17 Қараша 09:20
...

Тоқалдықты НЕГЕ заңдастырудың қажеті жоқ?

NEGE
Фото: NEGE

Жақында елімізде тоқалдықты заңдастыруға қатысты үлкен резонанс туды. Журналист Ербол Сейілханға сұхбат беруге келген мәжіліс депутаты Абзал Құспанның «тоқал алуды заңмен реттеу қажет» деген сөзі қоғам деңгейінде талқыланып кетті. Ел аузындағы бай-батпандар, блогерлер, тіпті мәжіліс депутаттарының кейбірі осы пікірді даттаса, басқасы қостады. Осы мәселенің жай-жапсарын білу үшін мамандардың сөздерін назарға алдық.

Алдымен депутат Абзал Құспанның пікіріне тоқталайық. Депутаттың айтуынша, бұл мәселеге моральдық тұрғыдан емес, құқық пен әлеуметтік қорғау тұрғысынан қарау қажет. Оның сөзінше, негізгі түйткіл – заңды некеде тұрмайтын ата-аналардан туған балалардың құқықтық жағдайы.

– Бала дүниеге келсе, демек, оның құқығы бар. Ал бұл құқықты қамтамасыз ету — тек анасы мен туыстарының емес, мемлекеттің де міндеті, – дейді Құспан.

Ал публицист Серік Рысжанов YouTube-тағы «AIRAN» каналына берген сұхбатында қазірдің өзінде Қазақстанда некесіз туған балалардың құқығы толық қорғалатынын атап өтті. Егер әкесі екені дәлелденсе, бала автоматты түрде әкесінің заңды мұрагері болып саналады.

Осы тұста «неге тоқалдықты заңдастыру, екінші әйелді ресми тіркеу мәселесі қайта-қайта көтеріледі?» деген сұрақ туындайды. Серік Рысжановтың айтуынша, мұндай ұсыныстардың көбі әйелдерден шығады. Өйткені қазіргі заң бойынша ер адам баланы мойындағанымен, әйелдің өзі оның мүлкіне талап қоя алмайды. Сондықтан кейбір әйелдер өз мәртебесін заңды түрде бекітуді жөн көреді.

Амандосұлы
Бағдат Амандосұлы. Фото: әлеуметтік желіден

 

Заң көп әйел алуды тікелей қолдамайды

Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, Конституция мен қолданыстағы отбасы заңнамасы көп әйел алуды тікелей қолдамайды.

— Әділеттілік және теңдік қағидаттары бойынша, егер гипотетикалық түрде көп жұбайлылық институтын енгізу қарастырылса, оны кемсітусіз, ерлі-зайыптылардың тең құқықтылығы негізінде құру талап етілер еді. Мұндай модельді жүзеге асыру отбасылық заңнамаға кешенді реформа жасауды қажет етеді — заң терминдері, анықтамалар, құқықтар мен міндеттер жаңа шынайылыққа бейімделіп қайта жазылуға тиіс. Егер Қазақстан тоқал алуды заң жүзінде мойындау туралы шешім қабылдаса, құқықтық жүйенің көптеген салаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тура келеді, — дейді Амандосұлы.

Осы орайда, заңгерден қазіргі кейбір жұптардың некені тіркемей, азаматтық неке деп бірге тұрып жатқындығы туралы сұраған едік.

– Қазіргі кезде некені тіркемей бірге тұратын жұптар жиі кездеседі, бұндай қауым тұрмыста «азаматтық неке» деп аталғанымен, заң бойынша олай бірге тұру ресми неке болып есептелмейді. Тиісінше, тіркелмеген жұбайлық қарым-қатынастан мүліктік, мұрагерлік, алименттік құқықтар туындамайды. Көп әйел алуды заңдастыру осы проблеманы толығымен шешпейді, керісінше «ресми жұбай» мен «тек бірге тұратын әйелдің» шекарасы одан сайын күңгірт болуы мүмкін. Бір еркек бірінші әйелін заңды некеге алып, кейінгісін ресми түрде некеге тұрғызбаса, бұрынғыдай бейресми «тоқалдар» институты жалғаса береді. Ал егер бірнеше әйелін де бірдей тіркеген күннің өзінде, қоғамда басқа формальды неке тіркеуді қаламайтын топтар бәрібір қалады. Сондықтан көпнекелікті енгізу некесіз бірге тұру құбылысын автоматты түрде азайтпайды. Керісінше, жаңа заң «кім ресми тіркелген жұбай, ал кім бейресми бірге тұрады» деген сұрақты күрделендіріп, әлеуметтік қатынастардың айқындылығын бұзуы ықтимал, — деп жауап берді заңгер.

Кишкенбаева
Эльнура Кишкенбаева. Фото: жеке мұрағатынан

 

Қоғамда жік пайда болуы ықтимал

Адвокат Эльнура Кишкенбаеваның айтуынша, мұндай заң күшіне енсе, Неке және отбасы кодексіне, Азаматтық кодекске, Мұрагерлік құқыққа, Әлеуметтік қамсыздандыру және Салық заңнамаларына ондаған түзету енгізу қажет болады. Бұл өз кезегінде құқықтық жүйеде бірізділіктің бұзылуына және әлеуметтік теңсіздіктің күшеюіне әкелуі мүмкін.

– Бір отбасындағы әйелдер мен балалардың материалдық және құқықтық жағдайы тең болмай, құқықтық даулар мен әлеуметтік әділетсіздік жиілейді. Мұндай құбылыс әйел мен баланың қоғамдағы мәртебесін төмендетіп, патриархалды қатынастарды күшейту қаупін тудырады. Қоғамда жік пайда болуы ықтимал: бір бөлігі бұл бастаманы дәстүр мен дін тұрғысынан қолдауы мүмкін, ал екінші бөлігі оны адам құқықтарына қайшы деп қабылдайды. Нәтижесінде қоғамның тұтастығына сызат түсіп, әлеуметтік поляризация күшейеді, – дейді адвокат.

Халықаралық беделге нұқсан келуі де ғажап емес.

– Қазақстан – БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенциясына және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді көздейтін өзге де халықаралық актілерге қосылған мемлекет. Сондықтан мұндай заң қабылданса, ол құжаттардағы гендерлік теңдік қағидаттарына қайшы келіп, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді, – дейді ол.

Төлеу
Темірлан Төлеу. Фото: жеке мұрағатынан

 

Әйелдің әлеуметтік рөлі әлсірейді

Әлеуметтанушы Темірлан Төлеудің пікірінше, көп әйел алуға рұқсат беру идеясы гендерлік тұрғыдан көптеген сұрақ туғызады. Ол бұл бастама ең әуелі әділдік мәселесін қозғайтынын айтады: егер тоқал алу заңдастырылса, онда полиандрия – бірнеше ер адаммен  некеде болуы туралы мәселе де сөзсіз көтеріледі.

Төлеудің айтуынша, көп әйел алу әйелдердің әлеуметтік рөлін әлсіретіп, оларды белгілі бір деңгейде тәуелді жағдайға түсіру қаупін арттырады. Мұндай үрдіс әсіресе жастар арасында гендерлік теңсіздікті күшейтіп, отбасы институтындағы тепе-теңдік пен өзара құрмет принциптерін бұзуы мүмкін. Ол бұл идеология жалпы неке мен отбасының маңызын төмендетіп, жауапкершілік деңгейін әлсірететінін де атап өтті. 

– Отбасының негізі серіктестік пен теңдікке, өзара сенім мен сыйластыққа құрылады. Көп әйел алу идеясы осы құндылықтармен үйлесе бермейді, – дейді әлеуметтанушы.

Кей адамдар тоқал алуды әйелдің бала көтере алмауымен немесе халық санын арттыру қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда маман демографиялық өсім маңызды болғанымен, халықтың саны ғана емес, сапасы да назарда болуы керегін айтады. Оның сөзінше, статистика бойынша Қазақстанда бір әйел орта есеппен үш бала дүниеге әкеледі – бұл халықаралық стандарт бойынша жақсы көрсеткіш.

Тек сандармен ойнау қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етпейді. Керісінше мұндай бастама неке институтындағы жауапкершілікті әлсіретіп, тұрақтылыққа кері әсер етуі ықтимал, — дейді Темірлан Төлеу.

Естеміров
Мұхаммеджан Естеміров. Фото: әлеуметтік желіден

 

Дін тұрғысынан ше? 

Имам Мұхаммеджан Естеміровтың айтуынша, шариғат бірнеше әйел алуға рұқсат бергенімен, оны міндеттемейді.

– Бұл – міндет емес, тек рұқсат. Яғни Алла тағала ер адамға төрт әйел алуды бұйырмаған, тек белгілі бір жағдайда, әділдік сақталған кезде ғана рұқсат етілетінін білдірген, – дейді имам.

Оның сөзінше, егер ер адам барлық әйеліне бірдей қарамаса, онда бір әйелмен шектелгені дұрыс екені Құранда да ескертіледі. Сондықтан дін тұрғысынан да бұл мәселені жеңіл-желпі қарауға болмайды. Көп әйел алу рұқсат етілгенімен, оны орындаудың шарты ауыр, жауапкершілігі жоғары.

Иә, қарап отырсақ, қоғамда бұл түйткілге байланысты түрлі көзқарас бар. Әркім өз түсінік пайымынша мәселенің күрделілігі мен маңыздылығын атап көрсетті. Қоғамның көздегені әйел мен ердің тең құқығын сақтау, отбасы институтын нығайту және жауапкершілік пен әділдікке негізделген құндылықтарды дәріптеу болуға тиіс.