17 Ақпан 12:28

Назарбаев университетте «гуманитарлық соғыс солдаттары» не істеп жүр?

Фото:

9 ақпан күні порталымызда «Назарбаев университетте террористер мен шпиондар бар ма? Шигео Катсу сұрақтарымызға жауап берді» деп аталатын сұхбат жарияланды. Сол күні Шигео Катсуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған...

9 ақпан Шигео Катсудың туған күні екен. 70 жасқа толыпты. Ақорданың ресми сайты президент Қ.Тоқаевтың Шиего Катсуды мерейтойымен құттықтағанын, «Қазақстанның білім беру саласындағы көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтқанын» хабарлады.

Алайда сол күні кешке президенттің Шигео Катсуды қабылдағаны туралы ақпарат барлық жерден алынып тасталды. Ақорданың ресми сайтынан да, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің парақшасынан да өшірілді. Бұл Nege.kz порталында жарияланған материалға байланысты ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Фото: akorda.kz

Бұл жағдай Назарбаев Университет пен оның президенті Шигео Катсуға деген қызығушылығымызды одан әрі арттырды. Осылайша тілшіміз ашық ақпарат көздеріндегі деректерді тағы бір саралап шығып, көптеген жайттарға қанықты.

Шымылдық артындағы күбір-сыбыр

2012 жылы counterpunch.org сайты Қазақстанның білім саласына қатысты зерттеу жариялады. Онда былай дейді: «Шигео Катсу ондаған жыл бойы Дүниежүзілік банкте қызмет етті және карьерасын Батыс Африка мен Шығыс Азияда жасады. 2003 жылы ол Банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті болды. Назарбаев Университет басшылығына 2010 жылы ауысты.

Катсуды бұл қызметке Пенсильвания университетінің жоғарғы педагогокалық мектебі кеңесшілері ұсынған, ал олар жаңа университетті жобалауға ертеректе кірісіп кеткендер еді...»

А.Сәрінжіпов. Фото: ғаламтордан

Бұдан әрі зерттеуде Дүниежүзілік банктің тағы бір бұрынғы қызметкері Алан Рубидің Қазақстанның білім саласына қалай кіргенін, «Назарбаев қорын» басқаратын Аслан Сәрінжіповтің Назарбаев Университетке қатысын тізбелейді.

Экс-президенке қатысты қорлар мен оның басшыларына қатысты мәселе жеке зерттеуге сұранып-ақ тұр. Бірақ біз әзірге Назарбаев Университеттегі жекелеген адамдармен шектелеміз.

Назарбаев Университетте басшылық қызметте Дэвид Меркель және Деннис Де Трей деген лауазымды адамдар болды. Зерттеуде бұл екеуін Дүниежүзілік банктің бұрынғы қызметкерлері әрі АҚШ-тың қауіпсіздік саласына қатысы бар адамдар ретінде көрсетеді.

Де Трей 1983-2006 жылдары Дүниежүзілік банкте қызмет еткен. Орталық Американың тропикалық елдерінде, Доминикан Республикасында, Индонезияда банктің аймақтық директоры болған Де Трей күндердің-күнінде Қазақстаннан бір-ақ шығады.

Айтпақшы, Де Трейдің Индонезия диктаторы Сухаромен байланысы туралы да әңгіме көп. Ал Сухартоның 1965 жылы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы көмегімен мемлекеттік төңкеріс арқылы билікке келгені тарихтан белгілі.

Индонезиялық диктатор Сухарто. Фото: ЕРА

Қош, диктатор Сухарто 2008 жылы өліп қалды, ал Де Трейдің тропикалық Индонезиядан басталған ізі Ауғанстанның таулы шатқалдары мен Ирактың сусыған құмында көмескілене қалса да, Астананың қарлы көшелерінде сайрап жатты. Мұның себебін Де Трейдің бір кездері Шиего Катсумен банкте қызметтес болуымен байланыстыратындардың бір білгені болса керек.

Дэвид Меркель – жұмбақ адам. Ол тоқсаныншы жылдардың орта тұсында Ресейде жұмыс істеп, сайлау процестерін бақылапты.

2003 жылы Меркель АҚШ қаржы министрлігінің халықаралық мәселелер жөніндегі хатшысы көмекшісінің орынбасары болған. Одан кейін Еуропа және Еуразия бойынша Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің директоры, АҚШ мемлекеттік департаменті Еуропа және Еуразия мәселелері бойынша хатшысы көмекшісінің орынбасары болды. Бұл – Джорд Буштың билік құрып тұрған кезі.

«Де Трей мен Меркельдің Орталық Азияда және Қазақстанда ықпалы зор. Бұлар ешқашан жоғарғы білім саласында жұмыс істемесе де, Қазақстанның білім саласында қызмет атқарып жүр» деп жазды зерттеуде.

Тілшіміз Де Трей мен Меркельді Назарбаев Университеттен іздеп көрді. Алайда бұлар қазір университетте жоқ боп шықты. Миссиялары аяқталған болса керек, сірә.

Бұл қай Джеф?

Назарбаев Университетте әлгіндей түсініксіз адамдар басшылық қызметте болған соң шетелден келген әрбір оқытушыға күдікпен қарауға мәжбүрміз.

Мәселен Назарбаев Университетте Джеффри Карни деген нұсқаушы бар. Университет сайтында Д.Карни туралы бүй деп жазыпты: «Джеффри Карни ағылшын тілінен бакалавр дәрежесін Вассар коледжінде және шығармашылық жазу жөнінен магистр дәрежесін Иллинойс-Чикаго Университетінде алған. Отыз жыл ағылшын композициясынан, әдебиет, кино және шығармашылық жазу бойынша Иллинойс және Юта студенттеріне дәріс оқыды. Он жыл бойы ол Юта штатындағы Snow College репетиторлық орталығына жетекшілік етті. Оның «Майкл Маккинестің басынан өткендері» атты романы танымалдыққа ие болды. Джеффри 2019 жылы Назарбаев Университет жанындағы Жазу орталығы бағдарламасына қосылды».

Джеффри Карин. Фото: nu.edu.kz

Міне, бұл – Назарбаев Университет нұсқаушысы Джеффри Карнидің қызмет жолы.

Біз зерттеу барысында тағы бір Джеффри Карни туралы қызық дерек таптық. Бұл Д.Карни нағыздың өзі екен. АҚШ-тың бұрынғы барлаушысы, Шығыс Германияның пайдасына шпиондық жасаған, Штазидің ең үздік шпиондарының бірі. Ол Штазимен қоса КГБ-ға да қызмет етіп, түрлі марапаттар алған.

1991 жылы Карни ұсталып, құпия түрде АҚШ-қа жеткізілген. АҚШ-та сот оған 38 жыл түрме жазасын кесті. Он бір жылдан астам түрмеде отырған Карни 2002 жылы бостандыққа шықты.

Түрмеден босаған соң Джеффри Карни Германияға оралмақ болыпты. Алайда оны неміс билігі қабылдамай қойған. Кейбір деректерге қарағанда ол қазір Огайода тұрады.

2013 жылы Джеффри Карни «Барлық жауларға қарсы: Қырғи-қабақ соғыс дәуіріндегі Американың саяхаты» деген кітап шығарған.

Әйгілі шпион Джеффри Карни. Фото: newdocs.de

Нұсқаушы Джеффри Карни мен шпион Джеффри Карни бір-біріне қанша ұқсап тұрса да, жай ғана аттастар болуы мүмкін. Бірақ екеуінің де өмірбаяны қызықты. Екеуі де тегін адам емес. Екеуі де кітап жазады.

Сөз басында біз мысал еткен зерттеуде Дүниежүзілік банктен Назарбаев Университетке ауысқан шетелдіктерді «гуманитарлық соғыс солдаттары» деп атапты. Кім білсін, Мемлекет басшысына «солдаттардың» іс-әрекеті әдеттегідей кеш жетуі әбден мүмкін ғой...      

Тегтер: