28 Қараша 10:38
...

«Самұрық-Қазына» 122,2 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған

sk.kz
Фото: sk.kz

Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарындағы мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады.

Астана, NEGE. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қордың компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңгені, ал холдингтің компаниялар тобының шоғырландырылған таза пайдасы 2,4 трлн теңгені құрады.

«Қордағы корпоративтік басқару деңгейінің жеткіліксіздігі байқалды. Атап айтқанда, стратегиялық құжаттарды тиісінше әзірлемеу, жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері орын алған, холдингтің Даму жоспарының орындалуына бақылауды күшейту қажет», – деп атап өтті аудиторлық палата.

Холдингтің құрылымы тым күрделі күйге жеткен. Қор тобына 6 деңгейге бөлінген 326 компания кіреді. 2020-2024 жылдары Қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған. Бұл активтер құрылымын оңтайландырудың және оларды тиімді басқарудың маңызды әлеуетін көрсетеді.

Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауды түбегейлі күшейту қажет, себебі 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар;
  • 122,2 млрд теңге сомасында тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері анықталды;
  • 119 жүйелік кемшілік тіркелді.

Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал анықталған жекелеген бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.