11 Ақпан 07:49

Нығматулин Жамаубаевқа «азуларың жоқ» деп ұрысты

Фото:

Кеден одағына мүше елдер Кедендік қызметінің біріккен алқасын құрғаны мәлім. Оған қарасты 10 жұмыс тобы болса, соның тоғызына Ресейдің өкілдері жетекшілік етеді. Неге бұлай?

Бұл жайт Мәжілістің жаңа құрамына түрпідей тиіп отыр. Депутат Гүлдар Нұрымова Мәжіліс отырысында қаржы министрі Ерулан Жамаубаевқа осы мәселені қабырғасынан қойды. Қаржы министрінің «жағдай осы» деп мойындаудан басқа шарасы қалмады.

Е.Жамаубаев

«Тарихи түрде солай қалыптасқан. Кедендік қызметінің біріккен алқасының хатшылығы Мәскеуде орналасқан. Ол алқаның, хатшылықтың және жұмыс топтарының қызметін қамтамасыз етеді. Бірақ жұмыс топтарында барлық шешімдер ымыра арқылы қабылданады. Әр елдің дауысы болады. Он жылдан бері ешқандай мәселе туындаған емес», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин де наразылығын айтып қалды.

«Әңгіме ымыра емес, жұмыс тобы жайлы болып отыр. Хатшылықты қандай елдің өкілі басқарады? Кім? Тағы да Ресей Федерациясы ма? Аппарат дегеннің не екенін біз жақсы білеміз. Мұхтар Тілдабекұлы өткен шақырылымда үлкен жұмыс атқарды. Барлық интеграциялық құжаттарда біз амал-тәсілдерді өзгерттік. ТМД парламентаралық ассамблеясынан басқа бәрінің орны ауысты», – деді ол.

Шын мәнінде, бұл үлкен бетбұрыс болып отыр. Кеден одағы алғаш құрылғанда Қазақстан жағы ұлттық мүддесін қорғауда осалдық танытып келгені жасырын емес. Қолайымызға келмейтін құжаттар, экономикалық шарттар осының айқын дәлелі. Десе де, бұл туралы тек сарапшылармен, қоғам белсенділері сөз етіп келген. Ал билік органдары Кеден одағына ода айтудан аса алмаған-ды. Бүгін де бұл мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп отыр. Билік сөзден іске көшетін кез жетті деп ұйғарған секілді.

Кеден одағы елдері

«Онның тоғызына жетекшілік етеді. Депутаттар дұрыс мәселе көтеріп отыр. Бұған қатысты қандай да бір мәселе бар ма? Бұл – келіссөз барысындағы түйткілдер. Құжаттар дайындалып, келіссөз жүргіліп жатқанда, біз жақтан көліссөзге кілең азусыздар қатысады. «Тарихи» деу – министр айтатын сөз бе? Бұзыңдар! Бұл істі түзетіңдер!», – деп тапсырды спикер.

Бірқатар депутаттар мен саясаткер көтеріліп отырған мәселе туралы Nege.kz порталының сауалына мынадай пікір білдірді: 

Геннадий Шиповских, Мәжіліс депутаты:

Қолынан іс келмейтіндер орнын босатуы керек

– Келіссөздерге баратын адам тас-түйін дайындықпен баруы тиіс. Мәжіліс спикері осы мәселені қатты сынға алды. Расында да, біздің адамдар келіссөзге емес, жай ғана ел көріп, жер көріп, қыдырып келуге баратын сияқты. Сондықтан жұмыстың нәтижесі аздау болып тұр. Бұған жан-жақты, жауапкершілікпен қарау керек. Ал қолынан келмей жатқан мамандар орнын босатуы керек.

Дос Көшім, саясаткер:

Тең дәрежегі одақ болса, елдердің өкілеттілігі де тең болуы тиіс

– Тек қазақстандық емес, беларусь және басқа елдердің де сарапшылары Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресейдің басқаруына түскенін қадап айтып келеді. Бұлар тең дәрежелі елдердің одағы болмады. Пайыздық және басқа мәселелер бойынша да солай.

Мұндай бастаманы қолдаймын. Тең дәрежегі одақ болса, елдердің өкілеттілігі де тең болуы тиіс. Соңғы кездегі халық белсенділігінің ықпалы деп ойлаймын. Біраз кешіккеніміз рас. Биліктің, соның ішінде парламенттің кеш те болса, осы мәселені көтеріп отырғанына қуанамын.

Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:

Ішкі құрылымдарды еліміздің ұлттық мүддесіне сәйкестендіру қажет

– Негізі, бұрыннан келе жатқан мәселе. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин министрлікке тапсырма берді. Осы мәселеге жіті қарап, біздің еліміздің мүддесі қашанда алда тұру керек.

Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Ішкі құрылымдарын еліміздің ұлттық мүдделеріне сәйкестендіру қажет. Бұл – нақты жұмыс. Оны атқаратын – министрлер. Әрине, бұдан былай мұндай мәселелер жүйелі түрде көтеріліп тұратын болады.

Тегтер: