11 Қаңтар 15:32

Президент: «Қазақстан халқына» – халықтың қоры

Фото:

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі депутаттары, министрлер кабинеті өкілдері, облыс және ірі мегаполис әкімдерімен бейнебайланыс арқылы жиын өткізді. Еліміздің жаңа Премьер-министрінің кандидатурасын ұсынған президентті депутаттар да бірауыздан қолдады. Осылайша, ҚР Премьер-министрі болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Бұдан кейін президент жаңа үкіметке саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды тапсырма жүктеді.

  «Өте бай адамдардың халыққа көмектесетін кезі келді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлемуеттік қорына тұрақты жарна аударатын ірі компаниялар тізімін бекітуді тапсырды.

«Бұл Президенттің немесе Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барлық қазақстандықтардың қоры, халықтың қоры. Ол әкімшіліктің немесе Үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді бақылау кеңесі құрылады, әділ жауапты басшыны тағайындалады, оның қызметінің толық ашықтығын, есептілігін және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет және жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қорға халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту да жоспарлануда.

«Бұл қорға лотореялық қызмет операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа монополистердің міндетті аударымдары түсіп отырады. Әрине, біз ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты, астын сызып айтайын, тұрақты аударымдарды күтеміз.

Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін кезі жетті деп санаймын.

Сондықтан Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Оған қоса, үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділет сезімін нығайта алатынына сенімдімін», – деп түйіндеді Қ. Тоқаев.

«Қазақстан халқына» қоры немен айналысады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоры немен айналысатынын айтты.

«Қазақстан халқына» атты қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсетеді. Шынында да, балалардың көпшілігі үшін емделу құны қолжетімсіз. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Біз мәдениетті қолдаймыз, Алматыға қайғылы қасіреттен айығуға көмектесеміз», – деді Президент мәжіліс отырысында.

Тоқаев жаңа қор қаражатынан қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетілетінін айтты.

 «Жастар бастамасына берілетін грант құны артады»

Жастардың бастамасына берілетін гранттар құны 400 АЕК-ке дейін артады.

«Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды. Үкіметке тиісті гранттардың мөлшерін 2 есе – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы.  

«Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңннан аттап кетуі мүмкін», – деді президент.

«Білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды.

«Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт болып табылады. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында.

Сондай-ақ, ол мұғалім тапшы өңірлерге үздік педагогтарды тартудың жаңа тәсілін ұсынды.

«Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім – мектептің жүрегі. Сондықтан мен мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтарды тартудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», –  деді Мемлекет басшысы.  

Арнайы құрылым қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі

Президент арнайы құрылым қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырды.

«Ішкі істер министрлігінде арнайы құрылым және ұлттық гвардия құрамының санын арттыру қажет. Сонымен қатар олардың дайындығын күшейту жұмысына да басым бағыт беріп, ішкі және арнайы құрылым, әскер, ұлттық гвардияны қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамту да маңызды. Одан бөлек арнайы құрылым қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында.

Бұған дейін Мемлекет басшысы отандық полицейлердің құқығын қорғау деңгейін көтеру керектігін айтқан еді.

2 ай ішінде халықтың табысы арта ма?

Президент Үкіметке 2 айдың ішінде халықтың табысын арттыру бағдарламасын дайындауды тапсырды.

«Жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың нақты санын анықтау керек. Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірге екі айдың ішінде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарлама әзірлеуді тасырамын. Үкіметке Әлеуметтік кодекстің уақытында қабылдануын қамтамасыз ету қажет», – деді Президент. Оның айтуына қарағанда, мемлекеттің әлеуметтік саясаты осы құжаттың аясында пандемия тәуекелдері мен қордаланған проблемаларды ескере отырып бейімделуі керек. «Әлеуметтік кодекс жаңа қоғамдық келісімнің негізгі элементіне айналуға тиіс», – деді Мемлекет басышсы Парламент Мәжілісінің отырысында.  

«Коронавируспен күресте босаңсымау керек»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкіметтің басты міндеттеріне тоқтала келе: «Бүкіл әлемде коронавирустың жаңа таралуы басталды. Қазақстанда аурудың күрт өсімі байқалып, тәулігіне 2 мыңға дейін жаңа жағдайлар тіркеліп жатыр.

Пандемияның бүкіл кезеңінде жұқтырғандар саны 1 миллионнаннан астам адамды құрады. Сондықтан да босаңсымау және коронавируспен күресте жалғастыру маңызды. Бұл да жаңа Үкіметтің басты міндеттерінің бірі», – деді Мәжіліс отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан Қазақстан Президенті.

Мақсұтбек Айтмағамбет, «Әкелер одағының» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚР Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:

Әуелі полицейдің халыққа деген көзқарасы дұрыс болсын

 – Ең алдымен мемлекеттік қауіпсіздігіне көңіл бөлу керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жөні түзу адамдар келуі керек. Бірінші – адамдар сенімін қайтару керек. Ең басты мәселе осы. Президент ҰҚШҰ мемлекеттері әскерлерін елден тезірек шығаратынын ашық айтты. Олар келді, көмектесті, алғыс айтамыз. Негізі біздің елімізге басқа мемлекеттің әскері кірмеуі керек. Мәселені өзіміз шешуіміз тиіс еді. Ал мемлекет арасында соғыс тұтанып кетсе не болар еді?

Осындай жағдай туғанда бөгде елдің әскерінің көмегіне жүгіне берсек, онда қаншама әскерилерді не үшін ұстап отырмыз? Қаншама қаржы жұмсалуда. Бұл талай жылдан айтылып келе жатыр. Осы салаға келген министрлер де реформа жасауға тырысты. Бірақ жүйе өзгерген жоқ.

Полицейлердің де жалақысы жақсы болуы керек. Олар да білімді, табанды болғаны абзал. Өкінішке қарай, бізде олай емес. Әуелі полицейдің халыққа деген көзқарасы дұрыс болсын. Кеше ереуілге шыққан жастар неге полицей қызметкерлеріне қарсы? Демек, оларға деген сенімсіздік бар, жек көреді. Не үшін жек көреді?

Көшеде қарапайым халықты тоқтатқан кезде неге әдепсіздік танытады? Неге «сен» деп кекірейеді? Сондықтан реформа ауадай қажет. Әрине, жемқорлықты да жою уақыт еншісінде. Ең маңыздысы, қауіпсіздік саласындағы ұйымдардың жағдайын жасау керек. Ал бәрінен де керегі – халықтың сенімі. Қазір сенбеген адамдар көше бастайды. Кешегінің өзінде шетелге кетіп жатқандар бар екен. Ертең білімді азаматтар отбасымен кетеді. Осы жағына көңіл бөлген абзал.

«Қазақстан халқына» қорын құрып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектескен дұрыс. Бұл жүйе жүзінде мәселені шешпейді. Балалар ауырса, халық бір-біріне қолдау білдіріп, ақша жинап жатады. Бұл дұрыс емес. Мұны мемлекет шешуі керек. Яғни, мұнымен мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. Оған ұлттық қордағы ақшаны неге жұмсамайды?

Екіншіден, медициналық сақтандыру не үшін? Біз мәселенің бергі жағына ғана үңіліп отырмыз. Ал бұл жерде астарына терең бойлаған жөн. Ертең қордағы жиналған ақшаның ұрланып, талан-таражға түспеуіне кім кепіл?  

P.S. Мемлекет басшысы Үкімет алдында әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Егер айтылған түйткілдер рет-ретімен дер кезінде орындалса, қоғамның әлеуметтік ахуалы төмен тобына әжептәуір көмек болар еді. Бұл енді жаңа үкіметтің қаншалықты жедел қимылдап, іс-әрекетте шапшаңдық танытуына байланысты болмақ.    

Тегтер: