистер  Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бапи талай теперіштен өтті, әлі де бағыттарынан қайтқан емес. Алтыкеннің мына сөзін еске алайықшы:

«Авторитарлық мемлекетте демократиялық идеал үшін күресудің өзі – үлкен қажыр-қайратты талап ететін азапты жұмыс. Бұлай ету арқылы тек өзіңді ғана емес, туған-туыстарының өмірі мен тағдырын қатерге байлап бересің. Бұған қоса, ұзақ жылдар бойы күрескен жандар моральдық және физикалық тұрғыдан қалжырауы мүмкін. Осындай ауыр кезеңде, түрлі жағдайлардың кесірінен әлдекімдер оппозиция қатарынан кетіп жатса, оларға түсіністікпен қарап, атқарған жұмысы үшін алғыс айтуға тиіспіз».

Алтыкеннің достары арасында Серғазы Мұхтарбек, Еркін Қыдыр, Сағатбек Медеубекұлы, Шәмшидин Паттев сияқты және басқа да жігіттердің ниеті мен тілегі сол баяғыдай қалыпта. Күнкөрістің қамы, қарынның тоқтығы үшін бұрынғы ұстанымдарын өзгертіп, қоғамда ақылгөйсуге көшкендер, қазіргі биліктің диірменіне су құйып жүргендер болса, оған не шара.  

– Әу баста Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тапсырыс берді делінген Ержан Өтембаев 2018 жылы қайтыс болды. Ал 2013 жылы Қазақстанның Бас прокуратурасы «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп мәлімдегенін білеміз. Қазір Рахат Әлиев те жоқ. Осы жағдайлар шынайы тапсырыс берушінің кім екенін бұлыңғырлатып жібергендей көрінбей ме?

– Жоқ. Бұл қайта тасада тұрған, көлеңкесі зор тапсырыс берушінің кім екендігін одан әрі айқындауға жақсы дәлел болды. Біресе Өтембаевты, біресе Әлиевті желкелеп апарып, қарауылға байлап, құрбандыққа шалу тек бір адамның ғана қолынан келетіні және түсінікті. Оның кім екенін халық біледі, біз білеміз. Әлиев пен Мұсаевқа қатысты қозғалған істі аяқсыз қалдыру арқылы саяси террорды ұйымдастырушыларды, қанды қол қарақшыларды жасырып қаламыз, сол арқылы негізгі тапсырыс немесе бұйрық берушіні әшкерелеуден сақтаймыз дегендер қатты қателеседі.

Бір сәт Алтекең аман, Алаштың ортасында деп ойлап көрейікші. Қазақстанды қалай елестетесіз?

– Дәл қазіргі жағдайда, Қазақстандағы қоғамдық ахуал Хабаровскіден кем түспейтіндей бұрқ-сарқ қайнап, Беларустағыдай нөпір халық еңсесін көтеріп, өз таңдауын жасап, иін тіресіп тұрар еді. Саяси өзгерістер қолға алынып, тарақандар тырағайлап қашып, жемқор, сатқын биліктің күні бітер еді. Бұл жәй қиял емес. Мен білетін Алтыкеннің табандылықпен жүзеге асырар қажырлы, ақылды күресінің  нәтижесі басқаша болмас еді.

Саяси-қоғамдық жұмыстармен, оның ішінде жазықсыз істі болғандарды немесе әділетсіздіктің құрбанына айналғандарды қорғаумен жүрсіз. Қытайдан келіп жұмыс істеп жатқандар жерлесімізді ұрып, басынғанда Қызылағаштың бес жігіті олардың сазайын тартқызды. Бесеуін бірдей батыр санап, намысымызды қорғағандар түрмеге қамалмасын, бостандыққа шығарылсын деп араша түстіңіз. Бірқауым жұрт қолдап, бәрін қапастан шығаруға жәрдемдестіңіз. Сол үшін тіпті өз баспанаңызды кепілге қойғанызды да білеміз. Енді Еңбекшіқазақ ауданында қаскүнемдер қолынан қаза тапқан азаматтың мәселесімен шұғылданып жатырсыздар. Мұндағы жанкештіліктің сыры неде? «Алтынбектің бауыры» деген жауапкершіліктің жүгі ме, әлде өз ұстанымыңызға деген адалдық па?

– Алтыкен Тәуелсіз мемлекет, әділетті қоғам орнату үшін күресті. Сол жолда шахит болды. Армандары толық орындалмай, бізге аманатқа қалды. Қазалы, қаралы күндерде Алтыкеннің ісін шама-шарқым жеткенше, соңғы демім біткенше жалғастырамын деген серт бергенмін.  Ал оны орындау – міндет, парыз. Менің басқа мақсатым жоқ. Алтыкендей бола алмаймыз. Бірақ қол қусырып қарап отыруға елдегі жағдай көтермейді. Ешқандай жанкештілік емес мен үшін. Әрі жауапкершілік жүгі, әрі өз ұстанымымда тұру.

Тегтер: