24 Қараша 18:49
...

Нұрсұлтан Назарбаевтың «ұсталған» қайын ағасы кім?

Айдос Есполов
Фото: NEGE

Өткен сенбіде ҚазТАГ «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовтың ұсталғаны туралы хабарлағаннан кейін өзге БАҚ өкілдері бұл туралы жарыса жазып жатты. Ал Айдос Есполовтың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қайын аға болып келетінін дүйім жұрт жақсы біледі.

Айдос Есполов Нұрсұлтан Назарбаевтың тоқалы Әсел Құрманбаеваның туған бауыры. Ол «Еуразиялық технологиялық университеті» мен «Alatau Asset Management Company» компаниясының құрылтайшыларының бірі ретінде танылған. Дереккөздердің хабарлауынша, Есполовты екі күн бұрын Астанада  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстаған.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов «Астана ЭКСПО-2017» жобасында 2,2 млрд теңге пара алды және жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр», – делінген хабарламада.

Аталмыш ақпаратқа қатысты құзырлы органдар ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Nege.kz ресми сауал жолдады. 

Естеріңізде болса, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «ЭКСПО ісін» қайта қарауды талап етті. ЭКСПО құрылысына мемлекеттен бөлінген 565 млрд теңгенің 10 млрд теңгесі жымқырылған еді.

Айдос Есполов туралы не белгілі?

Айдос Есполов пен Әсел Құрманбаеваның әкесі – Тілектес Есполов. Ол ұзақ уақыт Қазақ ұлттық аграрлық университетінің (ҚазҰАУ) ректоры болған. Оның тұсында университеттің кейбір жер телімдері мен мүліктері, соның ішінде стадион, оқу корпустары мен жатақханалар жекенің қолына өтіп кеткені айтылады. Ректорлықта ұзақ уақыт отырған Тілектес Есполов 2005 жылы Медеу ауданында күйеу баласының (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) сайлауалды штабының басшысы қызметін атқарған.

Академиктің төрт баласы бар. Олар: Ақтоты, Айдос, Бектенбай Есполовтар және Әсел Құрманбаева. Әсел Құрманбаева 1999 жылы «Қазақстан аруы» конкурсына қатысқан кезде Исабаева деген текте еді, кейіннен шешесі Гүлбану Құрманбаеваның тегіне өткен.

Біздің бүгінгі тақырыбымызға академиктің «академик баласы» Айдос Есполов арқау болып отыр. Академик деуімізге себеп, ол 2020 жылы академик атағын алған және 2005 жылы докторлық қорғаған. Бірақ оның ғылымға қосқан үлесі жөнінде мәлімет аз. Интернетте Айдос Есполовтың екі ғана ғылыми мақаласын табуға болады: бірі 2004 жылы Ұлттық ғылым академиясы сайтында, екіншісі 2020 жылы Беларусь мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінің сайтында жарияланған.

Айдос Есполов әкесінің жолын қуып, Алматыда орналасқан Еуразиялық технологиялық университеттің жалғыз құрылтайшысы болды. Shishkin_like telegram-каналының дерегіне сүйенсек, Университет 2015 жылдан бері 1,3 млрд теңге салық төлеген, ал оның бес «еншілес» компаниясы жыл сайын бюджетке 133 млн теңгеден астам қаражат төлеген. Мемлекеттік сатып алулар шамамен 500 млн теңгеге жеткен.

Айдос Есполовтың тағы бір компаниясы – кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін «Alatau Asset Management Company» ЖШС. Бұл компания 2015 жылдан бері 137,5 млн теңге салық төлеген.

Оның қандай қызмет атқарғанына келетін болсақ, Orda.kz басылымы оның бір кездері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының корпоративтік даму департаментін басқарғанын жазады. Сонымен қатар, Атырау мұнай өңдеу зауытында коммерциялық директор болды және сенат аппараты жетекшісінің көмекшісі қызметін атқарды. 2006 жылы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметте бір жылға жетер-жетпей жұмыс істеді. Сондай-ақ ол «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі ретінде белгілі. 

ЭКСПО төңірегіндегі дау

Естеріңізде болса, «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Омаров халықаралық көрмеге дайындық кезінде бюджет қаражатын жымқыру оқиғасына қатысты өз нұсқасын журналистерге айтып берді. Сол кезде аса ірі мөлшерде қаражатты иемденді деген айыппен Мұрат Омаров 8 жылға сотталған еді. Омаровтың хабарлауынша, тергеу 2014 жылы сол кезде бірінші вице-премьер болып тұрған Бақытжан Сағынтаевтың Италияға іссапарынан кейін басталған.

«Сағынтаев дайындық деңгейінің төмен екенін көріп, қанша қаражат жұмсалғанын сұрады. Шамамен 15–20 миллиард еуро кеткені белгілі болды. Ол бұл қаражаттың көрінбейтініне наразы еді. Түсіндіргенде, «үшінші топты да отырғыздық, ұрлыққа қатысты сот процесі жүріп жатыр, бұл олардың қалыпты тәжірибесі» деп айтылды. Ол бұл әңгімені Назарбаевқа жеткізгенін де хабарлады. Сол кезде келесі кезек бізге келгенін түсіндім», – деді Омаров.

Оның айтуынша, кейін Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа тексеру жүргізуді тапсырған.

Омаровтың айтуынша, сол уақытта «ЭКСПО-2017» АҚ басшысы Талғат Ермегияевтің жанында кеңесші болып Айдос Есполов пайда болған. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың тоқалы Әсел Құрманбаеваның ағасы еді.

«Ермегияев маған бұл Назарбаевтың тапсырмасы екенін айтты. Сол кезде мен жаңа технологиялар бойынша басқарушы директор болып, кейін құрылыс бойынша орынбасар қызметін атқардым. Мердігерлер барлық мәселелерді Айдос Есполовпен шешетінін хабарлады», – деді Омаров.

Омаровтың айтуынша, мердігерлермен қаржылық мәселелерді тікелей Есполов реттесе де, іс бойынша оған ешқандай айып тағылмаған.

«Назарбаев ол кеңесші мердігерлермен жұмыс істейді, оған кедергі жасамаңдар деген. Біз де оған назар аударуды тоқтаттық, өйткені оның Назарбаевтан алған өз тапсырмалары барын түсіндік. Ол кеңсеге жиі келмейтін, сол себепті біз онымен көп байланыспадық. Ал ЭКСПО құрылысын қылмыстық іске айналдыру және оны барлық БАҚ-та, тіпті халықаралық деңгейде көрсету туралы шешім Назарбаевқа тиесілі болды», – деді Омаров.

Сот кезінде Есполов айыпталушы ретінде танылмаған. Тіпті, куә ретінде де шақырылмапты. Прокурор оның атын атауды әдейі талап етпеген. Бірақ басты куәгер ақшаның нақты соған арналғанын көрсеткен.

Еске сала кетейік, іс бойынша 23 адам тергелген. Ермегияев 14 жылға сотталып, қазіргі таңда жазасын өтеп жатыр.

Болат Назарбаевтың күйеу баласы

Айта кетерлігі, Айдос Есполов Нұрсұлтан Назарбаевтың тек қайын ағасы ғана емес, оның экс-күйеубаласы болып келеді. Олар бір-біріне қайынаға-күйеубала.

Айдос Есполов – Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира Назарбаеваның бұрынғы күйеуі. Оның Гүлмира Назарбаевамен ортақ Нұрболат есімді ұлы бар. Сонымен қатар ол Гүлмира Назарбаеваның алғашқы некесінен туған ұлы Нұрсайын Назарбаевты асырап алған. 

Айдос Есполов ажырасқан, қазір екінші отбасы бар. Әлеуметтік желіде оның Гүлмира Назарбаевадан кейінгі әйелімен түскен фотосы тарады. 

Айдос Есполов
Фото: Syrym Itkulov

Айдос Есполовтың ірі жемқорлық схемаларының артында тұрғаны айтылғанымен, ұзақ уақыт жауапқа тартылмай келген. Назарбаевтың қайынағасының ұсталғаны ресми түрде хабарланса, күрмеуі қиын түйіннің бір шеті тарқатылғандай болар еді.