Алматыда «Пионердің» тағдыры не болмақ?
Алматыда «Пионер» инклюзивті курортына қатысты дау қоғам назарын аударды.
Астана, NEGE. «Пионер» – елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларға кешенді оңалту қызметін көрсететін санаулы орталықтардың бірі. Мұнда сауықтыру және бейімделу спорт түрлері қамтылған. Ата-аналардың айтуынша, орталыққа кезек ұзақ, кейде жылдап күтеді. Сұраныс жоғары, орын аз. Әсіресе аутизм, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балалар үшін мұндай орталықтардың маңызы зор.
«Достар, біз бұрын-соңды болмаған цинизмге тап болдық. Аутизмі бар балаларды қолдаудың орнына – аспалы жол. Алматы әкімдігі мемлекеттік тапсырмаларды елемей отыр.
Бір айға жетпейтін уақыт бұрын мен Сенатта сөз сөйледім. Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев пен депутаттар атқарған жұмысымызға алғыс айтып, «Пионер» инклюзивті тау-шаңғы курортына қолдау білдіруге уәде берген еді. Қолымызда Премьер-Министрдің жобамызды Алматы тау кластеріне енгізу туралы тапсырмасы бар. Астанада бұл жобаны ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерді оңалту және қоғамға бейімдеу орталығы ретінде қарастырып отыр.
Алайда жоғары деңгейде осал топтарды қорғау үшін заңдарды өзгертуге дайын болған кезде, жергілікті әкімдік біздің жобаны сырттай тұсаулау әрекеттерін бастап кеткен.
2026 жылғы 27 сәуірде мен Алматы қаласы әкімдігінің қаулысын алдым. Құжатта «мемлекеттік қажеттілік» деген себеппен біздің жеріміздің шамамен 2 гектарын алып қою туралы айтылған. Бұл аумақ Алматы тау кластері үшін аспалы жол станцияларын салуға қажет делінген», – дейді қоғам белсендісі Жанат Қаратай Threads парақшасында.
Жанат Қаратай бұл шешіммен келіспейтінін және оны сотта даулауға ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар жоба инфрақұрылымдық жоспарлардың көлеңкесінде қалып отыр.
«Туризм басқармасы мен әкімдік темір-бетон тіректерді Қазақстандағы жалғыз инклюзивті тау-шаңғы курортынан маңызды деп шешкен. Біз өз курортымызды бермейміз. Жылдар бойы қалыптасқан, балаларға арналған алаң коммерциялық құрылысқа айналмауы керек. Мен халық қалаулыларына депутаттық сауал жолдап, Үкіметке хат жаздым. Заңгерлер бұл шешімді сот арқылы даулауға дайын», – деп атап өтті ол.
Ал Алматы қаласы әкімдігі «Курсив» ақпарат агенттігіне берген жауабында «Пионер» тау курортын жабу жоспарланып отыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
Әкімдік мәліметінше, курортты дамыту аясында инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет түрлерін кеңейту және қауіпсіздік деңгейін арттыру жоспарланған. Атап айтқанда, инженерлік желілер тарту, көтергіштер мен шаңғы трассаларын салу, жасанды қар жүйесін енгізу және қар көшкінінен қорғану құрылғыларын орнату көзделіп отыр.
Сондай-ақ ведомство өкілдері нысанның қазіргі инфрақұрылымы ескіргенін және заманауи талаптарға сай келмейтінін атап өтті.